Вернуться к списку статей

Жерар ГОУ – Қазақстан ұлттық құрамасында ойнағым келеді

Футбол
1K
Жерар Гоу Қазақстан ұлттық құрамасында ойнағысы келеді
Екі жыл қатарынан Қазақстан Премьер-лигасының үздік сұрмергені атанған ивуарлық шабуылшы Жерар Гоу жанкүйерлердің сұрақтарына жауап беріп, алдағы уақытта Қазақстан ұлттық құрамасында ойнағысы келетінін айтты.

Айта кетейік, Жерар Гоу былтыр да, биыл да Қазақстан Премьер-лигасында 22 голдан соққан. Өткен жылы еліміздің ең үздік футболшысы атанған. Екі рет ел кубогын иеленген. Бұдан бөлек, 2009 жылы Марокко чемпионатының, 2013 жылы Түркия Бірінші лигасының үздік сұрмергені болып танылды.

Бүгін Алматының «Қайраты» Жерар Гоудың жанкүйерлермен болған сұхбатын жариялады. Рахымжан Чирканов есімді жанкүйердің «Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғауға қалай қарайсыз?» деген сұрағына ивуарлық сұрмерген былай деген:

– Шынымды айтсам, білмеймін. Бірақ егер осында тағы бір жыл қалар болсам, онда Қазақстан азаматтығын алуға мүмкіндігім болады. Яғни, алдағы уақытта Қазақстан ұлттық құрамасына шақырып жатса, неге ойнамасқа? Мен үшін бұл үлкен абырой болар еді. Ал өз елімнің құрамама шақырту алу өте қиын. Өйткені, әлем бойынша Қазақстан Премьер-лигасынан да мықты чемпионаттарда ойнайтын ивуарлық футболшылар өте көп. Сондықтан, алдағы уақытта Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғау бақыты бұйырып жатса, қуана келісемін. 

Сондай-ақ, Жерар Гоу «Қайратпен» келісімшарты 2017 жылдың соңына дейін екендігін айтып, егер алматылық клубтың басшысы келісіп жатса, командада қалуға қарсы еместігін білдірген. Бұдан бөлек, сұрмерген Қазақстан Премьер-лигасы мен Түркияның Екінші лигасын да салыстырып өтіпті.

– Түркияның Екінші лигасы мықтырақ. Ол жақта барлық команда жеңімпаз атануға тырысады. Әр ойын тартысты, текетіреске толы өтеді. Қазақстандағы сияқты екі командаға қарап қалған жоқ. Ал мұнда «Астана» мен «Қайрат» қана футболдың көркін қыздыруда, - деді Жерар. 

Айта кетейік, Жерар Гоу Кот-д’Ивуардың Ганьоа қаласында дүниеге келген. 29 желтоқсанда 28 жасқа толады. Кот-д’Ивуардың «Абиджан», Марокконың «Хассани Агадир», Швейцарияның «Ксамакс», Түркияның «Денизлиспор» мен «Кайсери Эрджиесспор» және Ресейдің «Краснодар» клубтарында ойнаған. Осы уақытқа дейін Кот-д’Ивуар ұлттық құрамасы сапында алаңға шықпаған.

Назарларыңызға Жерар Гоумен болған сұхбаттың бейненұсқасын ұсынамыз:


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика