Қазақстан ұлттық құрамасы Қаратау астанасына кеше таңертең, 10:00-де ұшып кеткен болатын. Алты сағаттай ұшып, осы елдің астанасы Подгорица қаласына аман-есен жетті. Қонақ үйге орналасып, кешкісін жаттығу жұмыстарын да өткізіпті.
Қалыптасқан дәстүр бойынша матч алдындағы баспасөз жиыны өткен. Қаратау кезекті ойындарына дайындалатын құрамын жариялады. Crna Gora басылымдарының жариялауларынша, біздің құраманың баспасөз жиынына ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфинов пен белді ойыншыларымыздың бірі Серікжан Мұжықов қатысқан.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов:
– Жігіттердің жағдайлары да, көңіл-күйлері де жақсы, бәрі де ертеңгі ойынға – дайын. Аман-есен ұшып келдік, орналастық. Қазір жаттығу жұмыстарын жүргіземіз. Ертең – ресми ойын. Мақсатымыз – ұлттық құраманың әрбір ойыны алдындағыдай, өте жоғары. Біз мұнда оң нәтиже үшін келдік.
Қарсыласымыз – өте қарымды команда, ойыншыларының шеберліктері – жоғары. Әйтсе де, кезекті рет қайталап айтайын, біз ешбір құрамадан сескенбейміз, бірақ әрбір қарсыласымызға құрметпен қараймыз. Ертең Crna Gora құрамасымен де ілтипатпен ойнаймыз. Қызықты кездесу, тартысты ойын болатынына сенімдімін.
Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Серікжан Мұжықов:
– Біздің құрама бұл ойынға бір аптадай дайындалды. Тынығып та алдық, спорттық бабымызға да келдік. Біз мұнда алыстан ұшақ “сабылтып”, намысты қолдан беру үшін келген жоқпыз. Бос қайтпай, ұпай еншілеу үшін барымызды саламыз.