Вернуться к списку статей

Андрей Карпович – "Алтай" бір күндік команда емес екенін дәлелдеді

Футбол
2K
Бұл Андрей Карповичтің кәсіпқой футболдағы соңғы ойыны дегенді естіп, «Алтай» – «Тараз» кездесуінен кейін шығыстық команданың капитанын іздеп бардық. Мәскеуге ұшуға дайындалып, шабаданын жинап жүр екен. Біраз әңгімелестік. Футболдан кету жайлы нақты шешімге келмепті. Шамасы, «Алтаймен» бірге Премьер-лигада ойнағысы келетін сияқты. Алайда, алдымен «Таразбен» болған матч жайлы сұрадық.

– Андрей, «Таразды» соншалықты дәрменсіз болады деп ойладыңыз ба?

– Жоқ, мұндайды мүлдем күтпегенмін. Өйткені, «Тараз» – құрамы қарымды ойыншылардан құралған, өте тәжірибелі команда. Дегенмен, бүгін бізге жеңіс қажетірек болды деп ойлаймын. Алаңға жеңіс үшін шықтық және мақсатымызға қол жеткіздік. Әлбетте, 3:0 есебі ешкім күтпеген нәтиже шығар. Бірақ біз жеңіске лайықты болдық.

– «Тараздың» жаттықтырушысы алаңға менсінбей шыққандарын айтуда. Ойын барысында қарсылас тарапынан менсінбеушілікті байқаған жоқсыз ба?

– Бәрі де мүмкін. Бірақ өздері соңғы орында келе жатқан команданың алаңға қарсыласын менсінбей шығуын түсінбеймін. Премьер-лига керек пе? Ендеше жасыл алаңда жаныңды сал. Футболда ешкім ешкімді аяп отырмайды. Бүгін «Тараздың» ойыны жүрген жоқ, ал біз Премьер-лигаға шығу үшін бар күшімізді салдық.

– Есеп 3:0, «Алтайдың» мықтылығы ешкімнің күмәнін тудырған жоқ. Жеңістің қолдан сусып кетпейтінін қай кезде түсіндіңіздер?

– Шынын айтқанда, 2:0-ден кейін-ақ бәрі түсінікті болды. Қарсыласымыздың бізге қарсы еш қауқар көрсете алмайтыны белгілі болды. Егер барлық мүмкіндіктерімізді голға айналдырғанда есеп бұдан да ірі болуы мүмкін еді. Доп бағанаға тиіп серпілген кезін де көрдіңіздер. Басқа да әдемі шабуылдар ұйымдастырдық. Меніңше, соңына қарай, жеңіліске мойынсұнғандары соншалық, «Тараз» футболшылары ойынды ертерек аяқтауға тым асық болды. Ал біз өз ләззатымыз үшін, жанкүйерлеріміз үшін ойнадық.


– Ойын басында «Алтай» түркі халқының ескі дәстүрін еске түсіріп, футболшыларды отпен аластады. Бұл рәсім «Таразды» жеңуге көмектесті ме?

– Бұл жағын нақты айта алмаймын. Бір анығы, біздің команда қатты жеңіске жеткісі келді. Оның үстіне, ескі дәстүрлерді құрметтейтінімізді көрсеттік. Бұрын естімеген қызық салт екен. Әйтседе мұның барлығы жайдан жай пайда болған жоқ қой.

– «Алтай» Бірінші лигада біраз командадан ұтылып, біразын жеңді. Осылармен салыстырғанда «Тараздың» деңгейі қалай?

– Бұл әртүрлі Лига, әртүрлі турнир ғой. Дегенмен, Бірінші лиганың да деңгейі өсіп келеді. Қазір ол жақта да оңай шағылар жаңғақ жоқ. Премьер-лиганың топ-клубтарының өзіне оңай болмайды. Мысалға биыл «Қызыл-Жар» ел кубогының аясында «Тобылдың» өзін ұтып кетті. Ал «Астана» өз алаңында Ақтаудың «Каспиін» әзер жеңді. Сондықтан, қандай ойын, қандай матч болмасын, өз мықтылығыңды дәлелдей білуің қажет.

– Керісінше, «Таразға» Бірінші лигада бір жыл ойнап қайтқан пайдалы болатын сияқты.

– Иә, дәл айттыңыз. Тараз – футбол тарихы бай қала. Ол жақтан үнемі мықты ойыншылар тәрбиеленіп шығады. Бірқатары ұлттық құрамада ойнап жүр. Сондықтан, футбол бұл қалада әрдайым бірінші орында болуы тиіс. Енді олар соңғы кездері жіберген қателіктерінің барлығын саралап, бір қорытынды шығарады деп ойлаймын. Ал келесі жылы Премьер-лигаға қайта оралатынына сенімдімін.

– Енді өзіңіз туралы. Бұл сіздің кәсіпқой футболдағы соңғы ойыныңыз болды ма?

– Өзімнің жақын дос, туыстарымның арасында айтқаным болмаса, бұл жайлы ресми мәлімдеме жасаған жоқ едім. Дәл қазір бұл сұрағыңызға «иә» немесе «жоқ» деп айта алмаймын. Көреміз. Бәлкім, бір демалып алып, тағы да ойланып көруім керек шығар. Жас емеспін. Дегенмен, футбол да ойнағым келеді. Егер бутсымды шегеге ілуге шешім қабылдасам, міндетті түрде мәлімдеме жасаймын.

– Егер биыл футболдан кетуге шешім қабылдасаңыз, «Алтайдың» құрылымында қаласыз ба? Клубта сізге арналған бір қызмет дайын тұрған шығар?

– Бұл жайлы айтуға әлі ерте шығар. Реті келгенде өзім айтармын. Әзірге кішкене футболдан демалсам деймін. Отбасымды көрмегелі де біраз болды. Қастарына барып мауқымды басайын, содан кейін ойланамын.


– «Алтай» Премьер-лигаға шықты. Енді келесі маусымда клуб алдына қандай мақсаттар қоюы тиіс?

– Бірінші ретте командаға демалыс керек. Одан кейін келер маусым жайлы да ойланармыз. Әлбетте, биылғы басты мақсат Премьер-лигаға шығу болды. Енді келесі жылы бізді бұдан да қиын сынақтар күтіп тұр. Бәріне дайын болуымыз қажет. Қай клуб болса да әлеуетіне қарап алдына мақсат қояды ғой. Облыс басшылығы байланысты. Дегенмен, біз әрдайым жоғары орындарды көздейтін боламыз.

– Әділеттік орнап, тоғыз ұпайды қайтарып алдыңыздар. Дегенмен, ұпайды қайтара алмай қаламыз деген қорқыныш болған жоқ па?

– Біріншіден, біз Қазақстан футбол федерациясының шешімімен келіспейміз. Маусымның басында-ақ тоғыз ұпайымызды заңсыз алып қойды. Соның кесірінен маусымды «минус ұпаймен» бастадық. Әлбетте, психологиялық тұрғыдан алғанда бізге оңай болған жоқ. Қайтарып ала алмаймыз ба деген де қауіптер болды. Алайда, облыс басшылығы қандай жағдай болмасын, Премьер-лига жолдамасын жеңіп алуымыз керек деген тапсырма берді. Сондықтан, барынша тырыстық. Соңында әділеттік орнап, тоғыз ұпайымызды қайтарып алған соң бір жеңілдеп қалдық. Ал қазір барлық қиындықтар артта қалды. Ертерек оның барлығын ұмытып, алға көз тігуіміз керек.

– «Алтайдың» әлеуетін көрдік. Клуб көздеген мақсатына жетпей қоймайды екен. Дегенмен, басқа өңірлерді айтпағанда, Семей мен Өскеменнің өзінде команданың болашағына сенбейтіндер бар. Облыс басшылығы ауысқаннан кейін «Алтай» жойылып, «Спартак» пен «Восток» қайта жанданады деп жүргендер де аз емес...

– Ешнәрсе мәңгілік емес қой. Қалай болатынын көреміз. Қанша дегенмен, ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсың ғой. Әркім өз пікірін білдіруге құқылы. Дегенмен, «Алтай» бір күн немесе бір жыл үшін құрылған жоқ. Алдына қойған мақсаттары асқақ. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика