Вернуться к списку статей

Футболымыздың 2016 жылғы әліпбиі

Футбол
2K
Міне, 2016 жылдың да тарих қойнауына енетін сәті келіп жетті. Бүгін біз осы жылы футболымызда болған елеулі оқиғалар мен өзгерістерді қазақ әліпбиіне салып, тізіп шығуға тырыстық.

А – Астана дубль жасады – үшінші рет қатарынан Қазақстан чемпионы атанып, ел кубогын да жеңіп алды. Ал Еурокубок додасында Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыға алмағанымен, Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтіп, алты ойыннан бес ұпай еншіледі.  

Ә – Әйелдер-ай, әйелдер-ай! Қандайсың?! «БИІК-Қазығұрт» әйелдер футбол клубы УЕФА-ның Чемпиондар лигасында тұңғыш рет 1/8-финалына шықты.

Б – Болгар бапкерлері. Қазақстан чемпионатында Болгария бапкерлеріне деген қызығушылық артып тұр. Станимир Стойлов («Астана»), Димитар Димитров («Ертіс») сынды білікті бапкерлерге Стойчо Младенов («Атырау», «Қайсар») қосылды. Қазақ додасына тағы да болгар бапкерлері келіп жатса, таң қалмаймыз.  

В – Васильев Д. («Ақтөбе» клубының директоры) жыл бойы көзге түсіп, күзде тұтқынға алынды...

Г – Гоу мен гол. Жерар Гоу («Қайрат») екінші жыл қатарынан 22 гол соғып, Қазақстан премьер-лигасының ең үздік сұрмергені атанды.

Ғ – Ғани Қайназаров Қазақстан құрамалары департаментіне директор болып бекітілді.

Д – Даум және дөрекі ойын. Румыния құрамасының бас бапкері Кристоф Даум «мен сіздерді әлдеқайда мәдениетті ел деп ойлағанмын» деп, ренжіп кетті. 11 қазан күні Қазақстан – Румыния құрамалары 0:0 есебімен тең түсті. Бірақ румын футболшыларының бірнешеуі жарақат алып қалып, біреуінің мұрны бұзылып, енді бір футболшысының бірнеше тісі сынды... Жалпы, Қазақстан құрамасы – 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасында ойын ережесін көп, жиі бұзатын командалардың бірі...

Е – Ерлан Қожағапанов Қазақстан футбол федерациясы президенті қызметінен отставкаға кетті. Біразға дейін жыр болатын істері қалды...



Ё – Ебург... Георгий Жуков ақыры «Қайратқа» келді. Қазақстан футболын біраз сынап, енді келместей болып кеткен жас ойыншы биыл Ресейдің «Урал» клубына барған болатын. Бірақ алаңға көп шықпай, әлеуметтік желідегі жеке парақшасына «қайдан ғана Ебурге келіп едім» деп жазып, бұл клубта да тұрақтай алмады.   

Ж – Жүлде! Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы ақпан айында Сербияда өткен Еуропа чемпионатында қола жүлде жеңіп алып, көпшілікті тәнті қылды.

З – Зембіл... Ұлан Қонысбаев биыл ұлттық құрама сапында, Қытайда өткен жолдастық кездесуде ауыр жарақат алып қалды. Содан бері емделіп жүр. Әлі алаңға шыққан жоқ.

И – Инфантино. ФИФА президенті. Соңғы жылдардағы дау-дамай шегіне жетіп, Цюрихте Халықаралық футбол федерациялары қауымдастығының жаңа президенті сайланды. Екі кезеңге созылған сайлауда Джанни Инфантино жеңіске жетіп, ФИФА президенті болды.

Й – Йосси Бенаюн. Англияның «Арсенал» клубы сапында бірге ойнаған Йосси Бенаюн мен Андрей Аршавин Еуропа лигасы аясында дір-біріне қарсы ойнады. Біреуі «Маккабидің», екіншісі «Қайраттың» намысын қорғады. Алматыда өткен ойында екеуі де гол соқты (Есеп – 1:1). Қарымта матчта Израиль клубы 2:1 есебімен жеңіске жетіп, «Қайрат» Еурокубоктан тыс қалды. Яғни Йосси Бенаюннің ұпай түгел...  

К – Кәсіпқой футбол лигасында бір жылда үш рет басшы ауысты. Қазіргі басшысы – Азамат Айтқожин. Оған дейін Олжас Абраев пен Бағлан Ергешев аталған лиганың президенті болған.

Қ – Қаныш Әубәкіров ҚФФ Бас хатшысы болып бекітіліп, біраз өзгерістер жүзеге асты. Бас хатшының мәртебесі мен құзыреттері арта түсті...

Л – Лозанна соты. Халықаралық спорттық төрелік сот «Алтай» клубының ҚФФ мен КФЛ «тартып» алған төрт ұпайын қайтарып берді.

М – «Маккаби» (Тель-Авив). Өтіп бара жатқан жылы «Қайраттың» “түсіне кірген” – команданың бірі. Еуропа кубогының екінші електік сатысында Алматы клубының жолын кесіп, мақсат-мұраттарына тым ерте нүкте қойды.  

Н – Нұрбол Жұмасқалиевті «Тобыл» зейнетке «шығарып» жіберді. Нұрболдың әлі ойнағысы келеді...  

О – «Ордабасы» ФК. Оңтүстік Қазақстан клубы биыл қола жүлдеге сынық сүйем жетпей сүрінді. Еуропа лигасында «у баста бас бапкері емеурін танытқандай топтық кезеңге шыға алмады. Тіпті алғашқы електе ауып қалды. «Ордабасы» жанкүйерлері сүйікті командалардың ойындарына көңілдері толмай, «Бақтияр кет!» деп ұрандады. Әйтсе де, «Қайраттың» басына әңгір-таяқ ойнатты.

Ө – Өтемақы және өз алаңы. «Астана» Чемпиондар лигасының 2015/2016 жылдар маусымында 17 292 000 еуро қаржы тапты. Ал биылғы Еурододаларда кемі 4 200 000 еуро ақша тапқан секілді. Биылғы қаржылары Еуропа лигасы толық аяқталған соң, 2017 жылдың жазында қорытындыланады. Сондай-ақ «Астана» клубы Еурокубоктық додаларда, өз алаңындағы соңғы 12 ойында әлі ұтылған жоқ. Тіпті Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде де өз алаңында ешбір командадан жеңілген жоқ.

П – Президент. Сейілдә Байшақов ҚФФ президенті болып сайланды. Әрі осы қызметке ұсынылған жалғыз үміткер болды...

Р – Рейтингте, нақтырақ айтқанда, биыл ФИФА-ның ұлттық құрамалар рейтингісінде алғаш рет 83-орынға дейін көтеріліп, 2016 жылды 98-орынмен аяқтадық.



С – «Селтик» тағы сан соқтырды. 2013 жылы «Шахтерді» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жібермесе (2:0 және 0:3), ал 2016 жылы «Астананы» да УЕФА-ның дәл осы мәртебелі лигасынан тыс қалдырды (1:1 және 1:2).

Т – Талғат Байсуфинов ұлттық құрамамыздың бас бапкері болды

У – УЕФА-да жаңа президент. Сайлауда словениялық Александер Чеферин айқын басымдықпен жеңіск жетті (42:13).

Ұ – Ұтылыс. Биыл құрама командаларымыздың күйрей ұтылған ойындары өте көп болды: Қазақстан – Crna Gora – 0:5 (ұлттық құрама), Қазақстан U-19 – Франция U-19 – 0:17 (қыздар), Қазақстан – Норвегия – 0:10 (әйелдер) және т.б.

Ү – Үздік ойыншы. Бауыржан Исламхан ел чемпионатының «Үздік ойыншысы» болып танылды

Ф – Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы екінші рет әлем чемпионатына қатысты. Аргентина да өткен бүкіләлемдік біріншілікте Қазақстан футзалшылары 1/8-финалына шығып, Испания құрамасынан ұтылып қалды (2:5).

Х – Хамитжанов «Астана» клубының басшысы болып қалып, Марко Трабукки келген ізімен кетті. Бұл да біразға созылған, ашық айтылмаған дау-дамай, текетірес болды...

Ц – Цхададзе «Қайратқа» бас бапкер болып тағайындалып, Алматы клубы аутсайдерлерден ұтылуын доғарды

Ч – «Чукарички» Еуропа лигасының бірінші електік сатысында «Ордабасы» клубын ома қаптырды

Ш – Шешім. Жыл аяғында келесі маусымға қатысты бірнеше маңызды шешім қабылданды. Премьер-лигада 12 команда ойнай беретін болды. Енді үш айналымдық жүйе қолданылады. 2017 жылы премьер-лигадан екі команда түсіп қалып, үшіншісі “өтпелі матчта” додаға түседі және т.б.

Щ – Щеткин «Астанадан» «Ақтөбеге» ауысуға мәжбүр болды. Бірақ «Астанаға» қарсы алаңға шықпай, қомақты жалақысынан айырылды.

Ы – Ықпал. Жоғарыда жазғанымыздай, Қазақстан ұлттық құрамасы ФИФА рейтингісінде алғаш рет 83-орынға дейін көтеріліп, 2016 жылды 98-орынмен тәмамдады. Бұған Қырғызстан құрамасын “алдап” соғуымыз ықпал етті. Қырғыздардан 0:2 есебімен ұтылып қалып, осы ойында жеті ойыншы алмастырдық. Сөйтіп бұл матч ФИФА рейтингісі түзілгенде есепке алынған жоқ. Өйтені жолдастық кездесулерда алты ойыншы алмастыру керек. Егер бұл жеңілісіміз есепке алынғанда, биыл жүздікте қалуымыз неғайбыл еді...

І – Іріктеу турнирі. Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде төрт ойын өткізіп, екеуінде тең түсті де, енді екі ойында ойсырай ұтылып қалды. «Е» тобында екі ұпаймен соңғы орында тұр.

Э – Эрич биыл еліміздің үздік қақпашысы болып танылды. Әрі, тіпті ең бастысы, келесі жылы легионер санатына жатпай, Қазақстан азаматы ретінде ойнайды. Себебі Ненад Эрия, сондай-ақ Постников, Бакаев, Котляр, Куцов, Зенькович және басқа да футболшылар «Қазақстан футболының түлег» ережесі қабылданғанға дейін біздің елдің азаматтығын алған.

Ю – Ютуб. Қазақстан футболындағы былықтар Ютубта жер өртеді. Дауыстары Васильев пен Байсейітовке ұқсас екі адамның телефон арқылы сөйлесулері, Ерлан Қожағапановтың еліміздегі футбол клубтарының басшыларына «бас прокуратурамен тексеріс жүргіземін» деп қоқан-лоқы көрсету және т.б.

Я – Ярышев Юрий ҚФФ Төрешілер департаментінің директоры болып бекітілді. Қанша уақытқа екені белгісіз. Өйткені бұл лауазымды қызметке Ресейден Николай Левников келетін сияқты. Жалпы, ҚФФ Төрешілер департаментінде де биыл басшы төрт рет ауысты – Маттео Трефолони, Едіген Юмашев, Акмалхан Холматов және Юрий Ярышев...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика