Бұл туралы Испанияның Superdeporte.es сайты «Валенсияның» бас бапкері Чезаре Пранделлидің сөзін алға тартып, бұл трансфердің орын алатынына күмән келтіріпті
– «Валенсияның» бас бапкері Чезаре Пранделлидің соңғы сұхбаты Максимовичтің бұл трансферіне күмәнді етіп тұр. Әлбетте, командаға осы қыста-ақ күшею қажет. Сондықтан, басқа командалармен қатар «Валенсия» да бұл футболшыға таласатыны анық. Бірақ өз қатарына тегін алу үшін жазғы трансферлік маусымды күтетіні жағдайды біраз қиындатып тұр. Өйткені, Максимовичке құмартып жүрген Еуропаның басқа да клубтары өте көп, - деп жазыпты Superdeporte.es сайты.
Осылайша «Валенсия» Максимовичке қызыққанымен ол үшін ақша шығарғысы келмейтінін білдірді. Яғни, «Астанаға» «Валенсия» тарапынан түскен ұсыныстарды бірден шетке ысырып тастай беруге де болады. Дегенмен, серб талантына «Манчестер Юнайтед», «Вест Хэм», «Севилья», «Рома», «Интер», «Милан», «Олимпик», «Спортинг», «Стандард», «Зенит» сынды клубтардың құмары артып отырғанын білеміз. Елордалық клубқа Максимовичті осы командалардың біріне сатқан дұрыс болады-ау. Қалай болған күнде де, «темірді қызған кезінде соғып», «Астанаға» Максимовичті осы қыста сатып, пайда көріп қалған жөн болар. Әйтпесе, 2017-нің жазында тегін кетіп қалуы да ғажап емес.