Вернуться к списку статей

Біздің құрамаға Әзірбайжан мен Албаниядан үлгі алу керек

Футбол
2K
Әзірбайжандар Норвегия құрамасын жеңді. Фото: affa.az
Еуропада 2018 жылғы әлем чемпионаты іріктеу турнирінің екінші туры тәмәмдалды. Тоғыз топтағы бірде-бір матч 0:0 есебімен аяқталған жоқ Барлық ойында кемі бір гол соғылды.

Әзірбайжан мен Албания өз топтарында көш бастады

«C» тобындағы Әзірбайжан екінші рет жеңіске жетті! Өткен турда Сан-Марино құрамасын түзде тізе бүктірген (1:0). Үндемедік. Әрі кетсе, «е, осал құрама ғой» дедік те, қойдық. Осы жолы азулы Норвегияны тағы да 1:0 есебімен жеңіп кетті. Ақырын жүріп анық басып келеді.

Дәл қазір алты ұпаймен, яғни жүз пайыздық көрсеткішпен өз тобында көш бастап, әйгілі «Неміс мәшинесімен» үзеңгі қағыстырып келеді. Германия құрамасы да екі ойыннан алты ұпай еншіледі. Бірақ олардың доп айырмасы – әлдеқайда жоғары. Норвегияны да, Чехияны да 3:0 есебімен ойсырата жеңді.

«G» тобында Албания да алты ұпаймен көш бастап келеді. Әуелі Македонияны 2:1 есебімен жеңді. Осы жолы түзде Лихтенштейннен 2:0 есебімен басым түсті. Мойындаймыз, екінші турдағы қарсыласы осалдау болды. Әйтсе де, дәл қазір Испания мен Италиядан жоғары тұрғанының өзі ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістік қой.

Ал Италия мен Испания Туринде кездесіп, 1:1 есебімен “итжығыс” түсті. 55-минутта Джанлуиджи Буффон өрескел қателік жіберіп, Витоло есеп ашқан. Содан Италия тайлы-таяғымен алға қарай лап қойып, әупіріммен таразы басын теңестірді. Жауапты голды матч соңында Де Росси пенальтиден соқты.

Криштиану Роналду төрт гол соқты, ал Месси ойнаған жоқ  

Жалпы, екі ойыннан алты ұпай еншілеген құрамалар – тым аз. Жоғарыда аталғандардан бөлек, «B» тобында Швейцария, «F» алтылығында Англия, сондай-ақ «H» тобында Бельгия мен Грекия құрамалары әлі ұпайларынан шашау шығарған жоқ. Қысқаша, тоғыз топта әзірше жеті құрама ғана жүз пайыздық көрсеткішпен көзге түсіп келеді.    

Айтпақшы, бас бапкері Андрей Шевченко болып бекітілген Украина құрамасы түзде түрік тарландарымен кездесіп, тең түсті. Бірінші таймда екі доп айырмасымен ұтып жатқан. Бірақ түріктер таразы басын ойын аяғына дейін теңестірді. Аталған екі құрама да екі ұпайдан еншілеп, «I» тобында үшінші-төртінші орындарды бөлісіп тұр.

Бұл турда Криштиану Роналдудың жанкүйерлерінің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болды. Португалия жұлдызы Андорра құрамасының қақпасына төрт гол соқты. Бұл «B» тобындағы ойын болатын. Ал Мессидің жанкүйерлері бармақтарын тістеп отыр. Өйткені Лионель бұл жолы ойнаған жоқ. Аргентина құрамасы әлем чемпионатының Оңтүстік Америкадағы електік додасы аясында, 7 қазан күні Венсуэламен тең түсті (2:2)...

Латыштар да жетісіп отырған жоқ...

Жалпы, бұл турда жігерлері құм болып, жабырқап отырған Қазақстан жанкүйерлері ғана емес. Латвиядағы футбол сүйер қауымның жағдайын жан баласына бермесін. 2004 жылы Еуропа чемпионатының финалдық додасында бақ сынаған латыштар 7 қазан күні түнде қара басып, Ригада Фарер аралдарынан 0:2 есебімен ұтылып қалды.

Осы ретте айта кетейік, Фарер аралдары қазір «B» тобында екінші орында тұр. Қоржындарында – төрт ұпай. Бірінші турда өз алаңында Венгрия бауырларымызбен тең түскен (0:0).   

«D» тобындағы, қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс Владимир Вайсс жаттықтыратын Грузияның да жағдайы мәз емес. Бұл елдің ала допты ұршықша үйірген қас шеберлері екінші рет ұтылды. Осы турда Ирландиядан ұтылды. Оны қойшы, өткен турда өз алаңында Австрияға есе жіберіп алғаны (1:2) әлі ұмытыла қойған жоқ.  

Енді УЕФА-ның електік додасы топтарындағы барлық ойындардың нәтижесімен танысып шығыңыздар:   

«A» тобы

Нидерланды – Беларусь – 4:1

Франция – Болгария – 4:1

Люксембург – Швеция – 0:1

«B» тобы

Португалия – Андорра – 6:0

Венгрия – Швейцария – 2:3

Латвия – Фарер аралдары – 0:2

«C» тобы

Әзірбайжан – Норвегия – 1:0

Германия – Чехия – 3:0

Солтүстік Ирландия – Сан-Марино – 4:0

«D» тобы

Ирландия – Грузия – 1:0

Молдова – Сербия – 0:3

Австрия – Уэльс – 2:2

«F» тобы

Англия – Мальта – 2:0

Шотландия – Литва – 1:1

Словения – Словакия – 1:0

«G» тобы

Италия – Испания – 1:1

Македония – Израиль –1:2

Лихтенштейн – Албания – 0:2

«H» тобы

Эстония – Гибралтар – 4:0

Бельгия – Босния және Герцеговина – 4:0

Грекия – Кипр – 2:0

«I» тобы

Түркия – Украина – 2:2

Исландия – Финляндия – 3:2

Косово – Хорватия – 0:6

«E» тобы

Бұл топтағы екінші турдың ойындары мен дода кестесін мына сілтеме арқылы таба аласыздар.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика