Вернуться к списку статей

“Ақжайық” “Жетісуды” бірінші лигаға жіберді

Футбол
1K
«Жетісу» – «Ақжайық» – 0:2. Фото: fc-zhetisu.kz
Қазақстан премьер-лигасының биылғы маусымдағы соңғы, ХХХІІ турында «Ақжайық» Талдықорғанда «Жетісуды» тізе бүктіріп, жоғары топта қалды. Ал «Жетісу» бірінші лигаға түсіп қалды.

Соңғы турларда «Жетісудың» кежегесі кейін тартып, ақыры соңғы орыннан бір-ақ шықты. ХХХ турда өз алаңында «Таразбен» тең түсті. Өткен турда Қарағандыда кеншілер клубынан оңбай ұтылды. Ал бүгін Талдықорғанда «Ақжайықтан» ұтылып, премьер-лигадағы орнынан айырылып қалды.

«Жетісу» отыз тур бойы негізінен 8-10 орындарда тербеліп жүрді. Тіпті 7-орынға дейін көтерілгені бар. Тек 9-10 турларда ғана 11-орынға жылыстап, бірақ қайта жоғары көтерілген.

Алайда өткен турда алғаш рет соңғы орынға түсіп қалды. Соңғы ойынды өз алаңында өткізетін болғандықтан, бұған көп ешкім мән бере қойған да жоқ. Көпшілік «соңғы турда Орал клубын ұтып, премьер-лигадағы орнын сақтап қалады деп кәміл сенген...

Бірақ «Жетісудің» "Ақжайыққа" шамасы жетпеді. Өз алаңында ұтылып қалып, жер болды... Енді өзекті өртеген өкініштерінің бәрін келесі жылы бірінші лигада тарқатуға тура келеді.

Ал «Ақжайық» ерледі. Түзде басты бәсекелесін ұтып, премьер-лигада қалды. Негізі, бұл ойын өте маңызды матч болған. Жеңгені жоғары топта қалып, жеңілгені бірінші лигаға кететін еді. 

Егер екеуі тең түссе де, онда Орал клубы 11-орыннан аса алмай, Бірінші лиганың екінші командасымен кездесетін еді. Алайда "Ақжайық" түзде басымдық танытып, 10-орынға ие болды.

«Жетісу» – «Ақжайық» – 0:2

Голдар: Сергиенко, 33. Ортиз, 58.

50-минутта Бегларян («Ж») алаңнан қуылды

«Жетісу»: Пасеченко, Әмірсейітов, Джалович, Клайн, Азовский (Әділханов, 39; Вага, 78), Касьянов, Шайыхов (Жаңғылышбай, 62), Шабаев, Калинин, Бегларян, Джерманович.

«Ақжайық»: Төлебаев, Әбдірахманов, Сапанов, Одибе, Розыбакиев, Ортиз, Говедарица, Рубио (Омаров, 90+2), Сергиенко, Дудченко (Шахметов, 90+2), Лечич (Валиуллин, 29).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика