Вернуться к списку статей

“Қайраттың” жастары миллионер легионерлері мен ағаларына үлгі көрсетті

Футбол
2K
Қазақстан біріншілігінің Екінші лигасында жеңімпаз үш тур бұрын белгілі болды. Алматының «Қайратының» жастары топ жарып, бірінші орынды жеңіп алды.

ХХІІІ турда «Қайрат» (U-21) Оралда «Ақжайықтың» жастарымен кездесіп, 3:1 есебімен жеңіске жетіп, қоржынына үш ұпай салды. Әрі 23 ойыннан 58 ұпай еншілеп, бірінші орынды жеңіп алды. Енді ел біріншілігінің аяғына дейін ешбір команда «Қайраттың» жастарын қуып жете алмайды.

Осы ретте айта кетейік, екінші орындағы «Тобыл» жастарының 12 ұпайы кем. Ал үшінші орындағы «Шахтердің» жас жігіттері қостанайлықтардан да бір ұпай кем жинаған. Енді бұл екі ұжым екінші орынға таласады.

Сонымен, Максим Шевченко жаттықтыратын «Қайрат» (U-21) командасы Екінші лигада топ жарып қана қоймай, келесі жылы Бірінші лигада бақ сынау құқығына қол жеткізді. Маусым бойы өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, деңгейі жағынан ел біріншілігінің үшінші тобында (премьер-лига мен Бірінші лигадан кейінгі) үстемдік құрды. Әзірше 18 ойында жеңіске жетіп, тек бір-ақ рет ұтылды.

«Қайраттың» жастары төрт жыл бойы чемпион бола алмай жүрген негізгі құрамына қалай ойнау керек екендігін көрсеткендей де болды. Жеңімпаз болудың бір ғана жолы – қарсыластарын оңды-солды ұтып, басымдық таныту.  Сонда кінәліні шеттен іздеу болмайды. Сонда «әнебір ойын сәтінде пенальти беруге болушы еді» немесе «ел чемпионатының бірінші бөлігіндегі ұпайларымыз екіге бөлініп, жарты ұпайымыз желге ұшты» деген ақталу мен сылтау да айтылмайды...

Қалай десек те, «Қайраттың» жастары жарады. Осы жас таланттар болашақта өздерінің шежіресі мол клубтарын ғана емес, жалпы қазақ футболын алға сүйрейді деп үміттенеміз. Олардың бәрінің де тәжірибелері толысып, шеберліктері шыңдалып, жарық жұлдыз болуларына тілектеспіз.

«Қайрат» (U-21) командасының биылғы маусымдағы құрамы:

қақпашылар – Біржан Нұрәділ, Олег Грубов, Дәурен Тоқмағамбетов;  

қорғаушылар – Айбол Әбікен, Ернар Қыдырәлі, Ескендір Қыбырай, Ислам Иминов, Александр Стародубов, Әлібек Қасым;

жартылай қорғаушылар – Нұржігіт Сматов, Рифат Нұрмұғамет, Нұрлан Дайыров, Мадияр Райымбек, Рашид Люхай, Сулимжан Бакиев, Максим Котов, Рамазан Оразов, Әсет Байболов, Тимур Балтабаев, Бақтияр Амидунов;

шабуылшылар – Жандос Сұлтан, Мұрат Дадаев, Салман Хабаев, Павел Кривенцев, Есімбек Нұрахметов, Рамазан Тұяқбай.



Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика