Вернуться к списку статей

Қайырымдылық арқылы қазақтың қанша қаржысын қайтара алдық?

Футбол
2K
«Астана» футболшылары мен бапкерлер алқасы тұрмыстық жағдайлары төмендеу, және көп балалы отбасынан шыққан жанкүйерлерімен кездесіп, оларға материалдық көмек көрсетті.

Жасырын емес, қазақ футболынан табыс тауып жатқан легионерлердің басым бөлігі маусым аяқталысымен өз еліне барып, «аяз атаның» рөлін атқарып жатады. Мысалға былтыр Премьер-лигамыздың үздік сұрмергені атанған «Қайрат» шабуылшысы Жерар Гоу өзінің туған қаласы Абдижанға барып, кедей отбасынан шыққан 5 мың балаға сыйлық үлестірген болатын. Сондай-ақ, малилік Мамуту Кулибали де өзінің бір сұхбатында Бамокодан футбол академиясын ашқысы келетінін айтқан. Ал Қазақстан футбол федерациясының экс-президенті Ерлан Қожағапанов бір кездесуде «Ордабасының» бұрынғы ойыншысын мысалға келтіріп, Африкадан академия ашып алғанын, мұның барлығы Қазақстан ақшасына жасалып жатқан нәрселер екенін айтып күйінген еді. Дегенмен, бұл үшін легионерлерді де жазғыра алмайсың. Шетелде жұмыс жасасам мен де сөйтер едім. Пайдамды өз еліме тигізіп, өз жерімнің балаларын жарылқауға тырысар едім. Бірақ нан жеп жатқан жеріңді де ұмытпауың қажет. Бұл тұрғыда «Астана» футбол клубы жарады. Әлбетте, бұл идеяны кім ортаға тастағанын білмейміз. Дегенмен, осының барлығын қолға алып, ұйымдастырған «Астана» басшылығы мен әкімшілігін де айрықша атап өткен жөн болар.

Кеше елордамыздың №13 және №157 мектептерінің әлеуметтік жағдайы төмендеу, көп балалы отбасынан шыққан оқушыларымен кездескен «астаналықтар» өз қалталарынан ақша шығарып, қыстық киім жиынтықтарын сатып алып берді. Бұдан бөлек, ертеңгі «Астана» – «Апоэлге» қарсы кездесуге билеттер үлестіріп, қолтаңба берді. Суретке түсіп, аз да болса, әңгімелесіп, балғын балаларға бес минуттық бақыт сыйлады.

Сырттан қарасаң қызық. Балаларың әлгі сыйлықтарға аса қызығып та жатқан жоқ. Оларға футболшылармен суретке түсудің өзі үлкен бақыт. «Маған да қолтаңба беріңізші, менімен де суретке түсіңізші» деп Таңат пен Ненадтың соңынан жүгіріп жүр. Енді ертең осы балалар «Апоэлге» қарсы кездесуде ағаларына жанкүйер болып, стадионда қолдау көрсетіп отырады.

Григорий Бабаян, «Астана» ФК бас бапкерінің көмекшісі:

- Біздің командада шетелдік футболшылар көп, олар қазақ жерінде ақша тауып жүргендіктен, мемлекеттің әлеуметтік жобаларына көбірек қатысуды қалайды. Бүгінгі шараны біз түрлі себептермен аз қамтылған отбасы бүлдіршіндеріне - біздің жас достарымызға арнаймыз. Балалардың біршамасы - көп балалы отбасылардан. Күннің күрт суытуына байланысты бұл балаларға жылы киімдер қажет екені түсінікті. Осындай қажеттілікті көбірек сезініп отырған отыз балаға арнап қалың киім, аяқкиім, бөкебай мен бас киімнен тұратын киімдер топтамасын алып келдік. Балалар осы киімдерді киіп қыстың қатты аязына тоңбайды, сабағын бұрынғыдан да жақсы оқиды деген үміттеміз.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика