Шымкент командасының алғашқы оқу-жаттығу жиынын 15 желтоқсанда бастаған. Бұл жиын 26 желтоқсан күні аяқтап, бірер күн демалады да, 4 қаңтардан бастап, жаттығуларын одан әрі сабақтамақ көрінеді.
Осы жиын барысында Бақтияр Байсейітовтің шәкірттері жергілікті «Қыран» командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 1:0 есебімен ғана басым түсті. Жалғыз голды грузин шабуылшысы Отар Марцваладзе соғыпты.
Жалпы, бірінші жиындағы басты мақсат өз еліміздің жас ойыншыларын сынақтан өткізу екен. Қазір «Ордабасы» клубы сапында бірнеше жас футболшы доп теуіп жүр. Олардың қайсысы қалады, оны жариялауға бапкерлер құрамы асықпайтын сияқты.
Әйтсе де, команда құрамын екшеу жұмыстары да қоса атқарылып жатқандай. Мәселен, төрт футболшымен келісімшарттары ұзартылғаны ресми түрде мәлімденді. Олар – қақпашы Алмат Бекбаев және қорғаушылар Мардан Төлебек, Талғат Адырбеков, Ренат Абдулин.
Айтпақшы, Самат Смақов, Гогита Гогуа, Отар Марцваладзе сынды футболшылар да «Ордабасы» сапында жаттығып жүрген көрінеді. Бірақ олардың келісімшарттары әлі ұзартылмаған. Шымкентте қала ма, жоқ па, оны тек Жаңа жыл мерекесінен кейін ғана білетін сияқтымыз...
Бір қызығы, жыл соңында «Ордабасы» клубы сапына алғаш шақырылған адам футболшы емес, бапкер болды. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер құрамындағы Андрей Ферапонтов Бақтияр Байсейітовтің шақыртуымен Шымкентке барған.
Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысы клубы Сергей Попков (жаттықтырушы), Юрий Новиков (қақпашылар жаттықтырушысы) сынды мамандармен еңбек келісім мерзімдерін ұзартқан.