Вернуться к списку статей

Грузия және Қазақстан – қас шеберлік пен қайсарлық додасы

Футбол
2K
Фото gff.ge сайтынан
Бүгін түнде Қазақстан ұлттық құрамасы Анталиядан Тбилисиге ойысты. Ертең, яғни 29 наурыз күні осы елдің футболшыларымен додаға түсіп, екінші жолдастық кездесуін өткізеді.

Грузия құрамасы: бабы ма, бағы ма шаппай жүрген?

Грузия құрамасы – азулы команда. Ашығын айтар болсақ, бағы жанбай жүрген құрамалардың бірі сияқты. Бәлкім, өз бапкерін әлі таппай жүрген де болар. Әлде саяси-қоғамдық, экономикалық-әлеуметтік жағдайлардың әсері ме, әйтеуір Грузия футболы өзіне лайықты деңгейде емес сияқты.

Бұлай дейтініміз, «Динамо» (Тбилиси) 1981 жылы төрткүл дүниені тәнті қылып, УЕФА кубоктары иегерлерінің кубогын жеңіп алған. КСРО чемпионатында екі мәрте чемпион атанып, бес рет күміс медаль еншіледі. 13 рет үшінші орынға ие болып, бұл жағынан, яғни қола медаль санынан Кеңес Одағы футболында рекорд жасаған. Тағысын тағы...

Осындай ерен жетістіктерге қол жеткізген, шежіресі бай елдің қазіргі футболшылары өздерінің ағаларының сол жоғары көрсеткіштерін қайталай да алмай келеді. Футбол жанкүйерлерінің ішіндегі егде буынның есінде болар, кезінде Грузия футболшылары «кеңес бразилиялықтары» деп те аталған.

Негізі, қазіргі ойыншылары да иекмсіз емес, теңбіл допты ұршықша үйірген жұлдыздары әлі де бар. Бірақ ұлттық құрама деңгейінде сол шоқ жұлдыздар бірігіп, маздап жана алмай келеді.

Бүгінде Грузия футболының кежегесі кейін тартып тұрғаны ФИФА-ның ұлттық құрамалар арасындағы рейтінгісінен де байқалады. Соңғы түзілген тізімде Грузия 122-орынды қанағат тұтып тұр. Ал Қазақстан – олардан үш саты төмен, яғни 125-орында (Реті келгенде айта кетейік, осыдан бір жарым тәулік бұрын түрік жерінде біздің футболшылардан 0:1 есебімен ұтылған Әзірбайжан құрамасы қазіргі рейтингте 112-орынды иеленіп тұр).

Қалай десек те, футбол әлеміне небір талантты да, жарық жұлдыздарымен мәшһүр Грузия құрамасы Еуропа чемпионатының да, әлем біріншілігінің де финалдық кезеңіне әлі шыға алмай келеді. Бәлкім, енді бақтары жанар. Себебі жақында осы елдің ұлттық құрамасына көпшілікке танымал, әсіресе қазақстандықтарға мейілінше таныс Владимир Вайсс бас бапкер болып бекітілді.

Тбилисиде төртінші рет додаға түсеміз


Данияр Кенжеханов

Қазақстан және Грузия ұлттық құрамалары бұған дейін үш рет ткездескен болатын. 2006 жылғы әлем чемпионатының електік додасында екеуі бір топқа түсіп, екі мәрте кездескен.

2005 жылы 17 тамыз күні Алматыда өткен ресми матчта Грузия құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Данияр Кенжеханов есеп ашқанымен, Георгий Деметрадзе Давид Лорияның қақпасына екі гол соғып, С.Тимофеевтің шәкірттерін жасытқан.

Сол жылы 8 қазанда Тбилисиде өткен матч 0:0 есебімен тең аяқталған. Давид Лория сол матчта Георгий Деметрадзеден есесін қайтарғандай болып, оның тағы да гол соғуына мүмкіндік бермей діңкелеткен. Тіпті грузин шабуылшысының 11-метрлік айып добын орындағандағы екі соққысын да тойтарған (әуелі пенальтиді, содан соң кері ұшқан допты қайыра тепкенде). Айтпақшы, осы екі ойында да Грузия құрамасының капитаны Кахи Каладзе болғанын да айта кетейік. Әрі Тбилисидегі матчта стадионға жанкүйерлер кіргізілмей, бұл ойын көрерменсіз өткен...

Үшінші рет Қазақстан және Грузия футболшылары 2013 жылы 14 тамызда Астанада кездескен. Бұл екі елдің ұлттық федерациясының келісімдерімен өткізілген жолдастық кездесу болатын. Аталған ойында біздің құрама 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Жалғыз голды Сергей Хижниченко соққан болатын.

Қазақ бапкерплері тазы болып шала ма, Вайсс айласын асыра ма?

Ертеңгі ойынның шектен тыс тартысты болары айдан анық. Талғат Байсуфинов пен Нүркен Мазбаев бастаған Қазақстан мамандары өздеріне берілген мүмкіндікті пайдаланып, әлеуеттері мен біліктіліктері шетелдік бапкерлерден кем емес екендігін дәлелдеуге тырысады.


Лория және Деметрадзе... Фото - np.kz
Әрі түрік топырағында Әзірбайжан құрамасын жеңіп, психологиялық тұрғыда жігерленіп, өздеріне деген сенімділіктерінің арта түскенін де теріске шығара алмаймыз.

Қазақстан құрамасы бұл жолы да қарсыластарының емін-еркін доп қабылдап, бейқам қимылдауларына мүмкіндік бермей, тұсаулап ұстауға тырысатын шығар. Әрі стандартты ойын жағдайларын ұтымды пайдаланып, кәдеге асыруға талпынулары тиіс.

Қазақстан құрамасының сүйенері – жігерлендіре білсе, жігіттердің жасымас жанкештіліктері мен қайтпас қайсарлықтары, құрама сапында ойнауды мәртебе тұтатын намысқойлықтары.

Ал Грузия құрамасының бас бапкері Владимир Вайсс қазақ футболын бес саусағындай жақсы біледі. Құрама сапындағы жігіттеріміздің барлығын дерлік таниды. Олардың қабілетері мен мүмкіндіктері де, артықшылықтары мен кемшіліктері де Словакия маманына таңсық емес.

Грузия құрамасының иек артары – футболшыларының техникалық шеберліктері, деңгейі жоғары шетелдік чемпионаттарда шыңдалған тәжірибелері. Сондай-ақ өз жанкүйерлерінің көз алдында жеңіліп қалмауға мейілінше тырысарлықтары да, айтпаса да түсінікті.

Сонымен қайсысы жеңеді? Қазақтың жас бапкерлері тазы болып шала ма, Словакияның сыралғы маманы айласын асыра ма? Әлде табан тірескен дүлей дода болып, екі команда тең түсе ме?.. 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика