Вернуться к списку статей

Әміржан Мұқанов – Қазақстан құрамасы бапкерлікке шақырған жоқ, енді қырғыз футзалын дамытамын

Футбол
2K
Әміржан Мұқанов - бүгінде Қырғызстан футбол федерациясының техникалық директоры
Қазақ футзалының отымен кіріп, күлімен шыққан, ең қиын кезеңдерде ұлттық құрамамызды жаттықтырып, әлем чемпионатына апармаса да, біраз биіктерді бағындырған Әміржан Мұқанов жақында Қырғызстан ұлттық құрамасымен келісімшарт жасасты. Қазаққа сыймаған білікті бапкеріміз енді қырғыз футзалын дамытуға атсалысатын болады.

– Әміржан Абзалұлы, Қырғызстан футбол федерациясымен келіссөздер қашан және қалай басталған еді?

– Жаздың ортасы болатын. Менімен Қырғыз футбол федерациясының өкілдері хабарласты. Ұзақ сөйлестік. Бүкіл проблемалардың барлығын айтып берді. Біраз пікір алмастық. Шынымды айтсам, ұсыныс бірден көңілімнен шықты. Бірақ менің бар ойым «Тұлпарда» болатын. Қарағандының командасын жаттықтырып жүргендіктен тастап кете алмадым. Қырғызстандағы әріптестеріме күте тұруларын сұрадым. Кейін клубтың жағдайы белгілі болып, оның жабылатыны анықталған соң қыркүйек айында келіссөздерді жалғастырып, бір мәмілеге келдік.

– Қанша уақытқа келісімшартқа отырдыңыздар?

– Мен мұнда бір жыл үшін келгенім жоқ. Алдыма жаңа мақсаттар қойып, оны Қырғызстан футбол федерациясының мақсаттарымен ұштастырып келдім. Сондықтан, бұл мен үшін жаңа сынақ.


– Қырғызстан Республикасы футбол федерациясының ұсынысы несімен қызықтырды?

– Келесі жылдан бастап елімізде бірқатар жаңа командалар пайда болайын деп жатыр ғой. Сондықтан, мені өздеріне шақырған клубтар да болды. Бірақ бәрінен де Қырғызстан футбол федерациясының ұсысыны қызықтырақ көрінді. Бішкекте ҚРФФ президенті Семетей Сұлтанов кездескеннен кейін-ақ осында қалуым керек екенін түсіндім. Одан кейін Қазақстаннан еш ұсынысты қарастырған жоқпын.

– Енді Бішкекте тұратын боласыз ба, әлде белгілі бір уақыттарда қатынап жүресіз бе?

– Мен енді Бішкекте тұрамын. Жұмысым тиянақты болу үшін осындай шешімге келдім. Тұрмыстық жағынан Қырғызстан футбол федерациясы бар жағдайымды жасауда.

– Жақында футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Какау қызметінен кететіні туралы мәлімдеген еді. Осы орайда сізді Қазақстанға бас жаттықтырушы ретінде немесе бас бапкердің көмекшісі қызметіне шақырған жоқ па?

– Қазақстан тарапынан ондай ұсыныстар болған жоқ, болуы да мүмкін емес еді.

– Ал Қырғызстан футзалында нақты қызметіңіз қандай? Біреулер техникалық директор деп жатыр, біреулер ұлттық құраманың бас бапкері деп жүр. Нақты қандай мәселелерге жауап бересіз?

– Иә, менің қызметім – техникалық директор. Жауапкершілігіме Қырғызстандағы футзалдың жалпы дамуы кіреді. Әзірге Қырғызстан ұлттық құрамасында бас бапкер жоқ. Алғашқы міндетім, ұлттық құраманың бас бапкері болуға лайық үміткерлерді анықтау. Солардың тізімін жасауым керек. Келесі жылдың қазан айында бізді маңызды іріктеу додасы күтіп тұр. Сондықтан, бас бапкерді 2017 жылдың ақпанына дейін тағайындап қоюымыз қажет. Бұдан бөлек, Қырғызстан жастар құрамасына да жауаптымын.


– Жалпы, Қырғызстан футбол федерациясы алдыңызға қандай нақты бір тапсырма немесе мақсаттар қойып отыр?

– Дәл қазіргі міндетім – Қырғызстан футзалын дұрыс жүйеге қою. Әр бағытта дұрыс қадам жасау қажет. Мәселен, алғашқы күндері ішкі чемпионаттың, ел кубогының регламенттерімен айналыстық. Ал ұлттық құрамаға келер болсақ, дәл қазір біз жастар құрамасына күш салып отырмыз. Келесі жылдың мамырында жастарымыз Азия чемпионатына қатысады. Соның қорытындысы бойынша ұлттық құрамаға ойыншыларды іріктейміз. Жалпы, мықты құрама жасақтау үшін жаңа команда жинау керек. Бұл тұрғыда менің тәжірибем бар. 2008 жылы Қазақстан жастар құрамасын жаттықтырғанмын. 2009 жылы сол жастардан мықты ұлттық құрама жасақтадық. Әлбетте, бәрі бірден керемет бола қойған жоқ. Бұл үшін үлкен шыдамдылық пен қажырлы еңбек керек. Сонда ғана жемісін көреміз. Мысалға Қазақстан футзалының қазіргі деңгейін барша әлем жақсы біледі.

– Әміржан аға, сұхбат соңында екі елдің футзалдағы жағдайын салыстырып өтсеңіз. Біздің деңгей мен олардың деңгейіндегі айырмашылықтар қандай?

– Екі елдің футзал жағдайын салыстыру өте қиын. Қазақстанда да, Қырғызстанда да өз жақсы жақтары мен кемшін тұстары бар. Қырғызстанда бір ұнағаны, мұнда Федерация басшыларының футзалға деген көзқарастары түзу. Үнемі қолдауларын сезініп жүремін және олар да футзалды дамытуға барынша ынталы. Жақтастарым мен пікірлестерімді де көптеп тауып жатырмын. Аз ғана уақытта атқарылған шаруалар да аз емес. Бірақ проблемалар да жетерлік. Бәрін өз уақытымен жүйеге келтіреміз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика