Вернуться к списку статей

"Ордабасы" орағытып, "Тобыл" тазы болып шалды

Футбол
2K
Фото fc-tobol.kz сайтынан
Футболдан ХХV Қазақстан чемпионатының бірінші туры аяқталып, премьер-лигадағы үш ойын бүгін өтті. Үшеуінде де алаң иелері жеңіске жетті.

"Ақтөбенің" әуселесін көрдік... "Ордабасы" омақастырды

«Ақтөбе» Шымкентте жергілікті «Ордабасы» клубымен кездесіп, 1:3 есебімен ұтылды. Екінші тайм бел ортасыан ауғанда өзбек шабуылшысы Давлатов бір гол соғып есепті теңестірді. Әйтпесе, Ресей мамандары жетекшілік ететін «Ақтөбе» ірі есеппен ұтылып қалатын да ма еді?..

Ал «Ордабасы» бұл ойында жанкүйерлерін қуантып, жеңіске жетті. Құрамы да Қазақстан футболында ысылған тәжірибелі ойыншылармен жасақталған. Тіпті Әшірбеков, Абдулин, Тәжімбетов сынды көпшілікке танымал ойыншылар қосалқы құрам орындығында отырды. Ендеше, Оңтүстік Қазақстан облысы клубының сапында бәсекелестік жоғары болатын шығар.

«Ордабасы» (Шымкент) – «Ақтөбе» – 3:1

Голдар: Нұрғалиев, 34-пенальтиден (1:0). Юнузович, 45+2 (2:0). Нұрғалиев, 53 (3:0). Давлатов, 68 (3:1).

«Ордабасы»: Бойченко, Сүйінбаев, Диакате, Мұхтаров, Трайкович, Чатто (Бейсенов, 84), Касалица (Төлебек, 87), Симчевич, Нұрғалиев, Тұңғышбаев, Юнузович (Гейнрих 68).

«Ақтөбе»: Отарбаев, Қайыров, Куаджа, Ситдиков, Азовский, Смақов, Петролай, Бочаров, Крюков (Кәкімов, 84), Тотай (Давлатов, 46), Лисенков (Жалмұқан, 60).

Ерке Ертіс жағасында бір ғана гол соғылды

«Ертіс» өз алаңында «Оқжетпесті» қабылдап, қорғаушы Малый соққан жалқы голдың арқасында үш ұпай олжалады. Негізі, бұл ойында «Оқжетпес» жеңісті қолдан берген жоқ.

Таразы басын теңестіруі де, тіпті жеңісті «жұлып» әкетуі де мүмкін еді. Алайда сәті түспей қойды. Бірнеше қауіпті сәттерде допты қақпа ішіне енгізе алмай, пұшайман болды.

«Ертіс» (Павлодар) – «Оқжетпес» (Көкшетау) – 1:0

Гол: Малый, 41.

«Ертіс»: Лория, Ахметов, Кислицын, Малый, Гогуа, Жирсак, Фрейдгеймас, Фонсека, Джаллоу (Керла, 90), Херрера Фернандес (Гетериев, 74), Мұртазаев (Воменко, 83).

«Оқжетпес»: Бабаханов, Чертов, Чижов, Еоне, Волков, Нганбе, Мангуткин, Чичулин, Қожамберді (Молдақараев, 73), Хайруллин, Бөлешев (Алхазов, 73).

Огай мен Байсуфиновтің боранды күнгі тактикалары

«Тобыл» премьер-лигаға оралған «Ақжайықты» қабылдаған болатын. Астықты өлкеде ауа-райы күрт өзгеріп, боран соғып, күн суытып кетті.

Талғат Байсуфинов жаттықтыратын Орал клубы әу баста алаң иелерін тықсырып, сауатты ойнады. Бас бапкердің тапсырмасы жасыл алаңда ойдағыдай жүзеге асты.

Алайда екінші таймда «Ақжайық» өз қақпасына қарай шегінуге мәжбүр болды. «Тобыл» қарқынын үдетіп, қонақтарын титықтатты. Әрі алаң иелерінің сыралғы бас бапкері Дмитрий Огай тың ойыншыларды алаңға шығарып, шабуылды үдете түсті.

Білікті маманның тактикасы нәтиже беріп, Қостанай клубының тың ойыншысы қонақтарын қапы қалдырды. Ал Талғат Байсуфиновтің қарамағында дәл осылай ойын тағдырын шешіп кететін тәжірибелі ойыншы болған жоқ.

Жалпы, «Ақжайыққа» құрамын күшейтпесе қиындау болатын сияқты. Мысалы, бүгінгі ойында алаңға шыққан футболшыларының жартысынан көбі – былтыр бірінші лигада ойнаған жігіттер. Ал премьер-лигада әрбір шебін бір-екі ойыншымен нығайтып алмаса, азулы командалармен тайталасу оңай болмайды...

«Тобыл» (Қостанай) – «Ақжайық» (Орал) – 1:0

Гол: Дудченко, 70.

«Тобыл»: Логиновский, Мирошниченко, Дяк, Кассай, Н’Диайе (Дудченко, 68), Дмитренко, Шимкович (Джалилов, 88), Яворский, Досмағамбетов, Жұмасқалиев (Мухутдинов, 75), Розыбакиев.

«Ақжайық»: Калменов, Омаров, Абдрахманов, Шурыгин, Говедарица, Колуния, Коронель Ортиз, Николич, Валиуллин (Забродин, 70), Сергиенко (Антипов, 84), Хромцов (Гридин, 77).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика