Бірінші бас ауру: Исламханның орнын кім басады?
Екі ойында екі ескерту алған ұлттық құрамамыздың капитаны Бауыржан Исламхан румындармен болатын ойында стадионға тек жанкүйер ретінде ғана келе алады. Ал енді оның орнын кім басады? Иә, егер негізгі құрамнан орын алар болса, алаңға команданы капитан ретінде Азат Нұрғалиев немесе Мақсат Байжанов бастап шығатыны түсінікті. Дегенмен, Азат пен Мақсат Бауыржанның шебінде ойнай алар ма екен? Әлде, оның орнына Серікжан Мужиковты қою қажет пе? Басқа кім бар?
Екінші бас ауру: Орталық қорғаушылардың қорлығы
Александр Кислицын – сенімді қорғаушы емес. Әйтпесе, оны «Оқжетпестен» қуып шығар ма еді?! Онда да көкшетаулық клубта биыл бар болғаны тоғыз-ақ ойын өткізген. Ұлттық құрамаға қай ерлігі үшін шақыртылғанын қайдам, бірақ бұл үлкен қателік болды. Польшамен ойнағанда, қайта құдай сақтады. Ал Қаратаумен болған кездесуде әуедегі доптың барлығын жеңілді.
Дегенмен, бар кінәні Кислицынға артып қоюға болмайды. Онымен трионы құраған Сергей Малый мен Юрий Логвиненко да қаратаулықтардың шабуылдарына қарсы тойтарыс бере алмады. Жарақатынан кейін Логвиненконың әлі де бабына келе алмай жатқаны байқалды. Ал Сергей Малыйдың ойын тәжірибесі аз екені көрініп тұрды. Ертеңгі Румыниямен болатын кездесуде Кислицынның орнына Ренат Абдулинді шығаруға болатын шығар. Өйткені, поляктармен болған матчта Елдос Ахметовтың орнына шыққан «ордабасылық» қорғаушы Роберт Левандовскийге қарсы сауатты ойнай білді. Ертең де оның тәжірибесіне үміт артуға болады. Рас, Абдулин де қазір шау тартқан. Бірақ дәл қазір құрамада сенім үдесінен шыға алатын басқа қорғаушыны көріп отырғаным жоқ. Немесе, аяғын укол салып, қайтадан Елдостың өзін шығару керек. Ал Малый мен Логвиненко осы жолы да өрескелдікке жол берер болса, онда басқа айтар сөзім жоқ.
Үшінші бас ауру: Мухутдинов, әлде Байжанов?
Мухутдиновтің ұлттық құрамадағы дебюті сәтті болмады. Бас команда сапындағы бірінші ойында 0:5 есебімен ойсырай ұтыламыз деп ол да ойламаған болар. Қаратаумен болған кездесуде Исламбек Қуатпен орталық шепте жұп құраған Альмир матч басындағы алыстан тепкен соққысынан басқа ешнәрсемен көзге түскен жоқ. Допқа таласта жиі алдындағысынан айрылып қала берген Альмирдің қобалжып жүргені қатты байқалды. Осы орайда Талғат Маруанұлының неліктен Байжановты емес, Мухутдиновті таңдағанын түсінбей далмыз. Мақсат Польшамен өткен матчта өте белсенді болып, Хижниченконың есепті теңестіруіне керемет мүмкіндік жасап берді. Бәлкім, бас бапкер Талғат Байсуфинов үшін Мухутдинов жақынырақ шығар. Өйткені, Ресейден Қазақстан чемпионатына ауысқанда Альмир ең бірінші осы Байсуфиновтің қолына өткен болатын.
Төртінші бас ауру: Стандартты жағдайлар
Бұрын стандартты жағдайлар Қазақстан ұлттық құрамасының басты көзірі болатын. Айып соққысын әдемі орындап, бұрыштаманы тамаша көтеретін едік. Осылайша Голландияның қақпасына гол соқтық, әйгілі қақпашы Петр Чехті қапы қалдырдық. Ал қазір стандартты жағдайларды қарсыластар өзімізге қару етіп кезеніп жүр. Қаратауда бес голдың үшеуін стандарттан кейін жіберіп алдық. Бір матч үшін бұл тым көп. Ұлттық құраманың бапкерлер алқасы бұл мәселені де ертеңгі ойынға дейін шешіп үлгеруі тиіс.
Бесінші бас ауру: Екі шабуылшы
Ертең Бауыржан Исламхан ойнамайды. Сәйкесінше, жалғыз шабуылшы Сергей Хижниченкоға плеймейкерлік рөлді атқаратын қай әріптесінен болмасын пас жетпеуі мүмкін. Сондықтан, шабуылшыны паспен қамтамасыз ететін басты ойыншылар – қапталдағы қос қорғаушы Дмитрий Шомко мен Абзал Бейсебеков болуы әбден мүмкін. Бұл екеуінің пасты көбіне әуелете асыруға әуес екенін «Астананың» ойындарынан-ақ байқап жүрміз. Ендеше неге бойшаң Хижниченконың қасына тағы бір ұзынтұра Роман Муртазаевты қосып көрмеске?! Есесіне, ұтылып қалсақ та, жанкүйерлер «Қазақстан қорқақ тактика ұстанды» деп айыптамас еді.
Әлбетте, жаттықтырушы біз емес, бәріне жауапты бас бапкер. Біздікі тек өз ойымызды білдіру ғана.