Вернуться к списку статей

Астана футболының энциклопедиясы (У – Х)

Футбол
2K
2015 жылғы
Астана футболында қазір де өнеге тұтуға болатын игілікті істер көп-ақ. Өзіміз құрастырған қысқаша "энциклопедиямыздың" бүгінгі бөлігінде біз солардың бір-екеуіне тоқталып өтті. Мұны "У" және "Х" әріпітері аралығынан кездестіре аласыздар.  

У

Уәде

Астана футбол федерациясы былтыр уәдесінде тұрып, өткен маусымдағы «Оқушылар лигасының» жеңімпазын Түркияға жіберді. Яғни 2015 жылғы мектеп оқушылары арасындағы доп додасының жеңімпазы, атап айтқанда, №37 мектеп оқушылары Түркияның Анталия қаласына барып келді. Олар түрік жерінде тынығып, оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп, жергілікті футбол мектептеріндегі құрдастарымен жолдастық кездесулер өткізіп қайтты. Әрі «Анталияспор» клубының жаттығу жұмыстарын көріп, осы клубтың ең жарық жұлдызы Самуэль Это’О-мен жүздесті.

Биыл да «Оқушылар лигасы-2016» жеңімпаздары Түркияға барып, демалып қайтады.

Ұ


Фото kerekinfo.kz сайтынан

Ұран

«Соңғы минуттарда гол жіберсеңдер, қатынсыңдар!»

2012 жылы 12 қазан күні «Астана-Арена» стадионында өткен ойында бір топ қазақ жанкүйерлері осындай ұранды көтеріп, футболшыларымыздың намыстарын жаныды. Бұл 2014 жылғы әлем чемпионатының електік додасы аясындағы ресми матч болатын. Қазақстан ұлттық құрамасы Австрия футболшыларын қабылдаған еді.

Соған дейін соңғы минуттарда гол жіберіп қойып жүрген ұлттық құрамамыз аталған ойында намысты қолдан бермей, жанталасты. Әрі 90 минут бойы ықтиятты ойнап, қақпамызға бірде-бір гол жіберген жоқ. Есеп – 0:0.

Ү

Үрдіс

Астанада қысы жазы футбол ойнау үрдіске айналған. Бас қаламыздағы барлық доп додаларының ұйымдастырушысы – Астана футбол федерациясы. Басты мақсаты – елордада бұқаралық футболды дамыту және жетілдіре түсу.

Үлкен футбол мен бұқаралық доп додалары арасында дәнекерші болып, көптеген талантар мен мамандарға өмірлік «жолдама» беруге мүдделі. Мәселен, АФФ бас қаламыздың аумағында әр біріншіліктер мен кубок додаларын өткізумен қатар, тұрақты түрде жаттықтырушылар, төрешілер, нұсқаушылар және футбол менеджерлерін оқытып, дайындаумен айналысады.

Осы ретте айта кетерлігі, балаларды және әуесқой футбол командаларын жаттықтыруға мүмкіндік беретін "С" санатындағы бапкерлерді дайындау курстарын өткізіп отырады.

Сондай-ақ АФФ қанатының астында «Жас төреші мектебі» бар. Басты мақсаты – төреші болуға қабілетті жастарды іздеу, табу, іріктеу, содан соң оларды тәрбиелеу, физикалық жаттығулар мен теориялық сабақтар арқылы шеберліктерін шыңдау. АФФ-ның «Жас төрешілер мектебінде» ФИФА мен УЕФА бекіткен халықаралық стандарттарға сай жұмыс жүргізіледі. Әрі бірнеше футбол мамандары Астанадағы доп додаларында төреші болып та, «тиын-тебен» тауып жүр.

Ф

Футболды бізбен бастаңыз! (Футбол және Астана)

Астана қалалық футбол федерациясының ұраны (девизі) – Футболды бізбен бастаңыз! Елордада қала біріншіліктері шеңберінде бірнеше лига бар. Яғни бірнеше доп додасы ұйымдастырылады:

  • Футболдан Астана біріншілігі

  • Футболдан Астана кубогы

  • Футболдан Астана қаласының қысқы біріншілігі

  • Футболдан Астана қаласының қысқы кубогы

  • Футзалдан Астана қаласының қысқы біріншілігі

  • Футзалдан Астана қаласының қысқы кубогы

  • Шағын футболдан Астана біріншігі

  • Шағын футболдан "Самұрық-Қазына" лигасы

  • Шағын футболдан "Самұрық-Қазына" кубогы

  • Футзалдан "Самұрық-Қазына" лигасы

  • Футзалдан "Самұрық-Қазына" кубогы

  • Астанадағы мектеп оқушылары арасындағы біріншілік (Оқушылар лигасы)

  • Ардагерлер арасындағы блиц-турнирлер


Фото tengrinews.kz сайтынан   
Х
Халал

2013 жылы 20 тамыз күні «Шахтер» клубы елордадағы «Астана-Арена» стадионында Шотландияның «Селтигін» қабылдап, Чемпиондар лигасының плей-офф сатысындағы маңызды кездесуін өткізді. Осы матч алдында Қарағанды клубы жасыл алаңда қара қойды бауыздап, құрбан шалды...

Бір қызығы, дәл сол ойында «Шахтер» Шотландияның азулы клубын 2:0 есебімен ұтып, бүкіл Еуропаны таң қалдырды.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика