Вернуться к списку статей

Қазақстан футбол федерациясында бір жылда үшінші бас хатшы

Футбол
2K
Қаныш Әубәкіров VS Еркебұлан Хасенов
Ел футболында бір жылда үшінші жаңа бас хатшы. Кеше Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты бұл қызметке Қаныш Әубәкіровтің тағайындалғанын хабарлады.

ҚФФ Атқару комитетінің шешімі бойынша Қаныш Қайдарұлы бас хатшы қызметінен бөлек, Федерацияның бірінші вице-президенті жауапкершілігін де қоса алып жүретін болады.

Жалпы, Әубәкіров едіміздің мемлекеттік және бизнес-құрылымдарында басшылық қызметтерді атқарған тұлға. ҚФФ сайтының жазуы бойынша екі жоғары білімі бар. Отбасылы, төрт баланың әкесі.

Бірақ, бұған дейін 2011 жылы Қазақстан футбол федерациясында бірінші вице-президенттің рөлін атқарған маманның екінші рет ел футболының жауапты қызметтеріне қайта келуінің мәнісін түсінбедік. ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов та әзірге оның жауапкершілігіне қандай маңызды тапсырмалар жүктелетіндігі туралы мәлімдеме жасаған жоқ. Бұған дейін бірін вице-президент болған Николай Мещеряков пен бас хатшы қызметінде бес айдай жүріп, «Футбол жолы – 2026» бағдарламасын жасауға тікелей атсалысқан Еркебұлан Хасеновтің де қайда кеткенін біле алмадық. Тіпті, шыны керек, Хасенов бізге Қожағапановтың ең сенімді көмекшілерінің бірі сияқты да көрінген.


Еркебұлан Хасеновтің "фейсбуктегі" жеке парақшасынан

Кеше кешкісін экс-бас хатшы өзінің «фейсбуктегі» жеке парақшасына белгілі шоумен Азамат Мусағалиевтің әзіл әніндегі қайырмасынан үзінді келтіріп, «Who ли ты ноешь? А...» деген бір ауыз жазба қалдырыпты. Мұның соңғы өзгерістерге қатысы бар ма, жоқ па, ол жағы да әзірге белгісіз. Сондай-ақ, Қазақстан футбол федерациясының қызметкерлері аптасына екі рет «Астана-Арена» стадионында бой қыздырып, футбол ойнап тұрады. Әдетте жаттығудан қалмайтын Хасенов кешегі кешегі ойынға қатысқан жоқ.

Айта кетейік, жалпы бір жыл ішінде Қазақстан футбол федерациясында үшінші рет бас хатшы алмасып отыр. Алдымен сәуір айында Азамат Айтхожиннің орнына Еркебұлан Хасенов келсе, енді оны Қаныш Әубәкіров ығыстырып шығарды.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика