Вернуться к списку статей

Талғат Байсуфинов – Румыния сынды құрамаларды жеңбейінше біздің футбол алға баспайды

Футбол
2K
Талғат Байсуфинов – Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері
Румыния ұлттық құрамасымен тең түсу Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфиновтің жоспарына кірмеген секілді. Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Маруанұлы «өз алаңымызда мұндай командалардың екі аяқтарын бір етікке тығып қайтаруымыз керек» деді.

– Бүгін стадионда бәрі бірікті. Жанкүйерлердің де, бапкерлер алқасы мен футболшылардың да – бәрі-бәрінің тілектері бір жерден шықты. Сондықтан, бұл тең есеп – барша Қазақстан халқына ортақ жетістік, - деп бастады Талғат Маруанұлы. – Бірақ, тең есепке қанағат етіп отырған жоқпын. Қарсыласты мұқатқандығым емес. Румыния – биыл Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде ойнаған азулы команда. Құрамы да сайдың тасындай таңдалған ойыншылардан құралған. Дегенмен, бүгін жеңіске жетуіміз керек еді. Өз алаңымызда мұндай командалардың екі аяқтарын бір етікке тығуымыз қажет. Мейлі деңгейі бізден жоғары болсын, мейлі рейтингі шарықтап тұрсын, бірақ Румыния сынды құрамаларды өз жерімізде жеңуіміз керек. Әйтпесе біз өспейміз. Қашанғы тең есепке қанағат білдіріп жүре бермекпіз? Ойыннан кейін ойыншыларға осыны айттым. Түсінгендей болды. Алда Астанаға әлі Армения, Дания, Қаратау құрамалары келеді. Жеңіп, елдеріне тәлтіректетіп қайтаруымыз қажет. Сонда ғана бізбен басқа қарсыластардың барлығы санасатын болады.

 

– Жігіттердің құлшынысын Самат Смақов ойын басталарда сапқа тұрғанда балалар жаурап қалмасын деп өзінің жейдесін кигізген кезде сездік. Саматтың үлгісін өзге ойыншылар да көріп, үстілеріндегі күртешелерін жандарындағы балаларға шешіп бере бастады. Бұл үлкен бір адамгершіліктің айнасы. Ал ойын жайлы. Қорғанысқа көбірек көңіл бөлетін Мақсат Байжановтың орнына екінші таймда алаңға Азат Нұрғалиевті шығардыңыз. Сондағы ойыңыз жеңісті жұлып алу болды ма?

– Мақсат кішкене шаршап қалғандықтан оның орнына Азатты шығардық. Нұрғалиев шабуылға әуес ойыншы. Ол керек десеңіз, өз сәтін аңдып, гол да соғып кете алады. Содан кейін тың ғой деп Роман Муртазаевты ойынға қостық. Асқат Тағыбергенді шығаруымыздың да өз есебі болды. Оның соққысы жойқын. Алыстан қақпаға допты қақырата тебе алады. Бірақ кімнің орнына шығарамыз деп көп толғандым. Самат екінші таймда өте тамаша ойнады. Құдды бір, 17 жастағы бозбала секілді, екі өкпесін қолына алып, олай да, бұлай да шапқылап, жігіттерге керемет рух беріп жүрді. Тиіскен жоқпыз. Серікжан Мужиков та сыралғы ойыншы ғой. Ал Исламбек Қуаттың ескерту қағазы болды. Ойын соңында кем құрамда қалып қойғымыз келген жоқ. Онсыз да ұтайын-ұтайын деп тұрған матчты бүлдіріп алған обал болар еді. Сондықтан, Исламбектің орнына шығардым. Жалпы, бүгін біз жеңіске жақын болған едік. Ұтуымыз керек еді. Бір ғана жақсы, жойқын соққы жетіспеді. Ойын соңына таман өзімді ұстай алмай, тыпыршып, футболшыларға айқайлаумен болдым. Көмекшім Нүркен Мазбаев қолымнан тартып, тыныштандырмақ болды. Осыған да тәубе дейді. Бірақ, тыныш қарап отыру мүмкін емес еді.

– Жеңіске жақын болдық. Неге екінші таймда Хижниченконың қасына Муртазаевты қосып, екі шабуылшымен ойнап көрмедіңіз?

– Сергей де, Роман да бір типтегі шабуылшылар. Жасұлан Молдақараев та сол сияқты. Оның үстіне, қорғанысты да ойлауымыз керек болды. Сондықтан, шабуылға жақын басқа типтегі ойыншыны шығару керек еді. Содан Азат Нұрғалиевті лайық көрдім.

– Самат Смақов бүгін тамаша ойнады. Бірақ «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Смақов матчтан кейін ұлттық құрамадағы соңғы ойынын өткізгенін мәлімдеді. Сіз оны осылай оңай жіберіп қоймақсыздар ма?

– Шыны керек, оның ұлттық құрамадан кетуге шешім қабылдағанын кешегі күнге дейін білмеген едім. Өзім кеше интернеттен оқып қалдым. Жаттығудан кейін Смақовқа барып, «мынау рас па?» деп көрсетсем, «рас» дейді. «Енді неге маған айтпадың» десем, «сіздің ұрсатыңызды, жібермеймін деп айтатыңызды білгенмін» дейді. Екеуміз біраз сөйлестік. Мен өз ойымды айттым, ол өз дегенінде қалды. Бірақ әлі де шешімін өзгертеді деп үміттенемін. Смақов – ұлттық құрамаға, футболшыларға, жанкүйерлерге өте қажет ойыншы. Мен одан жеке де өтінгенмін, ұлттық құрамада қалуын баспасөз арқылы да сұраймын.

– Саматтың ұлттық құрама сапындағы соңғы ойыны болғандығы жөнінде көп айтылып жатыр. Ойын алдында немесе үзіліс кезінде оған футболшылардың алдында қоштасу сөзін бердіңіз бе?

– Біріншіден, мен әлі Смақов ұлттық құрамада қалады деген үмітімді үзген жоқпын. Шешімін өзгертеді деп сенемін. Екіншіден, бұл жеке футболшыларға сөз беретін жер емес. Ойын алдында футболшылардың алдында өзім сөйлеп, ойыншыларды алаңға өзім қайрап шығардым.


– Бүгінгі матчтың үздік ойыншысы деп Стас Покатиловты айтуға бола ма?

– Ойын алдында қақпашылар мәселесін ұзақ талқыладық. Кімді қойған жөн болар деп көп ойландық. Ақыры қақпашылар жаттықтырушысы Юрий Новиков Стасқа сенім артатынын білдірді. Біз Нүркен Мазбаев екеуміз келістік. Покатилов сенімді ақтады. Дәл қазіргі таңда еліміздің үздік қақпашысы екендігін бүгінгі ойында тағы бір рет дәлелдеді. Дегенмен, бүгін тек Стас қана емес, бүкіл команда жақсы ойнады. Сондықтан, мен ешкімді бөле-жара атамас едім.

– Қазақстан ұлттық құрамасы – «үйкүшік команда» болып барады деген пікір тарап жатыр. Өз алаңымызда жақсы ойнаймыз да, түзде ойсырай ұтыламыз. Мұның себебі неде?

– «Үйкүшік команда» деген пікірмен әсте келіспеймін. Егер естеріңізде болса, біз Тбилисиде Грузия құрамасымен тең түскенбіз. Түркияда Әзірбайжанды ұтқанбыз. Қытайды да сыртта тізерлеттік. Әлбетте, мұның барлығы жолдастық кездесулер. Дегенмен, біз сыртта да жақсы ойнай алатындығымызды дәлелдедік қой. Бәлкім, сіз Қаратаумен болған матчты меңзеп тұрған шығарсыз. Ол жақта екінші таймда не болғанын өзіміз де әлі күнге түсіне алмай жүрміз. Ал өз алаңымызда жақсы ойнағандығымыздың әбестігі жоқ. «Астана-Арена» – біздің көзіріміз.

– Әр ойын сайын біздің жігіттер төрешімен дауласып, болмашы жерден ескерту қағаздарын алып жатады. Бәлкім, футболшылардың тәртіптері жайлы сөйлесу қажет шығар?

– Мен бұл мәселені басқа деңгейде көтергім келеді. Қашанғы төрешілер бізді осылай басына бермек? Қашанғы бізге төбеден қарап жүреді? Қарсыластардың бапкерлер алқасы айқайлай қалса болды, төреші бірден біздің ойыншыны жазалайды. Төрешіге жақындап қалсақ болды, қалтасынан сары қағазын алып шығады. Демек, біз бәр гәпті өзімізден іздеуіміз керек. Ағылшын тілін үйреніп, төрешімен тең дәрежеде сөйлесетін жағдайға жетуіміз қажет. Ағылшын тілін білмегеніміз – өзіміздің кінә. Ал жігіттер алаңда өздерін аямап қалмайды. Футболшыларымды дөрекі ойнайды деп есептемеймін. Олар ойын шеңберінде қатал ойнайды. Бүгінгі заманауи футболда басқаша нәзіктерге орын жоқ.  


– Ұлттық құрама қазақыланып келеді. Командада қаракөздеріміз бұрынғымен салыстырғанда едәуір көп. Алдағы уақытта қазақ футболшыларынан тағы кімдерді шақырасыз?

– Мен ұлттық құрамаға ойыншылар шақырғанда олардың нәсіліне, ұлтына, дініне қарамаймын. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Кім мықты болса, сол алаңға шығады. Ал қазақтарды сұраған екенсіз, ондай жігіттер өте көп. «Ордабасыда» Мардан Төлебек бар, жастар құрамасында Еркебұлан Тұңғышбаев бар. Бұлардың барлығына алдағы уақытта мүмкіндіктер беріледі.

– Жасұлан Молдақараевты алаңнан қашан көреміз?

– Жасұлан өз мүмкіндігін асықпай күтіп жүр. Ол өте байсалды, сабырлы, қарапайым жігіт. Алдағы матчтарда Молдақараев міндетті түрде ұлттық құрама жейдесін киетін болады.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика