Вернуться к списку статей

Дания - Қазақстан текетіресі туралы 10 дерек

Футбол
2K
Дания - Қазақстан текетіресі туралы 10 дерек
Бүгін Копенгагенде өтетін ойын туралы не білесіз? Осыдан 11 жыл бұрынғы ойын немен аяқталып еді? Кімде қандай өзгеріс бар? Матчқа Патрик Твумаси мен Роберто Карлосты алаңнан қуған төрешінің қызмет ететінінен хабардарсыз ба?, - деген сынды сұрақтардың барлығын бір материалға жинап, назарларыңызға Дания – Қазақстан текетіресі туралы 10 деректі ұсынамыз.

1. Матч бүгін, яғни қарашынң 11-інен 12-сіне ауған түні Астана уақытымен сағат 01:45-те басталады. Кездесудің тікелей трансляциясын «Қазақстан» телеарнасы ұсынады.

2. Қазақстан мен Дания арасындағы уақыт айырмашылығы бес сағатты құрайды. Яғни, ойын Копенгаген уақытымен сағат 20:45-те басталады.

3. Копенгаген мен Астананың ауа-райы шамамен ұқсас. Қазір Дания астанасында 2 градус жылылықты көрсетіп тұр. Кешкісін термометр бағамы аса өзгере қоймайды.

4. Ойын «Паркен» стадионында өтеді. Құрылысы 1990 жылы басталып, 1992 жылы пайдалануға берілген бұл аренаның сиымдылығы 38 076 көрермен. «Копенгаген» футбол клубының стадионы болып саналады. Жасанды желегі табиғи шөп.

5. Букмекерлердің басым бөлігі бірауыздан бұл ойында Дания жеңеді деп отыр. Көпшілік букмекерлік кеңселер алаң иелерінің жеңісіне 1,27 коэфициентімен бәс қабылдауда. Тең ойын тіркеледі дегенге 5,1 коэфициент. Ал Қазақстан ұтады дегенге 10,5 коэфициент.

6. Кездесуге Алон Йефин бастаған израилдық төрешілер қызмет етеді. Оған қос қапталда отандастары Дэнни Красиков пен Ниссан Давиди көмектеседі. Резервтегі төреші – Орел Гринфилд. 44 жастағы бұл арбитр 2002 жылдан бері ФИФА матчтарында қызмет етіп келеді. 96 халықаралық кездесуге қатысқан екен. «Сары қағаздың» хас маманы. Осы күнге дейін тек төрт-ақ ойында футболшыларға ескерту жасамаған. Қызыл қағазды да қалтасынан оп-оңай шығара салады. Пенальти белгілей салуы да қиын емес. Былтыр елордамызда өткен «Астана» – ХИК матчы арқылы қазақстандық жанкүйерлерге жақсы танымал. Сол ойында Патрик Твумасиді алаңнан қуып, алты матчқа жазалануына себепкер болған. Одан ертеректе 2010 жылы Еуропа лигасының аясында «АЗ Алкмаар» (Голландия) – «Ақтөбе» ойынында төрелік еткен. Ал 2003 жылы Португалия – Бразилия матчында алаң иелерінің қақпасына пенальти белгілеп, жоқ жерден Роберто Карлосқа қызыл қағаз көрсеткен.


Алон Йефиттің "Астана" – ХИК матчында Патрик Твумасиді алаңнан қууы (2015 жыл)

7. Жергілікті сарапшылар Дания – Қазақстан кездесуінде көрермен аз болады деп болжап отыр. Мұның алдында өткен Дания – Қаратау кездесуін «Паркен» стадионынан 20 582 адам тамашалаған екен. Дегенмен, дүйсенбі, яғни 7 қараша күні 17 250 билет сатылды деген ақпарат тарады.

8. Дания баспасөзі бұл матч бас бапкерлері Оге Харейде үшін шешуші ойын болады деп отыр. Егер Қазақстанды ұта алмаса, Харейде қызметінен кетпек. Бір қызығы, бұған дейін Дания футбол одағы бірде-бір бас бапкерін келісімшарты аяқталғанша қызметінен қумаған. Сондықтан, футболшыларымыз бүгін тарихта қалуы әбден мүмкін.

9. Қазақстан мен Дания ұлттық құрамалары бұған дейін өзара 2005 жылы 2006 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасы аясында кездескен. Копенгагенде өткен ойында Тимофеев шәкірттері 0:3 есебімен ойсырай жеңілсе, өз жерімізде 1:2 есебімен ұтылдық. Жалғыз голды қорғаушы Александр Кучма соққан. Сол кездегі құрамадан бүгінде Байсуфиновтің командасында тек Мақсат Байжанов қана қалды. Клубтық Алматының «Қайраты» 2014 жылы Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында Данияның «Эсьберг» командасымен кездесіп, біреуінде тең түскен, екіншісінде 0:1 есебімен ұтылған.

10. «Е» тобында Қазақстан ұлттық құрамасы 2 ұпаймен алты команданың ішінде 5-орында тұр. Польша және Румыния құрамаларымен тең түсіп, Қаратаудан 0:5 есебімен ұтылғанбыз. Дания үш ұпаймен бізден бір ғана саты жоғары тұр. Олар бірінші ойында армяндарды 1:0 есебімен ұтқанымен қалған екі матчта Польшадан 2:3 және Қаратаудан 0:1 нәтижелерімен жеңілген. Көш басында 7 ұпаймен Қаратау және Польша құрамалары келеді. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика