Вернуться к списку статей

Исламбек Қуат – Бауыржан Исламханға Еуропа чемпионаттарына кету керек

Футбол
2K
Соңғы үш маусымды Алматының «Қайратында» өткізген Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Исламбек Қуат бүгінде қысқы демалысын өзінің туған қаласы Астанада өткізіп жүр. Бәзбіреулер секілді шетел аралап, жағажай жайлап жүрген жоқ, отбасының қасында. Тіпті, спорттық бабын ұстап тұру үшін елордамыздың әуесқой командаларының бірінің сапында қала біріншілігіне тіркеліпті. Кеше Астана Суперкубогына қатысып, бір гол соқты, ойыннан кейінгі пенальти сериясында да нүктеден мүлт кеткен жоқ. Ал марапаттау рәсімінде Ұйымдастыру комитеті Исламбекті матчтың үздік ойыншысы деп таныды. Кездесуден кейін жартылай қорғаушымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Биыл маған тек Суперкубоктар бұйырған жыл болды-ау. Көктемде «Қайратпен» бірге Қазақстан Суперкубогын ұтып алып едім, енді міне «Школьникпен» бірге елордамыздың Суперкубогына қол жеткізіп отырмын, - деп бастады сұхбатымызды Исламбек Қуат.

– Матчтың үздік ойыншысы ретінде Суперкубоктық текетірестің деңгейіне қандай баға бересіз?

– Матчтың үздік ойыншысы танылғаныма қуаныштымын. Бірақ, «Школьник» сапында да, «Зенитте» де жоғары деңгейде ойнай алатын басқа ды мықты ойыншылардың бар екеніне қуандым. Әлбетте, «Қайраттың» ойындарымен, Премьер-лига матчтарымен салыстыруға келмейді. Алайда, Астана біріншілігінің де деңгейі жыл санап өсіп келеді. Мықты командалар өте көп.

– Ойын пенальти сериясына жеткенде жеңіс қолдан сусып кетеді деген қауіп болған жоқ па?

– Әрине, қорқыныш болды. Өйткені, «Зенитті» жақсы білемін. Өткен жылы да оларға қарсы бір ойын өткізіп, ұтылып қалғанмын. Оның үстіне, «Зениттің» қақпасын Римас Мартинкус қорғайды екен. Оны мен осы жақында ғана білдім. Екеуміз бала кезден футболға бірге қатысқанбыз. Кейін Римас «Астана» сапына да алынды. Бірінші лигада біраз ойнады. Өте шабар қақпашы.

– Ал өзіңіз «Школьник» сапына қалай тап болдыңыз?

– Мұнда менің ескі достарым өте көп. Бұрыннан жақсы араласамыз. Сондықтан, шақыртуларынан бас тартпай, бір ай болса да ойнап беруге келістім. Жалпы, өзім Астана біріншілігіне әрдайым қатысып тұрамын. Былтыр да үш-төрт турға қатысқанмын. Спорттық бабымды ұстап тұруға да жақсы.

– 10 желтоқсан күні Астана біріншілігінің қысқы маусымы басталады. Сіздің фаворитіңіз кім?

– Бұрын «Наша Кампания», РЗД, «Прогресс», «Сайран» деген командалар болатын. Өте мықты командалар еді. Қазір олардың орындарын «Зенит», «Школьник», «Достар», «Рузаевка» сынды жаңа командалар басқан сияқты. Меніңше, биыл да біріншіліктің ойындары тартысты болуы тиіс.

– Исламбек, енді әуесқойдан кәсіпқой футболға ауыссақ. «Қайрат» сапындағы биылғы маусымыңызға қандай баға бересіз?

– Бір қарағанда екінші орын, ел кубогының финалы сынды нәтижелердің бәрі жаман емес. Дегенмен, «Қайраттың» чемпион атанар кезі келді. Жыл сайын чемпион боламыз деп алдымызға мақсат қоямыз. Бірақ сөзден гөрі іске көшетін уақыт келді. Келесі маусымда қалайда Премьер-лиганың бас жүлдесін қанжығамызға байлауымыз қажет.

– Биыл «Қайратқа» чемпион атануға не жетіспеді деп ойлайсыз?

– Басында біраз қателестік. Өз ойынымызды таба алмай, біраз жүрдік. Одан кейін ойын жүре бастады. Бірақ кішкене кештеу болып қалды. Ал ел кубогының финалында сәттілік жетіспеді деп ойлаймын. Әйтпесе, «Астананы» жеңуге болар еді.

– «Қайрат» сізге жұп тауып берді. Енді орталық шепте сізбен бірге Георгий Жуков ойнайтын болады. Бұл трансфер жайлы не айтасыз?

– Командаға кімді алып, кімді шығару керек екенін клуб басшылығы шешеді ғой. Мен олардың әрбір шешімін құптаймын. Бәрі де клуб үшін жасалып жатқан дүниелер. Ал Жуковқа келер болсақ, өте дарынды футболшы. Былтыр «Астана» сапында жақсы ойнаған. Оның үстіне, алдағы уақытта Қазақстан ұлттық құрамасына да көмектесе алады. Меніңше, оған «Уралда» өз мүмкіндігін толық паш етуге мүмкіндік бермеді. Содан кейін Қазақстанға оралуды жөн көрді. Әйтпесе, оның талантына ешкім күмән келтіре қоймас.

– Маусым аяқталды. Енді жақында ел футболының үздіктері анықтала бастайды. Сіздіңше, Қазақстан футболының биылғы үздік ойыншысы кім?

– Меніңше, Бауыржан Исламхан. Ол өзін Қазақстанда әбден дәлелдеп болды. Енді шетелге кету керек. Еуропаның кез-келген еңселі чемпионаттарында ойнай алады. Кез-келген мықты клуб оны қуана қарсы алады.

– Ал өзіңізде шетел чемпионатында ойнап көретін ой жоқ па?

– Менің «Қайратпен» келісімшартым 2019 жылға дейін. Алматыда бәрі көңілімнен шығады. Клуб бар жағдайымды жасап беріп отыр. Ал келісімшартым аяқталған соң басқа клубтар жайлы да ойланармын. Бәлкім, Еуропа чемпионаттарының біріне де көз тігіп қалармын.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика