Вернуться к списку статей

Футболға барасыз ба, әлде әйеліңіздің жанында боласыз ба?

Футбол
2K
Неге тура 8 наурыз? Неліктен 7 немесе 9 наурыз емес? Биыл көктемнің алғашқы жексенбісі 6 наурыз екен... 8 наурыз күні халық суперкубок додасына ағылады дегенге сене аласыз ба?..

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы кеше алдағы мауымның күнтізбесін жариялады. Биылғы маусымның «пердесі» 8 наурыз күні жылдағыдай Қазақстан суперкубогы матчымен «түріледі» екен.

Неге тура 8 наурыз? Неліктен 7 немесе 9 наурыз емес? Биыл көктемнің алғашқы жексенбісі 6 наурыз екен... Бізде елішілік додаларға көрермен тарту онсыз да күрмеуі күрделі мәселе емес пе еді? 8 наурыз күні халық суперкубок додасына ағылады дегенге сене аласыз ба?..

«Футбол десе, мені де ұмытып кетесің» деп, өкпе-наздары қара қазандай болып жүретін футболшылар мен фанаттардың сүйіктілері суперкубок сарапқа салынатын ойынның әйелдер мейрамына тұспа-тұс келгеніне риза бола қояр ма екен?..

Бәлкім, бұл көпшілік талқысына салар өзекті мәселе емес дерсіздер де. Бірақ маусым күнтізбесі түзілгенде барлық ұсақ-түйектер ескерілуі керек емес пе? Осындай ұсақ-түйектерге мән бермесек, стадионға көрермендерді қалай жинаймыз?

Футболға дейін кейбір жанкүйерлер тіршілік күйбеңінен шаршап немесе отырған жерлерінен (көңілді дастархан басынан) тұрып кете алмай, стадионға бара алмай қалмаса болды да.

Әлде «дағдарыс кезінде ел мереке дегенді ұмытады, олардың көңілін доп додасымен аулаймыз» деген ой-жоспар ма? Онда таласым жоқ. Әйтсе де, өмірдің сәні мен салтанатына баланған әйелдер мерекесі күні стадионды лық толтыра алар ма екенбіз...

Әрине, бас қоса қалса, әңгімелерінің әлқисасы әйел емес, футболдан басталатын еркектер көп. Олар үшін футбол бәрінен артық. Футболды жақсы көретін қыз-келіншектер де бар. Яғни 8 наурыз күнгі суперкубок додасы көрерменсіз қалмайды. Тек солардың қарасы көбірек болса екен деймін.

Енді, өткенге көз жүгіртіп, футболдан Қазақстан суперкубогының қай күндері сарапқа салынғандығын көңіл бөле кетейік:

2010 жыл, 14 наурыз: «Ақтөбе» – «Атырау» – 2:0

2011 жыл, 2 наурыз: «Астана» – «Тобыл» – 2:1

2012 жыл, 6 наурыз: «Ордабасы» – «Шахтер» – 1:0

2013 жыл, 3 наурыз: «Шахтер» – «Астана» – 3:2

2014 жыл, 9 наурыз: «Ақтөбе» – «Шахтер» – 1:0

2015 жыл, 1 наурыз: «Астана» – «Қайрат» – 0:0 (пенальтиден – 3:2)

2016 жыл, 8 наурыз: «Астана» – «Қайрат» – ?

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика