Биылдан бастап Қазақстан футболында жас футболшыларға арналған жеңілдіктер алынып тасталды. Біржола емес, бірақ бұрынғыдан жақсы.
Нақты айтсақ, енді командалар матч хаттамасына 21 жасқа дейінгі екі футболшыны енгізуге міндетті болғанымен оларды алаңға шығару-шығармаулары өз еріктерінде. Жалпы, жас футболшыларға арналған жеңілдіктер Қазақстан футболына не берді? Өскендер көп пе, өшкендер көп пе? Саралап көрелікші.
Жастарға арналған жеңілдіктер ережесі ең әуелі 2006 жылғы футбол маусымында басталды. Ол кезде команда алаңға міндетті түрде екі жас футболшыны шығару қажет болатын және біреуі қазақ жігіті болуы тиіс-тін. Кейін бұл ереже аздап жеңілдетіліп, құрамға қосу барысында жастардың ұлтына қарамайтын болды. Араға уақыт салып, тағы да өзгерген әлгі ереже бойынша былтыр алаңда міндетті түрде бір жас ойыншы ойнауы тиіс болды. Енді міне, биыл тағы да ереже өзгерді.
Өзімізді түзеу үшін өзгеге қараймыз ғой. Испаниялық «Реалдың» жұлдызы Криштиану Роналду 23 жасында «Алтын доп» иегері атанды, аргентиналық Лионель 16 жасында «Барселона» сапындағы алғашқы ойынын өткізіп, 23 жасында әлемнің үздік футболшысы болып танылды. «Футбол патшасы» Пеле әлем чемпионатын 17 жасында-ақ жеңіп алған. Тізе берсең, әлемдік футболда мұндай мысалдар өте көп. Ал бізде 22 жасында-ақ футболшылық карьерасын аяқтап жатқандар жетерлік. Бұған не себеп?
«Есектің жүгі жеңіл болған сайын жатаған келеді» деген нақыл бар ғой. Жас футболшыларымыздың жайын көрген сайын осы сөз ойыма келе береді. Жоқ, оларды мақұлыққа теңеп тұрған жоқпын. Дегенмен, аталы сөздің астары бар. Қайтсе де құрамнан орын алатынын білетін жастар өздеріне деген жауапкершілікті тым төмендетіп алды. Онымен қоймай, есіріп, жалақыны аранын аша талап ете бастады. «Әйтпесе, басқа командаға кетіп қаламын» деп қорқытатындарды да естіп жүрдік. Әлбетте, амалы құрыған клуб басшылығы талап еткен ақшасын беріп жүрді. Ал әлі піспеген әлгі шикі балалар жаттығудың орнына әлеуметтік желілерге қымбат көліктері мен жартылай жалаңаш қыздарының суреттерін салып, ақшаның буына масайрап жүрді.
Талантты тәрбиелеу қиын болған соң кейбір клубтар сырттан футболшы шақырып, оларды «қазақ» қылды. Соның нәтижесінде Шанс Жұмабаев, Ринат Хасенов, Кристиан Эфростар пайда болды. Иә, қазір біреуі де есімізде жоқ.
Оларды қойшы, 2006 жылдары «лимитчик» болған өзіміздің қаракөздер қайда? «Лимитчик» жасында жай оғындай жарқылдаған Әлішер Тәжібайұлы, Алмас Есжанов, Талғат Сабалақов, Айдар Арғымбаев, Шыңғыс Әбуғалиев, Айдос Байтенов, Әсет Меңліқожа, Олжас Керімжанов, Мәлік Жантілеуов, Жанат Қарғужинов, Ермек Тұтқабаев, Дархан Тілеулиев... қайда қазір бұл жігіттер? Көбісін бүгінде ұмытып қалғанбыз, жартысын есіме түскен де жоқ. Ал статистикасын қарасаң, бір маусымда 15-20 ойыннан өткізген футболшылар. Демек, жасында жаман ойыншы болмағандары ғой, әлде танауларынан тартып сүйреді ме екен?
«Лимитчик» термині қазақ футболында сыбайлайстық қылмыстың өршуіне де әкеліп соқтырды. Соның кесірінен екі жасқа, үш жасқа, тіпті тоғыз жасқа «кішірейіп» кеткен ойыншылар ойқастап жүрді. Әлбетте, «өтіріктің арты бір-ақ тұтам», көбінің қылмысы әшкере болды. Алайда жабулы күйінде қалған «қазандар» қаншама.
Былтыр «лимитчик» болған жастардың да біразына биыл тықыр таяды. Көпшілігі команда таппай Бірінші лига жағалап кетсе де таңғалмаймыз. Қайта жаңа ереже жақсы болды. Енді «лимитчиктер» хаттамаға енгенімен алаңға шыға ма, жоқ па, оны бас бапкердің өзі шешеді. Сондықтан, жыл бойы жай ғана статистика үшін жүретін «лимитчиктердің» де болуы ғажап емес.
Қазақстан Премьер-лигасының қай бапкерінен сұрасаңыз да «лимитчиктерге» байланысты жеңілдіктердің болғанын қаламайды. Бәрінің айтатыны бір сөз: жастар да өзгелер секілді негізгі құрамдағы орнын бәсекелестікпен жеңіп алуы тиіс. Иә, мен де келісемін. Басқа салалар секілді футболда да бүйрек бұру болмау керек. Мәселен, 1997 жылы 18 жасар Руслан Балтиевті ешкім құлағынан сүйреп ұлттық құрамаға тыққан жоқ қой. Ал Самат Смақов 19 жасында бір кездердегі алып клуб «Елімайдың» негізгі құрамынан орын алып, 20 жасында Қазақстан чемпионы атанды. Әлі де жұлдызы сөнбеген ойыншы. Сол сияқты, Антон Чичулин де «Жеңістің» құрамына өткенде небәрі 17 жаста болатын. Әлі де ойнап жүр. Тізе берсең, мұндай мысалдар жетерлік. Мұрат Тілешев те, Нұрбол Жұмасқалиев пен Қайрат Нұрдәулетов те ешқандай жеңілдіктің көмегінсіз-ақ жас кездерінде өз клубтарының негізгі құрамынан орын ала білген.
«Лимитчиктерге» қатысты ережені қолдайтындар бірінші кезекте Таңат Нөсербаев, Ұлан Қонысбаев, Юрий Логвиненко, Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат сынды таланттардың шыққанын алға тартады. Алайда, «шын мықтыға тұсау жоқ», бұл дарындар ешқандай жеңілдіктердің көмегінсіз-ақ үлкен футболға адымдап аттап баса алар еді. Жарайды, сонда да бұл жігіттерді жастарға арналған жеңілдіктердің жемісі деп білейік. Сонда қанша талантты өсіріп шығара алдық?! Санадыңыз ба? Өзім есептеп көруге тырысқан едім, он саусағымнан әзер асырдым да, өзімнің субьективті рейтингімді жасауды жөн көрдім.
Жастарға жасалған жеңілдіктер ережесінің жемістері. ТОП-20 | |||||||
Орын | Аты-жөні | Туған жылы | Амплуа | Лимитчик болған жылдары | Лимитчик кезіндегі командалары | Соңғы командасы | Transfermarkem.de сайтындағы бағасы (€) |
1 | Бауыржан Исламхан | 23.02.1993 | Ж.қорғаушы | 2011-2014 | Тараз, Астана, Қайрат. | Қайрат | 1 000 000 |
2 | Таңат Нөсербаев | 01.01.1987 | Шабуылшы | 2006-2008 | Ордабасы | Астана | 700 000 |
3 | Дмитрий Шомко | 19.03.1990 | Қорғаушы | 2008-2011 | Энергетик-2, Ертіс, Астана. | Астана | 1 000 000 |
4 | Юрий Логвиненко | 22.07.1988 | Қорғаушы | 2006-2009 | Ақтөбе | Ақтөбе | 800 000 |
5 | Ұлан Қонысбаев | 28.05.1989 | Ж.қорғаушы | 2008-2010 | Тараз | Қайрат | 300 000 |
6 | Жамбыл Көкеев | 20.09.1988 | Ж.қорғаушы | 2006-2009 | Астана, Алма-Ата, Локомотив. | Қайрат | 400 000 |
7 | Исламбек Қуат | 12.01.1993 | Ж.қорғаушы | 2011-2014 | Оқжетпес, Ақтөбе, Астана, Қайрат | Қайрат | 700 000 |
8 | Сергей Хижниченко | 17.07.1991 | Шабуылшы | 2008-2012 | Восток, Локомотив, Атырау, Шахтер | Ақтөбе | 400 000 |
9 | Стас Покатилов | 08.12.1992 | Қақпашы | 2012-2013 | Ақжайық, Шахтер | Ақтөбе | 1 000 000 |
10 | Бауыржан Жолшиев | 08.05.1990 | Шабуылшы | 2009-2011 | Алма-Ата, Атырау | Астана | 900 000 |
11 | Серікжан Мужиков | 17.06.1989 | Ж.қорғаушы | 2008-2010 | Жетісу | Астана | 500 000 |
12 | Александр Кислицын | 08.03.1986 | Қорғаушы | 2006-2007 | Шахтер | Ертіс | 400 000 |
13 | Марк Гурман | 09.02.1989 | Қорғаушы | 2010 | Локомотив | Қайрат | 500 000 |
14 | Гафуржан Сүйімбаев | 19.08.1990 | Қорғаушы | 2011 | Ордабасы | Ордабасы | 600 000 |
15 | Тимур Досмағамбетов | 01.05.1989 | Ж.қорғаушы | 2008-2010 | Оқжетпес, Ақтөбе | Тараз | 300 000 |
16 | Марат Шахметов | 06.02.1989 | Ж.қорғаушы | 2006-2010 | Алма-Ата, Локомотив | Жетісу | 350 000 |
17 | Асқат Тағыберген | 09.08.1990 | Ж.қорғаушы | 2008-2011 | Қайсар | Ақтөбе | 600 000 |
18 | Дмитрий Мирошниченко | 26.02.1992 | Қорғаушы | 2011-2013 | Ақтөбе | Ақтөбе | 350 000 |
19 | Аслан Дарабаев | 21.01.1989 | Ж.қорғаушы | 2008-2010 | Шахтер, Ақтөбе | Қайрат | 600 000 |
20 | Алексей Щеткин | 21.05.1991 | Шабуылшы | 2010-2012 | Жетісу | Астана | 300 000 |