Вернуться к списку статей

“Қайрат” бүгін “Астанаға” алтын, “Ертіске” қола ұстатпады

Футбол
2K
«Ертіс» – «Қайрат» – 1:3. Фото: fckairat.com
Қазақстан премьер-лигасының ХХХІ турында «Қайрат» түзде «Ертісті» ұтып, екі команданың бір тур бұрын жүлде алуларына “оралғы” болды.

Егер «Қайрат» бүгін Павлодарда ұпай жоғалтқанда, тең түскенде немесе ұтылып қалғанда, онда «Астана» чемпион болып, «Ертіс» қола жүлдегер атанып, мәре-сәре болып жатар еді.

Иә-иә, онда «Астананы» «Қайрат, ал «Ертісті» «Ордабасы» қуып жете алмайтын болып, екеуі де жүлделерін тойлап жатар еді. Бірақ «Қайрат» бір жеңісімен екі клубты да сол қуаныштарына жеткізген жоқ.

«Астананың» екі ойыны бар, олар чемпион болатында шығар. Ал «Ертістің» жағдайы – әлі бұлыңғыр. Бағы бар екен, бүгін «Ордабасы» да ұтылып қалды. Әйтпесе, қола жүлдедені үмітін үзер де ме еді?!

Ал ойынға келер болмақ, бірінші таймда екі команда алма-кезек шабуылдағандарымен, екеуі де гол соға алмай қойды. Ауа-райы қолайсыз, күн суық, доп та анық көрінбейді, тағысын тағы...   

Екінші таймда «Қайраттың» сұрмергені Жерар Гоу гол соғуға шебер екендігін дәлелдеп, есеп ашты. Ал «Ертіс» тайлы-таяғымен алға қарай лап қойса да, теңбіл допты қақпа ішінде тулата алмай, бірнеше мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды.

Сөйтіп жүріп, қорғанысты да ұмытты. Ал «Қайрат» қарсы шабуыл ұйымдастыруға көсіліп алған. «Ертісті» де кешірген жоқ. Бауыржан Исламхан да допты қалай діттеген жеріне дөп түсіре алатындығын паш етті.

«Ертіс» сонда да айылын жимай, есепті қысқартты. Фонсека шірене теуіп, «Қайраттың» қақпасының торын жырта жаздады. Бұл гол алаң иелерін жігерлендіре түскедей еді. Алайда, есепті теңестірудің сәті түспей қойды.

Керісінше, ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда Гоу тағы бір гол соғып, қола жүлде сағымдай бұлдырады...

«Ертіс» – «Қайрат» – 1:3

Голдар: Гоу, 54 (0:1). Исламхан, 67 (0:2). Фонсека, 85 (1:2). Гоу, 90+3 (1:3).

«Ертіс»: Цирин, Дәуітов, Фрейдгеймас, Сартаков, Алиев, Фернандес, Гетериев, Григалашвили, Фаль (Аяғанов, 81), Фонсека, Мұртазаев.

«Қайрат»: Покатилов, Лунин, Ампоста, Рудосельский, Сүйімбаев, Бакаев, Тимощук, Исаэль (Асеведо, 56), Аршавин (Вороговский, 90+2), Исламхан (Тұрысбек, 80), Гоу.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика