Арно Пайперсті аңсайтындардың есіне
Біздегі футбол жанкүйерлері қызықпыз, осы... Қолда барды қадірлей білмейтіндейміз бе? Демеп-жебеп отыру сезілмейді, әйтеуір. Шетелдік мамандарды сиқыршыдай көреміз. Құдды, шетелдің білікті бапкерлері ұжмаққа жеткізетіндей. Әлде орыс тілді қайсыбір басылымдардың пәлсапаларына бас иіп кеткенбіз бе?..
Арно Пайперстің 2007 жылғы бір жеңісін әлі жырлаймыз. Сол голланд маманының Ресей құрамасынан 0:6 есебімен, ал өз алаңымызда Армения футболшыларынан 1:2 есебімен ұтылып қалғандығын жылы жауып қойғанбыз.
Айтпақшы, Арно Пайперс 2008 жылы Қаратау (Crna Gora) құрамасынан 0:3 есебімен ұтылып қалған. Қаратулықтар УЕФА құрамына 2007 жылы ғана еніп, дербес команда болып ойнауды сол кездері бастаған еді. Тізе берсек, Пайперстің де ірі жеңілістері жетіп артылады.
Красножанды көксейтіндердің жадына
Одан кейін ресейлік Юрий Красножанды көлденең тартатындар да бар. Қазақстан құрамасымен Латвиядан басым түскенін тілге тиек ететіндер аз емес екен. Оу, ағайын, ФИФА-ның ұлттық құрамалар рейтингісіне қарасаңыздаршы! Латвия қазір қайда?
Латвия қазір ФИФА-ның ұлттық құрамалар арасындағы рейтингісінде 116-орында тұр! Ал біздің құрама 90-орында! Бақандай 26 саты төмен! 2018 жылғы әлем чемпионатының електік додасында бағы жанып, ең оңай топқа түсті. Түзде Андорраны 1:0 есебімен жеңіп, айдарынан жел есті.
Есесіне, өз алаңында Венгриядан 0:2 есебімен, ал түзде Португалиядан 1:4 есебімен ұтылды. Ол, ол ма?! 8 қазан күні Ригада Фарер аралдарынан 0:2 ұтылып қалып, масқара болды...
Сондықтан, былтыр Латвия құрамасын сан соқтырып кеткен Қазақстан құрамасының жеңісін Юрий Красножанның жетістігі мен біліктілігне апарып телу дұрыс емес сияқты. Керек десеңіз, біздің құрама Фарер аралдарынан да асып түсе алмаған (1:0 есебімен ғана ұтты, ал аралдықтар – 2:0).
Юрий Красножанның екі жылдың ішінде қалтасын көк қағазға қаттап кеткенін білеміз. Ал Талғат Байсуфинов оның жартысындай да, тіпті ширек бөлігіндей де жалақы ала ма екен? Білмеймін,тек "өз елім үшін ұлттық құраманы тегін жаттықтыруға дайынмын" дегенін естігенбіз...
Байсуфиновке білікті кеңесші керек
Қызық, Пайперстің тоғыз жарым жылдан асып кеткен жеңісін тықпалай беретіндер Байсуфиовтің биылғы жеңістерін есепке алмай ма? Рас, Әзірбайжанды да, Қытайды да жолдастық кездесулерде жеңді.
Әйтсе де, биыл ғана Еуропа чемпионатына қатысқан, біреуі тіпті ширек финалға дейін жетіп, тек пенальтиден болашақ чемпионнан ұтылған екі құрамамен (Румыния және Польша) тең түсті ғой.
Тоқ етері, біріншіден, Байсуфиновке әлде де мүмкіндік беру керек сияқты. Қазақстан ұлттық құрамасының келесі қарсыласы – Армения футболшылары. 2017 жылдың 26 наурызында түзде ойнайды.
Міне, осы ойын Талғат Маруанұлының бапкерлік біліктілігі мен деңгейіне “өлшем” бола алса керек. Осы матчтан кейін өз маманымыздың қабілеті мен әлеуетіне нақты баға беруге болатын сияқты.
Екіншіден, Байсуфиновке білікті кеңесші керек. Бәлкім, шетелдік маман болар, бірақ тәжірибесі мол, көпті көрген, сыралғы бапкер қажет. Үнемі көмекші болып жүрген емес, бас бапкер міндетін атқарып, ерен жетістіктерге қол жеткізген, дүлей додаларда әбден ысылған маман керек.
Тізгінді шетелдік бапкердің қолына толығымен ұстата салмай, ондай білікті маманның мол тәжірибесін көмекші ретінде бекітіп, пайдалану керек сияқты. Ұлттық құрама сапында ұлттық мүддені ойлайтын да ЖАН болуы керек. Сонда өз жігіттеріміз алаң жиегінде жәутеңдеп отырмайды...