Вернуться к списку статей

Футбол орталықтары! Қашан қанат қағады таланттарың?

Футбол
2K
Футбол орталықтары арасындағы 1998 жылы туған базбалалар біріншілігінде
Еліміздегі премьер-лига клубтарының іргесінен «Футбол орталықтары» ашылып, жұмыс істей бастағандарына төрт жыл болды. Бірақ әлі алғашқы түлектерін көрер емеспіз...

Төрт жыл бұрын тыңнан түрен тартқанбыз

Осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2012 жылы үлкен бастаманы қолаға алып, жүзеге асыра бастағанбыз. Премьер-лига клубтарының қабырғасынан балаларға арналған футбол орталықтары ашылып, көпшілікті қуантқан.

2012 жылдың қаңтар айының бірінші жартысында «Қазақстан Республикасындағы балалар және жасөспірімдер футболының 2012-2022 жылдар аралығындағы даму бағдарламасы» деп аталатын жаңа жоба қола алынған-ды. Еуропаның аяқдобы озық бірнеше елдері мен Германиядағы балалар және жасөспірімдер футболының даму жүйесінің негізінде жасалып, жүзеге асырыла бастаған.

Әрі сол жылдың қоңыр күзіне дейін Астана, Қарағанды, Тараз, Ақтөбе, Павлодар, Талдықорған қалаларында осындай орталықтар ашылып, олардың бәрі де тоғыз жас мөлшеріндегі дайындық топтарын доп тебуге икемді дарынды балалармен жасақтаған.

Қанша Футбол орталығы бар?

Бұлардың бәрі де неміс әдіс-тәсілдері жиынтығымен жұмыс жасап, доп тебу өнерін Қазақстан балаларына сіңіре бастаған Ал «Қайрат» клубы болса, басқа жүйемен жас жеткіншектерді тәрбиелеуге көшкен. Былайша айтқанда, жаппай футбол орталықтары ашылып, футбол ойнауды үйрене бастаған өрендер саны күрт өскен!

Содан бері мұндай футбол орталықтарының саны артты. Алғашқы үш жылдың ішінде-ақ футбол өнерін үйреніп жүрген жеткігшектер саны 40 пайызға артты. Енді бір көңіл аударарлығы, осы футбол орталықтарына алыс-жақын шет елдерден білікті мамандар да шақырылды.    

Қазақстан футбол федерациясындағы ресми деректерге сенсек, қазір бізде 17 футбол орталығы бар екен. Атап айтқанда – Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Тараз, Ақтөбе, Семей, Өскемен, Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Қостанай, Орал, Атырау, Ақтау, Петропавл, Көкшетау қалаларында.

Олардың әрқайсысында 11-17 жаттықтырушы жұмыс істейді. Ал «Қайрат» клубының футбол орталығындағы тек қана бапкерлерінің саны 30-дан асып түседі. 17 футбол орталығында ең кемі 300-ге тарта, ал ең көбі 800-ге жуық жеткіншек футбол өнерінің қыр-сырына қанығып жүр...

Томағалары сыпырылған, бұғаналары қатқан жоқ, әлі

Өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар, бізде футбол орталықтары аз емес екен. Енді осылардың түлектері қайда? Еңбектерінің жемістері, алғашқы баптап ұшырған “қарлығаштары” қане?

Рас, 2012 жылы алғашқы футбол орталықтары ашыла бастағанда, мамандар «бұл жобаның нәтижесі мен жемісін 6-7 жылдан кейін көре бастаймыз» деген болатын. Яғни алты жыл әлі өткен жоқ.

Иә, алғашқы футбол орталықтарының ашылғанына төрт жыл, соңғыларына бір-екі жыл ғана болды десек, бұл мектептердегі таланттардың бұғаналары әлі қатқан жоқ, қанат қағып ұшқан жоқ. Ендеше, олардың алғашқы “қарлығаштарын” іздестіріп, нәтижесін сұрастыруға әлі де ертерек болар?

Десек те, ересек топтарындағы бозбалалардың премьер-лига клубтары сапында төбе көрсете бастайтын уақыттары болып қалған жоқ па? Осыдан төрт жыл бұрынғы 15-16 жас аралығындағы жеткіншектер қазір 19-20 жасқа толып, халықаралық додаларда ел намысын қорғауға жарап қалды емес пе?!

Әлде олар ескерусіз қалып, ешкім де оларға мән беріп жүрген жоқ па? Неге әрбір клубтың және Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметтері олардың аттарын атап, түстерін түстеп, насихаттап отырмайды?

Ескі жүйе жас таланттарды көксетер емес

Негізі, футбол орталықтары түлектерінің ел чемпионатына аттап баса алмай жүргендерінің басқа да себебі бар сияқты. Өйткені біздегі жүйе әлі «баяғы жартас – сол жартас» күйінде. Айтарлықтай өзгеріс байқалмайтындай...

Қандай да бір футболшының ел чемпионатындағы қайсыбір команданың құрамына ілігуі үшін тамыр-танысы немесе ағасы-жағасы болуы керек сияқты ма, мүлде түсініксіз? Әйтеуір жастар топырлап қосылып жатқан жоқ. Әлі сол баяғы уәж көлденең тартылады – деңгейлері төмен-мыс!

Қалай ғана жастар көбейсін, әлі де шетелдік бапкерлердің ығына жығылып жүрсек. Мысалы, «Тараз» клубы маусым ортасында Украинадан Юрий Максимовты шақырды. Әлбетте, мұндай бапкерлер өз командасын, яғни серіктері мен сүйіктілерін өзімен бірге ала келеді.

Сөйтіп, Бауыржан Байтана секілді әлеуеті зор жастарымыз Олександр Алиев сияқты ойнағанынан қосалқы құрам орындығында отырған көп легионердің көлеңкесінде қалып, орнын босатуға мәжбүр. Босып-жасып жүрген өз жастарымыз. Әрі тізе берсек мұндай мысалдар көп...  

Осылай, қайсыбір клубтардың маусым басындағы «өз түлектерімізді шыңдап, жергілікті жігіттерге мүмкіндік береміз» деген сөздері мен саясаттары, уәделері мен ұстанымдары аяқасты өзгеріп сала береді...

Көзге түсіп, елге танылып қалған футболшыларымыздың өздері осылай жасыл алаң жиегінде жәудіреп жүргенде, футбол орталықтарының түлектері туралы ауызға алудың өзі қисынсыздау сияқты...

«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген халық мәтелі қазақ футболында «бір легионер келсе, бір жергілікті футболшы командасыз қалады» болып өзгеріп кеткендей де ме?..

Негізгі құрамға жас футболшыларды шығаруды талап ету керек пе?

Сонда, жас таланттардың бағын қалай ашу керек? Оларға нәтиже қуған бапкерлер жылы көзбен қарайтын емес. Әрбір ойында жеңіске жетіп немесе тең түсіп, жалақыларына сыйақы қоса бергілері келетіндей...

Естеріңізде болса, осыдан 10 жыл бұрын Қазақстан футбол федерациясы «премьер-лигадағы (бұған дейінгі суперлигадағы) әр команда сапында міндетті түрде 21-ден аспаған екі жас футболшы ойнауы керек, әрі оның біреуі қазақ болуы шарт» деген қатаң талап қойды.

Өкінішке қарай, сол міндеттеме жыл өткен сайын жұмсара берді. 2008 жылдан бастап, әлгі «екі жас ойыншының біреуі міндетті түрде ұлты қазақ футболшы болуы керек» деген талап күшін жойды. Сәл кейінірек, алаңға тек бір жас футболшы ғана шығатын болды.

Ал биыл «матч хаттамасында жасы 21-ден аспаған кемі екі футболшы тіркелуі керек» деген талаппен ғана шектелдік. Олар алаңға шыға ма, шықпай ма, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Сөйтіп, бірнеше жас ойыншы қосалқы құрам орындығын тоздырып отырумен ғана шектелді...

Рас, бұл мінтеттеменің теріс жақтары да болды. Мәселен, көрші елдерден дайын футболшы әкеліп, олардың жастарын бірер жыл шегеріп, жасартып беру үрдісі де белең алған...

Десек те, осы талап-міндеттеменің арқасында бірнеше футболшымыз премьер-лигада алғаш доп теуіп, додаға түскен. Әрі бәрі бірдей “дандайсып” кетпей, жастар арасындағы ел құрамасына, тіпті ұлттық құрама сапына шақыртыла бастаған.

2008 жылғы ел чемпионаты аяқталған соң Қазақстан футбол федерациясының ұйымдық мәжілісі өтіп, онда Нөсербаев, Көкеев, Кенбаев, Ибраев, Бейсенов, Сабалақов, Логвиненко, Кислицын, Эрбес, Мальцев және басқа жас дүлдүлдеріміздің осы міндетті талаптың арқасында тез жетіліп, тәжірибелі футболшыларымыздың өздеріне бақталас болып отырғандығын баса айтылған еді.

Түйін

Байыптап қарап отырсақ, барлық облыс орталықтарында аймақтық футбол федерациялары бар. Барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларымызда футбол орталықтары бар. Ол аз десеңіз, әр қалада футбол үйірмелері бар.

Жылда оқушылар мен жас жеткіншектер арасында әр түрлі доп додалары ұйымдастырылып тұрады. «Былғары доп» додасын қайта жандандырғалы да бірнеше жыл болды. Жеткіншектер арасында республикалық біріншіліктер де өткізіле бастады.

Былай қарасақ, көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ қайда жас буын? Қайда осы орталықтар мен додалардың түлектері және үздіктері? Әлде олардың бәрі ешқандай да жұмыс атқарып жатқан жоқ па? Бәрі де қағаз жүзінде ғана ма?!

Халқымыз «жүден жүйрік, мыңнан тұлпар» дейді, ендеше жүздеген, мыңдаған жас өреннің ішінен тым болмаса бір-екеуінің бағы жанып, жұлдызы жарқырап шығатын уақыт болған жоқ па? Қайда таланттар? Әлде қыруар қаржыны бос шашып жатырмыз ба?!

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика