Вернуться к списку статей

Алексей Щеткин "Ақтөбе" басшысының бассыздығына шыдай алмады

Футбол
1K
Алексей Щеткин
«Ақтөбе» басшылығының «шоғайнасына» шыдай алмаған Алексей Щеткин ақыры командадан кетті. Бұл туралы шабуылшы өзінің «инстаграмдағы» парақшасында жазды.

Естеріңізге сала кетейік, Премьер-лиганың 27-туры аясында өткен «Ақтөбе» – «Астана» кездесуінің арты үлкен дауға ұласып, ақтөбелік клубтың басшылығы елордалықтарды «Щеткинге алаңға шығуына рұсат бермеді. Шабуылшыға телефон шалып қорқытты» деп айыптаған болатын. Дегенмен, оның бұл спектаклі жүзеге аспай, басшысы Дмитрий Васильевтің арсыз әрекетін Алексей Щеткиннің өзі әшкерелеп берген. Шамасы, содан кейін футболшы мен басшылық тіл табыса алмаған секілді. Щеткин клубтан кететіні жөнінде ресми мәлімдеді.


– Осымен бітті. «Ақтөбе» жанкүйерлеріне айтарым бар. Осы 3 ай үшін сіздерге көп рахмет, осы уақытқа дейін қолдап келгендеріңіз үшін зор алғыс. Сіздердің қатарларыңызда болғаным үшін қуаныштымын. Кешіріңіздер меніғ бұл шешім маған оңай тиген жоқ. Өкінішке қарай, соңғы жағдайлардан кейін басшылықпен тіл табыса алмадық. Сондықтан, серіктестікті үзу туралы шешім қабылдадық. Бұл сөзді айтудан обалсынбаймын, сіздер – Ұлы клубсыздар. Сәттілік, сіздерге, «ақ-қызылдар»!, - деп жазды «инстаграмдағы» парақшасында Алексей Щеткин.

Әлбетте, Алексейді де «әппақ» деуден аулақпыз. Кезінде «Астанадан» кетерінде «Сіздерге қарсы ойнамаймын» деп уәде бермеуі керек еді. Егер бір клубтан екіншісіне ауысқан сайын осылай уәде бере берсе, онда алдағы төрт-бес жылдан кейін не болады? Ендеше Премьер-лига командаларының жартысына жуығына өнер көрсетіп үлгерген Самат Смақов мүлдем алаңға шықпауы керек шығар. Тіпті, кезінде Фернандо Морьентес, Альваро Мората сынды «реалдық» тарлан шабуылшылар да өзін тәрбиелеген командасына қарсы ойнап, гол да соққан. Осы тұрғысынан алғанда Щеткиндікін дұрыс дей алмаймыз. Ал қол алысып, уағдаласқан екен, ендеше бұл жерде ерекше бір жағдай бар шығар. Олай болса, уәдесінде тұрып, «Астанаға» қарсы шықпауы – нағыз азаматтық.


Алексей Щеткин "Ақтөбе" сапында 3 айда 8 ойын өткізіп, 6 гол соққан

Ал Дмитрий Васильев сонда да сөйлеп қалып жатыр. Шабуылшысы ресми түрде «кеттім» дегені сол екен, отандық «Проспорт.кз» сайтына сұхбат беріп, Щеткинге тағы да күйе жағып қалуға тырысып жатыр.

– Көріп тұрсыздар ғой, ол «менің бұл шешімім үшін кешіріңіздер» деп жазып жатыр. Демек, өзінің кінәсін мойындап тұр. Енді өздеріңіз қорытынды шығара беріңіздер. Ал бұл жайлы біз ресми мәлімдеме жасаймыз, - дейді Васильев.

Иә, бұл хикая әлі шегіне жетпепті. Жалғасы бар сияқты.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика