Вернуться к списку статей

Қазақтың төлқұжаты «театрға» кіретін «билет» емес шығар...

Футбол
2K
Шетелдік легионерлер де біздің төлқұжатымызбен ел чемпионатына «тұмсықтарын» тығу үшін Қазақстан азаматы ретінде тіркеледі. Болды. Басқасы оларды толғандырмайды...

Қазақ футболында тағы да аузы бітпеген жараның беті тырналып отыр. Жабулы қазан күйінде жатқан ескі «дертіміздің» бүркеуі шетелдерде әшкере болып жатыр. Түйіні әлі толық шешілмеген, тіпті ұмытылып та бара жатқан күрмеуі күрделі мәселені «көсеп» жүрген – легионерлердің өздері.

Плиев: Қос енені тел еміп, екі төлқұжатты теңгеріп

Әуелі, ақпан айының басында Заурбек Плиевтің «Терек» клубы сапында қазақстандық футболшы болып саналмайтындығы, өйткені қолында Ресей төлқұжаты да бар екендігі жарияланды. Бұл ақпаратты орыс-қазақ басылымдары жарыса жазды.

Осы ретте айта кетейік, Плиев өткен жылғы желтоқсан айында Ресейдегі «Терек» клубымен 3,5 жылдық келісім-шартқа отырған болатын. Ал 2014-2015 жылдары Алматының «Қайраты» сапында, Қазақстан азаматы ретінде, біздің елде доп тепкен.

Мүлде түсініксіз, осы Плиев мырза екі елдің арасында қалай ғана қос төлқұжатпен жүр? Олай дейтініміз, Заурбек 2010-2011 жылдары «Астана» сапында ойнады. 2011-2013 жылдары туған жеріне барып, «Алания» клубының намысын қорғады. Одан кейін жоғарыда айтып өткеніміздей, «Қайраттың» құрамында өнер көрсетті.

Енді, міне, қайтадан Ресейге барып, сол елдің азаматы ретінде жасыл алаңдағы карьерасын қаннен-қаперсіз, одан әрі жалғастыра бермек. Сонда қалай? Қазақстан төлқұжатын қайда жіберген? Қазақстанда екі төлқұжатпен жүрген бе? Ол тіпті 2011 жылы мамыр айында Қазақстан жастар құрамасы сапына да шақыртылған жоқ пе еді?..

Жалпы, Плиевтің өз елінде легионер болып есептелмейтіндігі Ресей футболы одағының Дау-дамайларды шешу жөніндегі палатасында шешілгендей. 24 жастағы футболшыда Ресей азаматтығы ғана емес, Қазақстан төлқұжаты да бар екендігі ашық жазылған. Бірақ оның Ресей аумағында туғандығы және Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ойнамағандығы ескерілген.

Порываев: Азаматтық «тақтасындағы» рокировка

Қарағандының «Шахтері» сапында бес жыл ойнап, екі дүркін Қазақстан чемпионы атанған Андрей Порываев та өз отанына оралды. Тіпті Беларусь еліне бара салып, «Ислочь» клубы сапына қабылданды.

Кеше ғана «Прессбол» басылымында оның сұхбаты жарияланды. Онда Андрей «Қазақстанға барып, көптеген легионерлер сияқты сол елдің төлқұжатын алғанмын. Бірақ биылғы маусымнан бастап, жаңа ереже бойынша легионер болып саналатын едім. Қазір төлқұжатымды қайтадан кері ауыстырып жатырмын, белорус болып тіркелемін» депті.

Қызық. Қызық емес-ау, ұят тіпті. Порываев 2007 жылы Беларусь құрамасы сапында Иранмен өткен жолдастық кездесуде жасыл алаңға шыққан. 2000 жылы 18 жасқа дейінгі Беларусь елінің жасөспірімдер құрамасы сапында үш ойын өткізген. Ал 2013 жылы әлем чемпионатының електік ойындары кезінде Қазақстан ұлттық құрамасы сапына шақыртылды. Яғни ресми матчтарда қосалқы құрам орындығында отырды.

Сонда қалай, Плиев және Порываев сияқтылар жалғанды жалпағынан басып жүре бере ме?..

Қазақтың төлқұжаты легионер футболшыларға «ойыншық» болғаны ма?!

Иә, бірнеше жыл бойы көптеген елдің футболшылары үшін қазақтың наны тәтті, суы мен нуы нәрлі, ала добының ақшасы қомақты болып келді. Олар мынандай "түлкі" заманда "тазы" болып шалып, ақшамызды қалталарына қаттап та жүрді деуге болар. Бірақ экономикалық дағдарыс қазақ футболына да жеткен соң олардің көбісі жылыстап тайып тұра бастады.

Әрине, олардың қайсыбіреулерінің жылы орындарынан тастап кетулеріне ел футболындағы жаңа ереже де әсер еткен болар. Десек те, шетелдік келімсектерге ең маңыздысы – ақша. Жалақысы жақсы болса, қосалқы құрам орындығын тоздырып отыра беруге де келісетіндері бар емес пе?

Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес. Бізді толғандыратыны – шет елдік легионерлер үшін Қазақстан төлқұжатының тек ел чемпионатына біздің елдің азаматы болып тіркелу үшін ғана керектігі. Құдды, театрға кіретін билет секілді. Театрға билетпен кіреді, орнын тауып отырады – болды. Әлгі билет одан әрі керек емес. Шыққан соң лақтырып жіберуге де болады емес пе?

Шетелдік легионерлер де біздің төлқұжатымызбен ел чемпионатына «тұмсықтарын» тығу үшін Қазақстан азаматы ретінде тіркеледі. Болды. Басқасы оларды толғандырмайды...

Мысалы, 2015 жылдың қыркүйек айында неміс Александр Меркель Қазақстан құрамасы сапындағы ең алғашқы ойынын өткізді. Біздің елде туғанымен, көп ойланып-толғанып былтыр ғана тарихи отанының ұлтық құрамасының намысын қорғауға келісімін берді. Бірақ осы Маркель Еуропада тек қазақтың көгілдір аспан түстес төлқұжатымен жүр дегенге сенесіз бе? Күні ертең қажет бола қалса, екінші қалтасынан Германия төлқұжатын суырып алып шықпай ма?!

Ол, ол ма? Қазақстан чемпионатында екі азаматтық тұрмақ, «қалтасында» бірнеше төлқұжаты болған футболшы доп тепкен екен. Бұл ретте, түркімен де, украин да, өзбек те, қазақ та болған Александр Крохмальдың аты-жөні аталады...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика