Вернуться к списку статей

Премьер-лигада отандық бапкерлер көбейді

Футбол
2K
Фото
2013 жылы Владимир Никитенко «Ақтөбе» клубымен топ жарып, жалақылары жоғары шет елдік бапкерлерді сан соқтырып кеткен.

Футболдан Қазақстан премьер-лигасындағы алдағы маусым отандық бапкерлер үшін үлкен сын болғалы тұр. Әзірше жоғарғы лигамыздағы 12 команданың тең жартысы өз жаттықтырушыларымызға сенім артып отыр.

Шынымызды айтайық, соңғы жылдары мұндай болған емес. Премьер-лигадағы 12 клубтың бір-екеуінде ғана өз бапкерлеріміз бас бапкер болып жүретін. Көбісі шетелдік мамандарға иек артып алған-ды. Бірақ былтырдан бері жергілікті мамандар саны көбейіп келеді. Биыл тіпті көбейіп отыр.

Негізі, қазақстандық бапкердің өз шәкірттерімен чемпион болғаны күні кеше ғана. 2013 жылы Владимир Никитенко «Ақтөбе» клубымен топ жарып, жалақылары жоғары шет елдік бапкерлерді сан соқтырып кеткен.

Бәлкім, осыдан кейін отандық бапкерлер саны арта бастады дерсіз. Жо-оқ! Содан бері екі жыл өтті. Жағдай өзгерді. Теңге құлдырап, доллар шарықтап, бүгінде шетелдік мамандармен келісу оңай болмай тұрғандай. Шетелдік мамандардың жалақыны теңгемен алысуға келісетіндері бар ма екен?..

Сондай-ақ жағдайлары қоңды, құрамдары ығай мен сығайлардан жасақталған «Астана» және «Қайрат» клубтарымен тайталасу да қиындап кеткен. Облыстық бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі азаймаса, көбеймейтіндей. Сондықтан біраз клубтарымыз «аш бала тоқ баламен ойнамайды» дегендей, қалталары қалың командалармен жарыспай, өз бапкерлеріміз бен ойыншыларымызға сенім артуға көшіп отырған сыңайлы.

Кім біледі, мүмкін 2013 жылдағыдай Никитенко, Огай, Байсуфинов, Байсейітов сияқты сыралғы бапкерлеріміз қалауын тауып, «қар жағар». Өйткені Бородюк, Уткульбаев, Вукушич сынды білікті бапкерлер қазақ футболында – алғаш рет. Шу дегеннен шалғайдағы шығыс чемпионатының өзіндік шытырмандарын ширатып кете ала ма?

Бұл тұрғыда Станимир Стойлов қана қазақ додасының қыр-сырына қанық. Ал Владимир Муханов біздің футболымызға тастай батып, судай сіңіп кеткелі қашан. Димитар Димитров та Қазақстан премьер-лигасының қызығы мен шыжығынан хабардар, ендігі үйренісіп қалған да болар. Бұл үшеуінің де көздегені – жоғарғы орындар.

Ал Құлшынбаев пен Мырзабаевқа осындай тәжірибелі тәлімгерлер арасында «тар жол тайғақ кешуге» тура келеді. Командаларын тіс қаққан, кәнігі ойыншылармен нығайта ала ма? Оған жағдайлары мен мүмкіндіктері жете ме?

Сонымен, биылғы чемпионат осы бір тұсымен қызық болғалы тұр. Отандық бапкерлер өздеріне берілген мүмкіндікті пайдалана ала ма? Жасыл алаңдағы шиеленісті сыннан сүрінбей өте ме? Кімнің бағы жанады, қайсысы алғашқы турлардан соң орнынан «қағылады»? Әліптің артын тосайық, бәрін де уақыт көрсетеді...

Қай елден қанша бапкер:

Қазақстан – 6

Ресей – 3

Болгария – 2

Словакия – 1

Қазақстан премьер-лигасындағы бас бапкерлер тізімі:

Команда

Бас бапкер

Азаматтығы

«Астана»

Станимир Стойлов

Болгария

«Қайрат» (Алматы)

Александр Бородюк

Ресей

«Ақтөбе»

Юрий Уткульбаев

Ресей

«Ордабасы» (Шымкент)

Бақтияр Байсейітов

Қазақстан

«Атырау»

Владимир Никитенко

Қазақстан

«Ертіс» (Павлодар)

Димитар Димитров

Болгария

«Тобыл» (Қостанай)

Дмитрий Огай

Қазақстан

«Оқжетпес» (Көкшетау)

Владимир Муханов

Ресей

«Тараз»

Нұрмат Мырзабаев

Қазақстан

«Шахтер» (Қарағанды)

Йозеф Вукушич

Словакия

«Жетісу» (Талдықорған)

Алмас Құлшынбаев

Қазақстан

«Ақжайық» (Орал)

Талғат Байсуфинов

Қазақстан

 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика