Вернуться к списку статей

Аршавинге Қазақстан футболының жүлдесі емес... тек ақшасы керек пе?!

Футбол
2K
Қазақстан кубогының кейбіреулерге қажет емес жүлдесі... Фото: life.ru
«Қайрат» футбол клубының ресейлік легионері Андрей Аршавин Қазақстан кубогының финалында өзіне салтанатты түрде табыс етілген жүлдесін жанкүйерлерге “лақтырып” жіберген...

«Қайрат» Қазақстан кубогының финалында «Астана» клубынан жеңіліп қалған. Әйтсе де, Алматы командасының ойыншылары финалдан соң күміс жүлдемен марапатталған болатын.

Ресей легионері Андрей Аршавин өз жүлдесін жанкүйерлерге «сыйлап» жіберген көрінеді. Ресейлік life.ru басылымының жазуынша, көрермендерге қарай лақтырып жіберген. Лақтырды ма, әлде мәдениетті түрде сыйға тартты ма, оның анық-қанығын айта алмаймыз.

Сол жүлдені қағып алған жанкүйер оны Ғаламтор арқылы аукционға қойған көрінеді. Қайнар Ғаббасов деген студент Аршавиннің жүлдесі үшін 20 мың теңге сұрап отырған көрінеді-мыс...

Бүгін life.ru сайты «Қайрат» футбол клубы “жүлдесін лақтырып жібергені үшін Аршавинді жазаға тартпайды”, – деп жазды. Бұл ретте аталған басылым Алматы клубының Бас директоры Малик Кушалиевтен қысқа ғана сұхбат алған.

Онда «Қайраттың» Бас директоры “Аршавин өз жүлдесімен не істесе де – өз еркі, сатып жібере ме, біреуге қайтарымсыз сыйға тарта ма, аукционға қоя ма, оны өзі біледі”, – депті...

Сонда қалай болғаны? Өзінің екінші тынысын ашқан қазақ футболының додасы мен жүлдесіне деген сый-құрметі осы ма? Қазақстан футболының жүлделерін легионерлер осылай лақтыра берулері керек пе? Егер оның орнында өз еліміздің футболшысы болғанда, ол жазаға тартылар ма еді?

Бұған Қазақстан футбол федерациясы не дейді екен?! Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Әде бұл көрші елдің сайтының түймедейді түйедей қылып көрсетуі ғана ма?..

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика