Вернуться к списку статей

Еліміздің Кәсіпқой футбол лигасының президенті отставкаға кетті

Футбол
1K
Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының президенті Бағлан Ергешев өз еркімен отставкаға кетті. Фото: pflk.kz
Бүгін Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының президенті Бағлан Ергешев өз еркімен отставкаға кетті. Бұл ақпаратты аталған лиганың ресми сайты таратты.

Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының кеңсесінде ҚФФ президенті міндетін атқарушы Сейілдә Байшақов, ҚФФ Бас хатшысы Қаныш Әубәкіров, ҚФФ Бас хатшысының кеңесшісі Әміржан Түсіпбеков Бағлан Ергешевке алғыс білдіріп, құрметтеп шығарып салған.

Екі тарап, яғни ҚФФ басшылары мен Бағлан Ергешев бір-біріне табыс, сәттілік тілеп, жылы шыраймен қоштасқан. Бір-бірінің еңбектерін атап өткен де екен. Алайда Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасына жаңа басшы қашан бекітілетіндігі жөнінде ешқандай ақпарат таратылған жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан футбол федерациясының Кезектен тыс сайлау конференциясы 28 қараша күні Астанада өтеді. Осы жиында ҚФФ президенті сайланады.

Ал 9 қараша күні ҚФФ Сайлау комитеті кеңесінің басқосуы өтіп, онда отандық футбол федерациясының президентігіне бір ғана үміткер тіркелді. Ол – әйгілі ардагер футболшымыз Сейілдә Байшақов. Басқа үміткер жоқ...

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика