Вернуться к списку статей

Борис Глушков – "Алтай" енді Премьер-лигада да атой салады

Футбол
1K
Биыл ғана құрылған «Алтай» алдарына өр мақсат қоя білетін команда екендіктерін дәлелдеп келеді. Қазақстан футбол федерациясының өзін тізе бүктірген клуб үшін бүгін «Таразды» ұту еш қиындық тудырмады. Енді келесі жылы шығыстықтар Премьер-лигада атой салады. Бас бапкердің міндетін атқарушы Борис Глушков осылай дейді.

– Матчтың фавориті «Тараз» еді. Олардың құрамы да, шыны керек, қарымды. Тәжірибесі де мол, - деп бастады Борис Викторович – Дегенмен, психологиялық тұрғыда біз мықтырақ болдық. Қарсыласымызды әбден зерттеп, әлсіз тұстарын таба білдік. «Тараздың» ойынына жауап іздегіміз келген жоқ, өз ойынымызды көрсетуге тырыстық. Карпович, Колодин, Шафф, Шакин, Щеткин, Ерсәлімов, Сәкенов сынды Премьер-лиганың дәмін татқан  тәжірибелі жігіттерімізге сендік. Дегенмен, шыны керек, матч басындағы жағдайымыз адам қызығарлықтай емес еді. Көптеген футболшыларымыз жарақат алып қалып, құрамда небәрі 13-ақ ойыншы қалған. Ойын барысында екі-ақ футболшыны алмастырғаным да сондықтан. Алайда, жігер көрсете білдік. Футболшылар алаңға шығып бара жатқанда, «жігіттер, бүгін жанкүйерлерімізді жерге қаратпайтындай ойын көрсетейік» дедім. Сөзім жүректеріне дөп тигеніне ризамын. Ал «Таразға» сәттілік тілеймін! Түсінемін, оларға қазір өте қиын. Дегенмен, «тараздықтардың» көп ұзамай, Премьер-лигаға оралатынына сенемін. Тек мойымау керек.

– Сіздіңше Қазақстан Премьер-лигасы үшін 12 команда аз емес пе?

– Аз. 16 команда дұрыс деп есептеймін. Бәрі де қаржыға келіп тіреледі ғой. Оның үстіне дағдарыс кезінде футболға ақша табу оңай емес. Мәселен, футболшылар мен бапкерлердің айлықтарынан бөлек, инфрақұрылымға да қосымша қаржы керек. Футбол манеждерін салу қажет. Әйтпесе, Қазақстан сияқты алып ел үшін 16, тіпті 18 команда да артық етпес еді.  

– «Алтай» футболшыларына тоғыз ұпайын қайтарып алу қалай әсер етті?

– Біріншіден, әу баста тоғыз ұпайды бізден заңсыз алып қойды. Мұны халықаралық сот та дәлелдеді. Мұның бәрі командаға кері әсер етіп, көңіл күй болмады. Дегенмен, футболшыларды жинап сөйлестік. Басшылық та бізге қандай жағдай болмасын, тоғыз ұпайды қайтарсақ та, қайтара алмасақ та, Премьер-лигаға шығатындай болуымыз керек деген тапсырма қойды. Сосын шынын айтқанда, ойындарға екі есе жігерменен шығып жүрдік. Бірақ, ең үздік ойынымызды бүгін көрсеттік. Орай келіп тұрғанда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовке қолдауы үшін зор алғыс білдіргім келеді. Жанкүйерлерге де ерекше алғыс. Олар бізді әрдайым жігерлендірумен болды. Сонымен қатар, жаттықтырушылар алқасына және үмітімізді ақтаған футболшыларымызға ерекше алғыс! Енді Премьер-лигада да атой салуға тырысамыз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика