– Жігіттердің жігерлігіне риза болдым. Олар жасыл алаңда барын салды. Бірақ алаң иелерінің шеберліктері басым болғандықтан оларға шамамыз жетпеді, - деп бастады Юрий Анварович.
– Бірінші таймда сіз резервтегі төрешімен жиі «тістесіп» қалып жаттыңыз. Төрешілікке көңіліңіз толмады ма?
– Жоға да. Мен төрешілік жайлы ешнәрсе айтпаймын.
– Соңғы рет «Астанадан» өз алаңдарыңызда 1:2 есебімен ұтылып қалған едіңіздер. Ойыннан кейін «мен енді Стойловтың қолын алмаймын» деп айтып едіңіз...
– (Сөзге килігіп) ...Мен олай деген жоқпын. Есіңізге түсіріңізші, «мен бүгін оның қолын алғым келмеді» дедім. Енді оны өмір бойы айтып жүрудің керегі жоқ. Ойын бітті. Бір күнен кейін-ақ бәрі ұмытылып қалды. Қазбалай берудің қажеті қанша? Не боп кетті өзі? Сіздер футбол жайлы сұраңыздар. Әйтпесе, біріңіз төреші деп кеттіңіздер, екіншілеріңіз бапкер деп жатсыздар. Сіздер, жалпы ойынды көрдіңіздер ме? Әлде осымен доғарамыз ба?
– Егор Сорокинге көрсетілген қызыл қағаз жайлы не айтасыз?
– Ол бүгін ойын ережесін жиі бұзды. Бірінші сары қағаз – жүз пайыз әділ. Ал екіншісі – ондай жағдайлар көп болып тұрады. Төреші көрсетті ме, демек солай болуы керек. Сорокинмен әлі сөйлесеміз де неліктен команданы қиын жағдайға қалдырғаны жайлы сұраймыз.
– Ғаламторда «Ақтөбенің» сізбен келісімшартты тоқтататыны туралы жазылып жүр. Бұл жайлы не айтасыз?
– Тағы бастап жатырсыздар ма?! Тоқтатқаны қалай?
– Келісімшартты бұзады дегенім ғой.
– Бұзадысы несі? Онсыз да маусым соңында «Ақтөбемен» келісімшартым аяқталады ғой.
– Негізгі қақпашы Самат Отарбаевтың алаңға шықпағанын немен түсіндіресіз?
– Өздеріңіз білесіздер, Самат соңғы екі ойынды өте сәтсіз өткізді. Оның орнына басқа қақпашыны шығаруды жөн көрдік. Талантты жастарымыз жоқ емес, бар. Игорь Трофимец солардың бірі. Бүгін ол өте жақсы ойнады. Біраз қауіптен құтқарды. Егер осы бетінен таймаса, болашақта жақсы қақпашы болып өсіп шығады.
– Сіздің болжамыңызды білсек. «Астананың» да, «Қайраттың» да чемпиондықтан үміті бар. Қалай ойлайсыз, қайсысы жеңімпаз болады?
– Мен әлі турнир кестесін қараған жоқпын. Алайда, бүгінгі ойыннан кейін бәрі анық болып тұр-ау. Қателеспесем, «Астанаға» екі ойында бір-ақ ұпай алса жеткілікті. Оп-оңай чемпион атанады деп ойлаймын.
– Енді соңғы турда «Ақтөбе» Шымкентте «Ордабасымен» ойнайды. Футболсүйер қауымның тағатсыздана күтіп отырған кездесуі. Сіз бұл матчтан не күтесіз?
– «Астанамен» болған ойыннан кейін Шымкентте кімдерді алаңға шығарарымды білмей отырмын. Егор Сорокин қызыл қағаз алып қалды. Сәйкестік пе, жоқ па, білмеймін, Сандро Цвейба мен Куасси Куаджа да төртінші ескертулерін алды. Қорғаныста адам қалмады. Алдағы аптада әбден басым қататын болды. Дегенмен, әр ойындағыдай алаңға шығып айқасамыз.
– «Ордабасыға» қарсы жеңіс үшін ойнайсыздар ғой?
– Тырысамыз, әрине. Алайда, жастарымызға да мүмкіндік береміз. Кішкене ойынымызды өзгертетін де шығармыз. Ешкім еңсе түсірмейді. Біз қарсыласымыздың көңіліне қарамаймыз. Оларға ұпай қажет пе, жоқ па, бізге бәрібір. Бүгін де «Астанаға» тек жеңіс керек болған. Бірақ біз айқастық қой. Әлбетте, бүгінгі ойыннан кейін «Ордабасыны» жеңеміз деп кесіп айта алмаймын. Дегенмен, барымызды саламыз.
– Сары қағаз деп жатырсыз. Федерация тарапынан сіздерге қысым бар деп ойлайсыз ба сонда?
– Мұндай ешнәрсе айтқан жоқпын. Өздеріңіз қосып жатырсыздар. Менің төрешілік жайлы ойлайтын уақытым да жоқ. Өз «бас ауруым» жетіп жатыр.