Вернуться к списку статей

Төрешілер қазақ финалын көпсінгендей...

Футбол
2K
Фото kairat-futsal.kz сайтынан
Футзалдан Алматыда өтіп жатқан Еременко кубогының да көмбесі көріне бастады. Бүгін жартылай финалдық ойындар өтіп, қос клубымыздың біреуі ұтып, екіншісі ұтылды.

«Астана-Тұлпар» – «Тюмень» – 3:5

«Астана-Тұлпар» бірінші жартылай финалда Ресейдің «Тюмень» клубымен кездесіп, жеңіліске ұшырады. Бұл матчқа Қазақстан клубы негізгі құрамдағы екі белді ойыншысын шығара алмады. Атап айтқанда, Арнольд Кнауб соңғы ойында алаңнан аластатылып, ал Александр Довгань жарақат алып қалған.

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, төрешілер де қит етсе, ескерту жасап, «Астана-Тұлпар» клубының аптығын басумен болды. Тіпті 13-минутта ең үздік ойыншыларының бірі һәм сұрмергені Болиньяны алаңнан қуып, Қазақстан клубының құрамын одан әрі селдіретті.

Сөйтіп, «Астана-Тұлпар» ойыншылары жанкештілік танытып қанша тырысса да, азулы қарсыласынан айласын асыру мүмкін болмады. Егер аталған үш ойыншысы қатарда болып, төрешілер 10-метрлік пенальтилермен жазаламағанда, жағдай басқаша болар да ма еді...

«Астана-Тұлпар» (Қазақстан) – «Тюмень» (Ресей) – 3:5 (1:3)

Голдар: Лобков, 7 (0:1). Болинья, 11 (1:1). Лобков, 14 (1:2). Антошкин, 18 (1:3). Мун, 35 (2:3). Күкімбаев, 36 (3:3). Батырев, 41 (3:4). Антошкин, 46 (3:5).

Төрешілер: Михеев (Ресей), Пуриньш (Латвия).

«Қайрат» – «Синара» – 7:3

Есесіне, екінші жартылай финалда «Қайрат» Ресейдің ең үздік клубтарының бірін тас-талқан қылды. Негізі, Алматы клубының да үш ойыншысы алаңға шыға алмаған. Шыңғыс Есенаманов, Дуглас және Барон сынды қас шебер футзалшылары жарақаттанып қалған.

Алайда «Астана-Тұлпар» клубымен салыстырғанда, «Қайраттың» құрамы соншалықты ықшам емес. Кез-келген сәтте бірін-бірі алмастыра алатын тәжірибелі ойыншылары жетерлік.

Бір Игордің өзі-ақ Ресей клубының қақпасына төрт гол соғып, Екатеринбург футзалшыларын сеңдей соғыстырды. «Қайрат» мақтаулы «Синараны» ойсырата жеңді.

«Қайрат» – «Синара» – 7:3 (3:1)
Голдар: Игор, 3 (1:0). Жаманқұлов, 8 (2:0). Чистополов, 8 (2:1). Игор, 9 (3:1). Игор, 26 (4:1). Загузов, 32 (4:2). Игор, 36 (5:2). Эвертон, 39 (6:2). Першин, 40 (7:2). Фахрутдинов, 45 (7:3).
Төрешілер: Неверов, Кадыков (екеуі де – Ресейден)


Енді, ертең финалдық ойындар өтеді:

5-орын үшін: «Никарс» (Латвия) – «Норильский Никель»

3-орын үшін: «Астана-Тұлпар» (Қазақстан) – «Синара» (Ресей)

1-орын үшін: «Қайрат» (Қазақстан) – «Тюмень» (Ресей)

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика