Вернуться к списку статей

Дмитрий Васильевті кінәлі деп ойламаймын – Егор Азовский

Футбол
1K
Егор Азовский Астана біріншілігінде доп теуіп жүр
Астана біріншілігінің ойындарынан небір жұлдыздарды табуға болады. Мұрат Тілешев пен Мұрат Сүймағамбетов, Максим Жалмағамбетов пен Айдар Күмісбеков, Исламбек Қуат пен Антон Чичулин – бәрі де қала біріншілігінде әртүрлі командалардың намысын қорғауда. Міне, кеше «Достар» сапынан ағайынды Азовскийлерді де байқап қалдық. Қысқы демалыстарын елордамызда өткізіп жатқан ағайындылардың үлкенімен кезекті бір ойыннан кейін кездесіп, осы маусым жайлы аз-кем әңгімелескен едік.

– Егор, Астана біріншілігінен көргенімізге қуаныштымыз. «Достар» сапына қалай келдіңіз?

– Астана әуесқой біріншілігі жайлы бұрыннан естіп-біліп жүретінбіз. Бірақ 10 жылдай болыпты, қысқы маусымаралық үзілістегі уақытымды бұлай өткізбеген едім. Отбасым бар, екі баланың әкесімін. Уақыт тие бермейтін. Тек анда-санда көрермен ретінде қатысып кететінмін. Астанада мен жақсы білетін екі команда бар. Бірі «Достар», екіншісі «Школьник». Бұл командаларда бала кездегі достарым мен таныстарым ойнайды. Көбісімен футболды бірге бастағанбыз. «Достардың» жаттықтырушысы Әділ Шанабаев та бала кезден жақсы араласатын досымыз. Содан биыл қолқа салып, командаға шақырған соң інім Максим екеуміз келістік.

– Астана біріншілігінің деңгейі қалай екен?

– Командалар әртүрлі. Мықты ұжымдар да бар. Ойындардың барлығы өте тартысты өтетінге ұқсайды. Өзім «Достар» сапында үш ойын өткіздім. Жақсы футболшылар бар екен. Тіпті, футболмен кәсіпқой деңгейде айналыспаған жастардың өздері бізді біраз әбігерге салып жатты. Сондықтан, деңгейі ұнады.

– Көпшілік футболшылар қысқы демалыстарын Араб Әмірліктері, Тайланд, Жерорта теңізінің жағалауы сынды курортты жерлерде өткізуге тырысады. Сіз биыл ешқайда шыға алмадыңыз ба?

– Иә, биыл өзімнің жеке шаруаларым көп болып, оның үстіне отбасылық жағдайларға байланысты шетелге демалысқа бара алмадық. Бірақ «Астана-Аренада» доп теуіп, қала біріншілігіне қатысқанның өзі мен үшін жақсы демалыс.

– Сізді «Қайсар» футбол клубының сапына ауысуы мүмкін деген сыбыс тараған еді. Қызылордалықтармен бірге Түркияға оқу-жаттығу жиынына бармадыңыз ба?

– «Қайсарда» бірнеше жыл доп тептім. Мен үшін ыстық болып кеткен команда. Дегенмен, ол жақтан ешқандай ұсыныс болған жоқ. Бұл жайлы бірінші рет естіп тұрмын. Клуб басшылығының, жаттықтырушылар алқасының ауысқанын білемін. Алайда, әзірге жаңа басшылық «Қайсарға» шақырған жоқ.

– Биылғы жылды «Ақтөбеде» өткіздіңіз. Өткен маусымға қандай баға берер едіңіз?

– Команда жас, әрі жаңа болды. Біз өзіміздің әлеуетімізбен шама-шарқымыз жеткенше ойнадық. Жаман нәтиже емес деп ойлаймын. Алтыншы орын алдық. Өз орнымызға лайық өнер көрсете алған сияқтымыз. Қалай дегенмен, бұл біздің максимум көрсеткішіміз еді.  

– «Ақтөбеде» сапында ойнап жүргеніңізде БАҚ тарапынан, жанкүйерлер мен басқа клубтар тарапынан қысым байқалмады ма?

– Нені меңзеп тұрғаныңызды түсініп отырмын. Мұның барлығы клуб басшылығының жексұрындығынан ғой. Мінезі жақсы адам емес. Дегенмен, ол туралы жаман нәрсе айта алмаймын. Өйткені, ол бәрін клуб үшін жасады. Оның жұмысына барлық футболшының көңілі толатын. Клубқа біраз жаңашылдық әкелді. Футболға, жаттығуға қажетті жағдайлардың барлығын жасайтын. Бірақ, екінші жағынан оның көпшілікке ұнамайтын, ешкім қолдамайтын басқа да жақтары болатын. Әлбетте, жараспайтын қылықтары көп болды. Сондай адам ғой енді...

– Ал Дмитрий Васильевтің темір торға қамалғаны туралы ақпаратты қалай қабылдадыңыз?

– Бәлкім, оның даулы адам болғандығынан шығар. Оның не істеп қойғанын білмеймін ғой. Бәрін де клуб үшін жасап жатқандай көрінетін. Шынын айтсам, кінәлі біреуді табу керек болды да, барлық қылмысты соның мойнына арта салған сияқты. Бәрі дұрыс шешіліп, мәселе оң шешімін табады деген үміттемін.

– Ал сізге «Ақтөбе» тарапынан келісімшартты ұзарту жөнінде ұсыныс болған жоқ па?

– Жоқ, ондай ұсыныс болмады.

– Басқа командалар ше? Шақырып жатқан жоқ па?

– Әзірге ешкімнен шақырту болған жоқ. Жеке жаттығып жүрмін. Бір жағынан көптеген клубтарымыз әлі оқу-жаттығу жиынын бастаған да жоқ қой. Күтеміз. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика