«Тараз» өз алаңында «Шахтерді» қабылдаған. Қайтсе де, жеңуі керек болатын. Жеңіліп қалса, бірінші лигаға түсіп қалуы да ғажап емес еді. Өйткені, Талдықорғандағы матчтың қалай аяқталатындығы белгісіз...
Сонымен не керек, «Тараз» жеңді. Екінші таймда кеншілер клубының қақпасына екі гол соқты. Бірақ сонда да, 11-орыннан жоғары көтеріле алмады.
Осы ретте айта кетейік, Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының ресми сайты отандық басылымдарды шым-шытырық шатыстырды. Өйткені олар ХХХІ турдан кейін ұпайлары бірдей (32 ұпайдан) «Ақжайық» пен «Таразды» чемпионат кестесінде дұрыс қоймады.
Жамбыл облысы командасын 10-орынға қойып, оралдықтырды 11-орынға орналастырды. Сондықтан, бүгін екеуі де жеңіске жеткенде, яғни «Ақжайық» пен «Тараз» 35 ұпайдан еншілегенде, отандық басылымдар «енді Орал клубы өтпелі матчта бақ сынайды» деп жарыса жазды...
Бірақ көп ұзамай, бәрі де бұл қателікті қайта түзеді. Өйткені, өтпелі матчта «Алтаймен» кездесетін – «Ақжайық» емес, «Тараз». Яғни тараздықтар келесі жылы премьер-лигада бақ сынау құқығын Семей командасымен сарапқа салады.
«Ақжайық» пен «Тараздың» ұпайлары бірдей болса да, Орал командасының жоғары орналасу себебі, олар 11 ойында, ал тараздықтар 10 матчта жеңіске жетті. Яғни, бір жеңістері – артық. Тіпті, екеуара кездесулерде де «Ақжайықтың» мысы басым – 1:0, 2:1, 2:0, 1:2
«Тараз» – «Шахтер» – 2:1
Голдар: Эргашев, 54 (1:0). Уббинк, 73 (1:1). Киров, 77 (2:1).
«Тараз»: Короткевич, Киров, Мера, Григорьев, Данилюк, Д.Евстигнеев, Эргашев (Қараман, 76), Пищур (Яковлев, 46), Сүлей, Тәжімбетов (Нұралы, 73), Мане.
«Шахтер»: Шацкий, Тарасов, Василевич, Симоновски, Горячий (Дубков, 70), Зошак (Тәттібаев, 67), Скорых, Нұрыбеков (Ермеков, 89), Габышев, Байжанов, Уббинк.