Жалпы жиын барысында өткен маусым қорытындыланып, чемпионаттың үздік ойыншыларына байланысты арнайы номинациялар бекітілді. Келесі жылға дайындық жоспары талқыға салынып, осы мәселемен нақты айналысатын жұмыстық топ құрылды. Ал одан кейін кезек сайлау мәселесіне жетіп, Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілдә Байшақов бұл қызметке Айтқожин Азамат Серікұлын ұсынды. Әлбетте, ел футболының басшысы ұсынып жатқанда, басқалар қарсы бола қойсын ба, Кәсіпқой футбол лигасы клубтарының өкілдері бірауыздан қолдады.
Айта кетейік, Азамат Айтқожин таяуда ғана Қазақстан футбол федерациясына вице-президент ретінде тағайындалған. Оған дейін де ел футболының әр түрлі тізгіндерін ұстады.
Әрине, оның біліктілігі күмән тудырмайды. Дегенмен, ел футболының жаңа басшылығы бұрынғысының жолын қайталамаса екен дейміз. Қазақстан футбол федерациясынан 2012 жылы «тәуелсіздігін» алған Кәсіпқой футбол лигасы өз алдына жеке бір дербес ұйым емес пе?! Рас, бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болу қажет. Алайда, ҚФФ бұл ұйымның ішкі қожалығына араласпаса екен дейміз. Өз президенттерін Премьер-лига мен Бірінші лига клубтарының өздері де сайлай алады ғой. Әйтпесе, шыны керек, алдағы уақытта мұндай араласуларды кейбір жанкүйер «Қожағапановтың әрекеттерімен» салыстырып қалулары да ғажап емес.