Қаңтар айы түгесіліп, міне ақпанның үшінші тәулігінде де күн ұясына батуға айналды. Бірақ футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы – әлі бас бапкерсіз...
Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері қаңтар айының аяғына дейін бекітіледі дегендей еді. Мұны тіпті ҚФО президенті Ерлан Қожағапанов 22 қаңтар күні отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында да айтып өткен.
Бірақ 2016 жылғы қаңтар айының тарих қойнауына еніп кеткеніне, міне, үш күн болды. Бірақ бас бапкердің есімі әлі жарияланған жоқ.
Отандық журналистердің қайсыбіреулері «биыл төрт жылда бір айналып келетін кібісе жылы, федерация үшін қаңтар әлі аяқталған жоқ» деп қалжыңдаған екен. Қалжың өз алдына, бірақ ұлттық құрамамыздың тізгінін ұстайтын бас бапкерідің есімі әлі жарияланар емес.
Осыған орай, бүгін Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты Ерлан Қожағапановтың сұхбатын жариялап, бірінші кезекте осы сұрақты көлденең тартыпты. Оған ҚФО басшысы былай деп жауап берген:
– Келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл оңай емес. Қойылатын талаптар, бас бапкердің көмекшілері, федерациямен және клубтармен өзара жұмыс, қаржы мәселесі, тағысын тағы. Бірақ шешуші сәтке де жетіп қалдық. Шыдаңыздар, аз ғана уақыт қалды.
Бұдан кейін ҚФО басшысы ұлттық құраманың бас бапкеріне қойылатын талап «Әлем чемпионатына жолдама алу» екендігін баса айтып өткен. «Кейде Англия мен Голландия құрамаларының да өз топтарынан шыға алмай қалатындығын» тілге тиек еткен. Бірақ мұның бізге қандай қатысы бар екендігін тараштамаған. Есесіне, «енді көш соңындағы орыннан ең соңғы матчта әупіріммен (қосымша көрсеткіштер арқылы) жылжуды енді қаламайтындықтарын және болдырмайтындықтарын» нақтылап айтып өткен.
Содан соң бас бапкердің көмекшісінің өз мамандарымыз болғандығын қаламайтындығын да білдірген. «Бізге өз тәжірибесімен бөліспейтін шетелдікті шақыру қызық емес, сондықтан бапкерлер құрамында қазақстандық жатықтырушылар болады» деп кесіп айтыпты.
Сонымен бас бапкердің есімі қашан белгілі болады. Ол әлі беймәлім. Таяу арада біліп қалармыз. Әзірше әліптің артын бағып, құлағымызды түріп жүру керек...