Вернуться к списку статей

Ерлан Адамбеков – Жаттықтырушыларды дайындауда аймақтар бойынша Астана футбол федерациясы алда келеді

Футбол
1K
Ерлан Адамбеков – ҚФФ Техникалық орталығының бас маманы
Елордамызда өткен жаттықтырушыларды даярлау курсына бақылаушы ретінде Қазақстан футбол федерациясы Техникалық орталығының атынан қатысқан бас маман Ерлан Адамбеков ұйымдастырушылардың жұмысына көңілі толып, аймақтар бойынша Астана футбол федерациясының алда келе жатқанын айтты.

– Сертификат – бұл жай ғана қағаз, оны жаттықтырушылар сандыққа салып қоймай немесе жұмыс орнындағы бастықтарына көрсетіп, мақтаныш ретінде үйдің төріне іліп қоймай, курстан алған білімдерін одан әрмен жетілдірулері керек, - деп бастады сұхбатымызды Ерлан Қайратұлы.

– Бұл жаттықтырушылар курсының бұрынғылардан қандай ерекшелігі болды?

– Біз бірінші рет тәжірибе жүзінде курсты екі модульге бөліп, бір ай бойы оқыту моделін тексеріп көрдік. Алдымен үш күн тыңдаушылар теориялық сабақтар бойынша білімдерін шыңдады. Одан кейін біз оларға үй тапсырмасын бердік. Яғни, олар біз берген тапсырмалар бойынша қаладағы әуесқой командаларда немесе балалар футбол үйірмелерінде тәжірибелік сынақтан өтулері тиіс болатын. Сосын курстың екінші модулінде сол арқылы бізге емтихан тапсырды. Бәрі сәтті аяқталды деп ойлаймын. Алдағы уақытта да осы модель бойынша жұмыстарымызды жалғастырамыз.

– Жалпы, үш-төрт күннің ішінде немесе бір айда тыңдаушыларға жаттықтырушылықтың қыр-сырын толық үйрету мүмкін бе?

– Әлбетте, мүмкін емес. Сол үшін айтып отырмын ғой, осы жерде алған білімдерін одан әрмен ұштап, тәжірибелерін өз беттерінше толықтырулары тиіс. Дегенмен, біз осы аралықта тыңдаушыларға футбол спортының қыр-сырын, жаттықтырушылық өнердің негізгі базасын саналарына сіңіре аламыз. Ары қарай, қалай алып кетулері өздеріне байланысты. Білімдерін жетілдіріп, тәжірибелерін толықтырғылары келсе, кәсіпқой деңгейде бапкер болуды көздесе, «В», «А» және «PRO» санаттарындағы курстарды оқуларына болады.

– Техникалық орталықтың жаттықтырушыларды дайындау курсы еліміздің барлық аймақтарында өтіп тұра ма?

– Осы уақытқа дейін жаттықтырушыларды дайындау курсын барлық аймақта өткізіп шықтық. Біз ешкімге де қарсы емеспіз. Егер аймақтар дайын болып, «С» санатындағы жаттықтырушыларды дайындау курсын өткізе алатын болса, Қазақстан футбол федерациясының Техникалық орталығы қуана келіседі. Бұл тұрғыда Астана футбол федерациясы алда келеді. Осы уақытқа дейін үш рет курс ұйымдастырып үлгерді. Сондай-ақ, Қарағанды және Алматы футбол федерацияларының талпыныстары да жаман емес. Ал қалған аймақтармен әлі де жұмыстар жүргізу керек.

– Жалпы, аймақтық футбол федерациялары «С» санатындағы жаттықтырушыларды дайындау курстарын ғана өткізе алатынын білеміз. Дегенмен, тәжірибесін ескеріп, Астана футбол федерациясына «В» санатындағы жаттықтырушыларды дайындау курсын ұйымдастыру мәселесін сеніп тапсыруға бола ма?

– «С» санаты – әуесқой деңгейдегі жаттықтырушылар. Ал «В» санатынан бастап кәсіпқой деңгей басталады. Бұл үлкен дайындықты қажет етеді. Федерацияның қыста да, жазда да курсты өткізе беруге мүмкіндік беретін алаңы болуы тиіс. Сондай-ақ, дәрістерді жоғары білікті профессорлар өткізіп, емтиханды кәсіпқой деңгейде қабылдау қажет. Әлбетте, мұның барлығы қолдан келетін шаруа. Меніңше, Астана футбол федерациясына алдағы уақытта бұл міндетті қорықпай сеніп тапсыруға болады.

– Ерлан Қайратұлы, жалпы бүгінде Қазақстан бойынша футболдан қанша жаттықтырушы бар?

– 2015 жылдың өзінде Қазақстан футбол федерациясының Техникалық орталығынан 600 жаттықтырушы «С» санатындағы сертификатқа ие болды. 48 адам «В» санатындағы атанды. 26 маманнан «А» санатына емтихан қабылдадық. PRO санатындағы жаттықтырушылар курсы екі жыл бойы өтеді. 2014 жылы курсқа қабылданған 12 маман былтыр емтихандарын сәтті тапсырып шықты. Биыл тағы 11 маманнан PRO санатындағы жаттықтырушылар курсына өтініш қабылданды. Жалпы, бүгінде Қазақстан бойынша PRO санатындағы 36 жаттықтырушы бар. «А» санатындағы бапкерлердің саны 180, «В» санатындағы сертификаты барлардың қатары 300-ге жетіп жығылады. Ал «С» санатында 600 адам. Барлығын қосқанда елімізде 1300 сертификатталған футбол жаттықтырушылар бар.   

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика