Вернуться к списку статей

"Тараз" ФК жаттықтырушысы Сергей Тагиев – Премьер-лигада 16 команда болуы қажет

Футбол
1K
Жеңілдің бе, мойныңмен көтер. Көңіл күйім болмай тұр деп өзінің орныңа көмекшісін жіберу әлсіздерге ғана тән. Айлық аларда «менің орныма сен ала салшы» деп айтпайсың ғой. Ендеше неге сенің орныңа ассистентің жауап беруі тиіс. «Тараз» – «Алтай» матчынан кейін бас бапкер Юрий Максимов өзінің орнына баспасөз мәслихатына көмекшісі Сергей Тагиевті жіберді.

– Премьер-лига клубы мен Бірінші лига командасы кездескенде, қашанда менсінбеушіліктің болатыны рас. Біздің футболшылар «Алтайды» еш қиындықсыз жеңеміз деп ойлады. Аздап менмендік болды, - деп бастады «Тараздың» жаттықтырушысы. – Бірақ қақпамызға соғылған бірінші голдан кейін абдырай бастадық. Екінші гол соғылғанда жағдайымыз тіптен қиындап кетті. Екінші таймда бірнәрсе істемек әрекеттер жасадық. Алайда, қолдан келер қайран болмады. «Алтайды» жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Келесі жылы Премьер-лигада бізден сәттірек ойнайды деп үміттенемін.

– Сергей Рустамович, футболшыларыңыз алдағы демалыстарын қай курорттарда өткізетіндіктерін шешіп қойды ма?

– Мұның бүгінгі матчқа не қатысы бар?

– Сырттан қарағанда «тараздықтар» матч туралы емес, алдағы демалыстарын қалай өткізетіндіктері туралы ойланып жүргендей көрінді. Бар әлеуеттеріңізді көрсетпедіңіздер...

– Шынымды айтсам, ақталу үшін ұтымды сөздер таппай тұрмын. Ойым шашыраңқы. Қатты күйзеліп тұрмын. Футболда екі қолыңды қалтаңа салып ойнау мүмкін емес. Біздің футболшылар осыны естерінен шығарып алған тәрізді. Жаяу жүріп-ақ, алшаңдап басып-ақ ұтамыз деп ойлаған сияқты. Менсінбей шықтық, оның несін жасырайын. Алаңға шыққан бетте-ақ атой салып, алға шабу қажет еді. Бірден ойын тағдырын шешіп тастайтындай шабуылдар ұйымдастыру керек еді. Жалпы солай ғой. Талтаңдап баспай, мықтылығыңды дәлелде! Сонда саған ешкім кінә таға алмайды. Енді не боларын білмеймін. Клуб тағдырының қалай болары мені де қызықтырып тұр.

– Бұл сұрақты негізі Максимовқа қоюымыз қажет еді. Бірақ сізге жауап беруге тура келеді. Шыныңызды айтыңызшы, команда ойынды сатты ма? Сырттан қараған бізге осылай көрінді.

– Ойынды сатты деген өте ауыр сөз. Айтуға қорқынышты. Мұндайдың бетін аулақ қылсын! Меніңше, бар гәп жігерлікте. Бас бапкер футболшыларды ойын алдында жігерлендіргендей болды. Бірақ ойыншылар бір аяқпен-ақ жеңіске жетеміз деп ойлады. Бар мәселе осында жатыр. Әйтпесе, біз де Премьер-лигада ойнағымыз келеді. Тараз қаласының футбол тарихын жақсы білесіздер. Мұндай өңірді Премьер-лигасыз қалдыру да обал. Дегенмен, футболшылар ойынды сатты дегенге сенбеймін. Мен өз жігіттерімнің мұндаймен айналыспайтындықтарына сенімдімін. Енді ары қарай қалай боларын көреміз. Бұл енді клубтың өз ішіндегі шаруалар. Кейбір футболшылармен қоштасамын. Бәлкім, алып қалатын ойыншылар да болатын шығар. Ең бастысы, футболда жігерсіз ойыншылар болмауы керек.

– Қалай ойлайсыз, Қазақстан секілді алып елдің Премьер-лигасы үшін 12 команда аз емес пе?

– Меніңше, тым аз. 16-18 команда болса қуанар едім. Өздеріңіз де көрдіңіздер ғой, Премьер-лига мен Бірінші лига командаларының арасында айырмашылық аса көп те емес. Ең дұрысы, 16 команда.    

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика