Вернуться к списку статей

Қазақстан футбол федерациясының жаңа басшылық құрамына арналады

Футбол
2K
Ел футболының ендігі тағдыры осылардың қолында
Кеше Қазақстан футбол федерациясының Кезектен тыс Конференциясы өтіп, ел футболы жаңа басшысын тапты. Екі жыл бойы «бөліп ал да, билей бер» қожалығын жүргізген Қожағапановтың дәуірі келмеске кетті. Енді жаңа басшылық құрамға отандық футболды дамытудың қандай мәселелеріне басты назар аударған дұрыс? Осыған тоқталып өтейік.

1. Федерация имиджін қалыптастыру

Барды бар деп айту қажет, екі жыл ел футболын басқарған Ерлан Қожағапанов Федерацияға әжептеуір PR жасап кетті. Бірақ Сорокин дауы, прокуратурадағы танысы, Кәсіпқой футбол лигасының төрағасын қызметтен кетіруі, клубтарға қоқан лоқы көрсетуі, қарамағындағы екі нөкерінің телефон арқылы мәселе шешуі сынды даудың барлығы Қазақстан футбол федерациясына абырой әперген жоқ. Ақыр соңыеда 10-15 адам қатысқан флешмоб ұйымдастырды. Ал оның ұлттық құрамаға бас бапкерді жанкүйерлердің дауыс беруі арқылы сайлағысы келгені күллі әлемнің алдында күлкі қылдырды.


Енді жаңа басшылыққа Федерация имиджін жақсы жағына қарай қайта қалыптастыру үшін көп тер төгу қажет болады. Олардың әрбір қадамын аңдып, лупа арқылы қарайтындар көбейеді. Сондықтан, Қазақстан футбол федерациясының жаңа басшылығы бірінші ретте PR қызметін күшейтіп, бұқаралық ақпарат құралдарымен қарым-қатынасты түзеулері қажет.

2. Инфрақұрылым

Әрбір өңірде бір-бір стадион саламыз, манеждер ашып, алаңдарды көбейтеміз деп екі жыл бойы құрғақ уәдемен құлақты ісітіп келген Ерлан Қожағапанов стадион былай тұрсын, шағын-футбол алаңын да салмастан қызметінен кетті. Рас, Шымкенттегі «Оңтүстік» академиясының ашылуына еңбек сіңіргенін айтып жүр. Бірақ бұл академия Қожағапановқа дейін жоспарланып, оған дейін іргетасы қаланып қойған еді. Ерлан Тоқтарханұлы тек дер кезінде ғана мерекеге тап болды. Ал елордамызда УЕФА қаржысына биыл салынуы тиіс «Футбол үйінің» қағаз жүзіндегі жобасын ғана көргеніміз болмаса, әлі күнге іргетасы қаланып, крандардың дамыл таппай жұмыс жасап жатқанын байқамаппыз.


Енді Қазақстан футбол федерациясының жаңа басшылық құрамы инфрақұрылым мәселесіне жете көңіл бөліп, бұл болмаса, футболдың да болмайтынын түсінулері тиіс. Егер осы мәселені шеше алмаса, онда ешқандай PR-ың да көмектесе алмайды.

3. Балалар футболы

Бұған дейінгі басшылықтың кезінде Футбол орталықтары ашылып, еліміздің әрбір өңірінде Премьер-лига командалары өздерінің қанаттарының астына балалар футболын да ала бастаған еді. Қожағапановқа соның барлығын жүйелі түрде жүргізіп тұру ғана қалған. Иә, Тоқтарханұлы балалар футболын өлтірген жоқ, бірақ дамытып та кете алмады. Бар жасағаны – елордамыздағы аулалардың біріндегі алаңға балаларды кіргізіп қойып, жаттығу жасатты. Сонысын академия ашқандай жарнамалады, флешмобтың да видеосын сонда түсірді. Сөйтіп, ерлік жасағандай емеурін танытты. Рас, басқа спорт түрлерін ысырып тастап, балалар футболына ақша сұраған. Онысы ешкімнен қолдау таппады.


Енді жаңа басшылыққа балалар футболы мәселесінде келгенде академиялар салу жағын ойластыру қажет шығар. Қазір «Қайрат» академиясы жақсы нәтиже беріп жатыр. Егер сондай орталықтарды әр аймақтан ашып, елордамыздан негізгісін салар болса, онда балалар футболын дамытудың оңтайлы жүйесі өздігімен шешім табар еді.

4. Аймақтармен қарым-қатынасты орнату

Айта кетуіміз қажет, Ерлан Қожағапанов аймақтармен байланыс орнатуға барынша тырысып-ақ бақты. Өңірлерді аралап, әкімдермен кездесулер ұйымдастырды. Дегенмен, беделі жетпеді ме, әлде сөзі өтпеді, оның «гастрөлдерінен» ешқандай да нәтиже шыққан жоқ. Ал Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды сияқты кейбір аймақтардың клубтарына өз адамын отырғызу арқылы, басқа облыстарды өзінен теріс айнытып алды.


Енді жаңа басшылыққа аймақтармен оң байланысты қайта орнатып, барлығына бірдей обьективті бола білу керек. Бірінші кезекте өңірлердің өз ішкі біріншіліктерін қайта жандандыруға көмектесіп, Қазақстан футбол чемпионаты пирамидасының іргетасын облыстардан қалау қажет. 

5. Кәсіпқой футбол лигасымен қарым-қатынасты түзеу

2012 жылдан бері жеке ұйым ретінде жұмыс жасап келе жатқанымен Кәсіпқой футбол лигамыз Қазақстан футбол федерациясына жалтақтауын әлі қойған жоқ. Расында да әрқайсысының өз функциялары болғанымен ҚФФ-тың ел чемпионатына да ықпалы зор. Оны біз биыл мамыр айында Ерлан Қожағапановтың Лига кеңесінің отырысына баса-көктеп кіргенде кезекті рет көз жеткіздік.


Иә, өзара байланыстары болғаны дұрыс. Бірақ шектен шығып кетуге де болмайды. Бір-бірінің ішкі шаруаларына араласпай, ел футболын дамытуға ортақтаса күш салулары қажет. Жаңа басшылық осыны түсінсе екен дейміз.

6. Ұлттық құраманың бапкерлер алқасы

Функционерлер үшін Қазақстан футбол федерациясына президент сайлау қаншалықты маңызды болған болса, жанкүйерлер үшін ұлттық құраманың бас бапкерлік мәселесі де соншалықты маңызды. Қазір бұл тұрғыда пікірталастар өршіп тұр. Бірі Талғат Байсуфиновты қалдыру қажет десе, екіншілері жаңа білікті маман қажет дегенді айтуда. Рас, бұл тұрғыда өз пікірін ҚФФ бас хатшысы Қайрат Әубәкіров білдіріп, Талғат Маруанұлының келесі жылдың кем дегенде наурыз айына дейін қалатынын айтқан. Дегенмен, жаңа басшылық жанкүйерлер мен бапкерлер алқасын алаңдатпайтындай, бұл мәселеге толыққанды нүкте қою керек.


Міне, әзірге осы. Әлбетте жаңа да ескі құрамнан қанша дегенмен бір жаңашылдық күтеміз. Ең бастысы, кәсіпқой футболға балалар және бұқаралық футбол арқылы келу қажеттігін ұмытпайық. Ал мұның барлығы инфрақұрылымның арқасында жүзеге асатын шаруалар. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика