Вернуться к списку статей

Талғат Байсуфинов – Исламханды алмастыратын ойыншы табылады, ал Смақовтың орнын ешкім баса алмайды

Футбол
2K
Талғат Байсуфинов – Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов баспасөз-мәслихаты өтетін залға қабағы қатулы кірді. Бұрынғыдай ақжарқындық жоқ. Сұрақтарға қысқа-нұсқа жауап беріп, журналистермен кездесуді уақытынан ерте аяқтады.

– Қаратаудан жеңілгеннен кейін футболшылардың көңіл-күйлері қалай?

– Қандай көңіл күй бола қойсын?! Бірақ біз профессионалмыз ғой. Ертерек ол сәтсіздікті ұмытып, ертеңгі ойынның қамына кірісуіміз керек. Негізі, Қаратаудан келгеннен кейін ойынымызға сараптама жасадық. Қай жерген қателескендеріміздің барлығын футболшыларға жеткіздік. Енді Румынияға дайынбыз.

– Қаратау құрамасына қарсы тағы да бес қорғаушымен шықтық. Бірақ бұл тактика өз жемісін берер емес. Бәлкім, төрт қорғаушы тактикасына қайта көшкен дұрыс шығар?

– Негізі, бес қорғаушы деген аттары ғана. Әйтпесе, қос қапталдағы екеуінің басты міндеті шабуыл болды. Біз «қорқақ тактика» ұстанбаймыз. Реті келсе, бірінші кезекте шабуыл мәселесін көздейміз.

– Альмир Мухутдинов Қаратауға қарсы ойында қарық қылған жоқ. Оның орнына басқа ойыншыны шығару мәселесін қарастырған жоқсыз ба?

– Альмирді алаңға шығарғанда бірінші ретте одан допты тоқтатып, алыстағы әріптестерін паспен іздеп табуды сұрадық. Оның ойынын қарадық. Кемшіліктері де, артықшылықтары да болды. Мухутдинов қарсылас команданың шабуылдарына тойтарыс беруде мінсіз ойнады. Сондай-ақ, біз футболшылардың шамасын екі ойынға өлшеген болатынбыз. Сондықтан, ертең оның орнына басқа ойыншы шығуы әбден мүмкін.

– Бауыржан Исламхан кеше кезекті рет міндетті емес ескерту қағазын алып, команданы қиын жағдайда қалдырды. Сіз Баториктің өзімен бұл туралы сөйлесіп, жағдайды түсіндірдіңіз бе?

– Әлбетте, біз футболшылардың эмоциялық әрекеттерімен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Дегенмен, мұндай жағдайда футболшыларға тым көп «қой» дей беруге болмайды. Өйткені, психологиялық ұмтылысын шектеп тастауымыз мүмкін. Ал Исламханның кешегі ескерту қағазына келер болсақ, ол жерде ойыншымызға неліктен сары қағаз көрсетілгені бір ғана бас төрешіге аян. Баториктің еш кінәсі жоқ еді. Ол ойын ережесін бұзған жоқ, дөрекілік танытқан жоқ, жай ғана жерде жатқан ойыншыны демеп жібергісі келді. Сондықтан, оған қатты обал болды. Әйтпесе, Бауыржанның өзі де жас бала емес, жағдайды жақсы түсінеді.

– Қаратаумен болған ойында қақпамызға кірген бес голдың үшеуі стандартты жағдайлардан кейін соғылды. Бұл тарапта жұмыстар жүргізіліп жатыр ма?

– Өздеріңіз де көрдіңіздер ғой, Қаратау құрамасының ойыншылары өте еңселі, бойшаң жігіттер екен. Біз қорғаушыларымызға стандартты жағдайлар кезінде олармен өте сақ ойнау қажеттігін айтқанбыз. Бірақ, тұсап ұстау мүмкін болмады. Сондай-ақ, бұл жерде қорғаушылардың ғана емес, қақпашының да қателігі болғанын айта кеткен жөн. Алға шығатын кезде орнында тұрып қалып жатты. Қақпашы мен қорғаушылар арасындағы түсіністік те ойдағыдай болмады. Бұл қателіктің барлығын жойдық деп айта алмаймын. Уақыт өте тығыз болды. Алайда, теория кезінде бәрін айттық, футболшыларға жеткіздік.   

– Қақпашы мәселесі туралы. Ертең қақпамызды кім қорғайтынын шештіңіз бе?

– Қақпашылар жайлы қазір кесіп-пішіп ешнәрсе айта алмаймын. Бүгін түнде қақпашылар бапкері Юрий Новиков Стас Покатиловті де, Самат Отарбаев пен Алмат Бекбаевты да шақырып алып сөйлеседі. Кімнің қақпада тұратынын таңертең анықтаймыз.

– Ертең Румынияға қарсы команданы капитан ретінде алаңға кім бастап шығады?

– Бауыржанның орнын басатын ойыншылар табылады. Ұлттық құрамада капитандық тізгінді өз қолына алар көшбасшылар жетерлік. Оны ертең шешеміз.

– Самат Смақов ертеңгі ойыннан кейін ұлттық құрамадан кететіні туралы мәлімдеді. Демек, ол Румынияға қарсы негізгі құрамнан орын ала ма?

– Ертеңгі матчта Исламханды алмастыратын ойыншы табылады, ал Смақовтың орнын ешкім баса алмайды. Смақов туралы ақпараттың қайдан тарағанын білмеймін. Жаңа баспасөз мәслихатына келе жатқанымда маған көмекшілерімнің бірі келіп, интернетті ашып көрсетіп жатты. Жағамды ұстадым. Негізі, ол туралы бұған дейін әңгіме болған да жоқ. Сіздер де «Смақов кете ме?» деп сұраған жоқсыздар. Сондықтан, бұл негізсіз ақпарат. Егер Самат осындай шешім қабылдаған болса, онда бірінші кезекте өзі маған келіп айтар еді. Ал мен біреуден естіген мұндай пәлеге сенбеймін, сенгім де келмейді. Негізі, Смақов сияқты лидерлер ұлттық құрамаға керек. Сіздерге де керек. Ол – менің сүйенішім, футболшылардың ағасы. Давид Лориямыз емделіп жатыр. Жарақытан айықсын, оны да ұлттық құрамаға шақырамыз. Біз ешқашан олардан бас тартпаймыз.   

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика