Вернуться к списку статей

Жас ойыншылардың алаңға шығуына мүмкіндік беретін ереже керек

Футбол
2K
Кешегі жас өрендер - бүгінде ел футболының жарық
Соңғы кездері “Қазақстан премьер-лигасындағы клубтардың сапында міндетті түрде 21-ден аспаған екі жас футболшы ойнауы керек» деген арнайы талап мәселесі қайта талқылана бастағандай...

Сөз жоқ, Қазақстан футболының болашағы – жас буын өкілдері. Оған ешкім де қарсы пікір айта қоймас. Яғни жастарға мүмкіндік беріп, оларға қолдау көрсетіп отыру керек. Себебі, Қазақстан премьер-лигасындағы клубтардың іргесінен футбол орталықтары ашылған. Бұйыртса, солардың түлектерінің ересектері өсіп-жетіліп қалды.

Естеріңізде болар, осыдан 10 жыл бұрын Қазақстан футбол федерациясы «премьер-лигадағы (бұған дейінгі суперлигадағы) әр команда сапында міндетті түрде 21-ден аспаған екі жас футболшы ойнауы керек, әрі оның біреуі қазақ болуы шарт» деген қатаң талап қойды.

Осы шектеу өз күшінде болған кезде Қазақстан жастар құрамасы сапындағы жігіттеріміз тез жетілді. Ел чемпионатында кем дегенде 12 жас футболшы тұрақты түрде алаңға шығып, шеберліктерін шыңдай түсті. Қазақ футболына қаншама дарынды жігіттер қосылды. Бәрі бірдей деңгейі жоғары футболшы болып кетпесе де, осы шектеудің арқасында талай тарланның томағасы сыпырылды.

Осыдан 2-3 жыл бұрын ғана емес пе, Қазақстан жастар құрамасы сапында Исламхан, Қуат, Покатилов, Жанғылышбай секілді талантты жеткіншектеріміз төбе көрсете бастады. Оған дейін Нөсербаев, Көкеев, Кенбаев, Ибраев, Бейсенов, Сабалақов, Логвиненко, Кислицын, Эрбес, Мальцев және басқа жас дүлдүлдеріміздің үлкен футболдағы алғашқы қадамдарын осы міндетті талаптың арқасында жүзеге асырған.

Өкінішке қарай, сол міндеттеме жыл өткен сайын жұмсара берді. Ал биыл «матч хаттамасында жасы 21-ден аспаған кемі екі футболшы тіркелуі керек» деген талаппен ғана шектелдік. Өйткені кейбір футбол мамандары мен БАҚ өкілдері бұл шектеуге (лимитке) наразылық танытумен болды....

Соны алып тастауға мүдделі болғандар кімдер еді? Бірінші кезекте, Қазақстан клубтарының тізгінін қолдарына ұстаған шетелдік бапкерлер болатын. Себебі оларға аймақ басшылары алдына қойған мақсатқа қайтсе де қол жеткізу керек. Олардың біздің жастарымызды тәрбиелеуге уақыттары жоқ һәм мүдделі емес.

Ал бізге ертеңімізді ойлау қажет. Нәтиже қуған және сыйақы санаған “бір-екі жылдық” бапкерлердің ығына жығыла бермеу керек сияқты. Өз басым осы шектеуді қос қолдап тұрып қолдаймын! Өз күшіне қайта енгізу керек деп санаймын. Әрі “сол екі ойыншының біреуі міндетті түрде ұлты қазақ футболшы болсын” деп, анық және нақты айтылса деймін.

Бәлкім, олардың жалақыларына да шектеу қою керек шығар. Ауызекі тілмен айтқанда, оларға белгілі бір сомадан артық жалақы төленбейтіндей болсын. Сыйақылары да қадағаланып отырсын. Бәрі бірдей жағдайда болып, бәрі бірдей еңбекақы алса, ешқайсысы да дандайсып кетпейді, деп ойлаймын. Сонда ешкім де “Жұлдыз” ауруына шалдыға қоймас!

Содан соң... Білесіздер ме, әлем чемпионатының іріктеу ойындарында КСРО сапында ойнаған жалғыз қазақ, жақында ғана Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланған Сейілдә Байшақов ағамызға да жаңылмасам, кезінде осындай шектеудің пайдасы тиген. Ол кезде «КСРО чемпионатында ойнайтын “Қайраттың” сапында міндетті түрде жергілікті ұлт өкілі (қазақ) ойнасын» деген талап-шарт болған... Сейілдә-аға оны ұмыта қойған жоқ шығар! Енді ізін басқан інілеріне көмектеседі деп үміттенеміз...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика