Вернуться к списку статей

Алтыннан ардақты, күмістен салмақты – қола жүлде

Футбол
3K
Фото kairat-futsal.kz сайтынан
Серік Жаманқұлов бес ойында алты гол соқса да, бағалы бутсасыз қалды. Мақтаулы Ресей құрамасының қақпасына Испанияның қас шеберлері сегіз гол соқпағанда, Серікке де бір бутса тиер еді...

Еуропа чемпионатының қола жүлдесі УЕФА кубогынан да артық...

Футзалдан Сербияда өткен 2016 жылғы Еуропа чемпионатында төрткүл дүниені тамсандырып, қола жүлде жеңіп алған Қазақстан құрамасы елге оралғалы да бірер күн болды. Олардың кейбіреулері тіпті ел чемпионатындағы кезекті ойындарда алаңға шығып, күнделікті «күйбең» тірліктеріне қайта кірісті.

Жалпы, Еуропаны елітіп, батысты сүйсіндіріп келген футзалшыларымызды Алматы әуежайында құшақ жая қарсы алушылар қарасы аз болған жоқ. Ал әуежайда тұрып, қайсыбір футзалшыларымыздың қуаныш құшағында толқып тұрып айтқан сөздері – адам тебіренерліктей.

Мысалы, Қазақстан азаматтығын алған бразилиялық Лео «УЕФА кубогының жеңімпазы атанғанымыз бен Еуропа чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алғанымыздың айырмашылығы – жер мен көктей. "Қайрат" клубының УЕФА кубогын екі мәрте жеңіп алуы – тамаша, әрине. Бірақ мен үшін құраманың жетістігі қымбатырақ, яғни бұл қола жүлде мен үшін УЕФА кубоктарынан да артық» деп салды.

Белградта шыбын шанын шүберекке түйіп, аянбай тер төккен, жартылай финалдағы шектен тыс шиеленісті матчта бірінші болып гол соғып, Италия құрамасын «нокдаунға» түсірген Леоның бұл сөздері бізді де қатты толқытты. Риза болдық. Қалай ғана «келімсек» дейсіз?! Аузымыз бармайды...

Ал Игита «мен Қазақстанның намысын қорғауды мақтан тұтамын. Бұл ел маған өз қабілетімді футзалда паш етуге мүмкіндік берді. Еуропа чемпионаты біздің бет алған даңғыл жолымыздың басы ғана» деп ақтарылды.

Дуглас «ешқандай да жағдайлар мен қиыншылықтарға қарамай бізге қолдау көрсеткен елге рахмет, осылай құшақ жая қарсы алып отырған көпшіліке алғысым шексіз, мұндайды күтпеген едім» деп ағынан жарылды.


Осылай, әу баста Еуропа чемпионатының финалдық додасына ілігуді армандап, електік кезеңдегі 7-топта екінші орынға ие болып, қосымша жолдамалар үшін өткен матчтарда Босния және Герцеговина құрамасын үйде де, түзде де ойсырата жеңіп (4:0 және 5:0), Белградқа бет алған «көшке» жолдан қосылған құрама осындай ерен жетістікке қол жеткізді. Небір азулы құрамаларды жерге қаратып, ығай мен сығайларды ығыстырып, қола жүлде еншілеп қайтты.

Жаманқұлов қалай бағалы «бутсасыз» қалды...

Қазақстан ұлттық құрамасының Белградтан тек қана қола медаль емес, тағы да бір жүлде әкелуге мүмкіндігі болып еді. Бірақ бұйырмады...

Жұмбақтамай, тараштап айтар болсақ, ұлттық құраманың белді ойыншыларының бірі Серік Жаманқұлов финалдық матчқа дейін бағалы үш бутсаның біреуінен дәмелі еді. Тіпті ықтималдығы басым сияқты-тын.

Бірақ финалда Ресей құрамасы Испания футзалшыларынан ойсырай ұтылып, Серікпен бәсекелес «Қызыл фурияның» қырандары қос-қостан гол соғып, қазақ жігітінің алдын орап кетті.

Мақтаулы Ресей құрамасының қақпасына Испанияның қас шеберлері сегіз гол соқпағанда, Серікке де бір бутса тиер еді...

Сонымен үш бутсаның иегерлері:

«Алтын бутса»: Мигелин және Марио Ривильос (екеуі де – Испания) – 6 гол, 4 пас (5 ойында)
«Күміс бутса»: Алекс (Испания) – 6 гол, 2 пас (5 ойында)
«Қола бутса»: Рикардинью (Португалия) – 6 гол, 0 пас (3 ойында)


Ал Серік Жаманқұлов бес ойында алты гол соқса да, бағалы бутсасыз қалды. Себебі сұрмергендердің бәрі де алты голдан соғып, үздіктердің ішінен нағыз үздікті анықтау үшін қосымша көрсеткіштер арқылы анықтауға тура келді. Рикардинью мен Жаманқұловтың көрсеткіштері бірдей болғанымен, Португалия жұлдызының екі ойын кем өткізгендігі ескеріліпті.

Негізі, финалдық ойын алдында Рикардинью мен Жаманқұлов алты голмен сұрмергендер көшін бастап тұрған болатын. Ал Алекс (Испания) және Младен Костич (Сербия) бес голмен екінші орында тұрған-ды. Мигелин мен Марио Ривильос тіпті үздіктер төрттігінде жоқ болатын.

Бірақ финалда Ресей құрамасы Испанияның дүлей шабуылына төтеп бере алмай қалды. Финал сұрмергендер сайысына айналып, Мигелин, Марио Ривильос және Алекс үшеуі алма-кезек алға шығып, үшеуара «Алтын бутсаны» сарапқа салумен болды.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика