Вернуться к списку статей

Қазақстан және Испания – домбыраның күмбірі мен гитараның сыңғыры...

Футбол
2K
Қазақстан – Испания. Фото: holaciudad.com
Футзалдан Колумбияда өтіп жатқан ХІІІ әлем чемпионатының 1/8-финалында Қазақстан ұлттық құрамасы азулы Испания құрамасымен кездеседі.

«E» тобында екінші орын алдық

ХІІІ әлем чемпионатының топтық кезеңі аяқталды. Қазақстан ұлттық құрамасы «E» тобында екі рет жеңіп, бір ойында жеңіліске ұшырап, екінші орынға ие болды. Енді 1/8-финалында азуын айға білеген Испания құрамасымен кездеседі...

Әрине, Испания футзалшыларымен тым ерте кездеспеудің жолын қарастыруға болушы еді. Ол үшін өз тобымызда Аргентинадан жеңілмеу керек болатын. Тым болмаса, тең түскенде, «E» тобында бірінші орынды иеленуге болушы еді.

Аргентинамен тең түсе қалсақ, «E» тобындағы ойындар күнтізбесі біздің құрама үшін ыңғайлы еді. Өйткені біздің құрама соңғы ойында Соломон аралдары футзалшыларымен додаға түсті. Яғни доп айырмасы жағынан асып түсу үшін бәрін де есептеп-таразылап отыруға болатын еді...

Аргентинаның аңдығаны Игита болып шықты

Бірақ Аргентина құрамасы біздің құраманың ойынын мейілінше зерттепті. Әбден “жіліктеп”, талқылаған. Әрі осал тұсымызды тапқан. Ол – қақпашымыздың алдыға шығып кететіндігін пайдалану.

Өздеріңіз білесіздер, баз-базында Игитаның атойлап алға шығып кететіні бар. Ондайда, көбінесе допты алдына салып алып, жүгіріп келіп, бар екпінімен тебеді. Негізінен алаңның орта тұсынан соққы бағыттағанды ұнатады. Осылай бірнеше рет гол соққан-да...

Қазақстан – Аргентина матчында оңтүстікамерикалықтар Игитаның басқан ізін аңдыды. Ол алдыға шығып кеткенде, екі ойыншысы қос бүйірден қыспаққа алып, аяғындағы допқа атылумен болды. Ал біздің соққысы пәрменді қақпашымыз допты аяғының арасына салып емес, алысырақ жіберіп барып тепкенді жақсы көреді.

Осындай сәттердің бірінде Аргентина футзалшылары Игитадан допты тартып алып, біздің қақпаны нысанаға алды. Бірақ мүлт кетті. Бұдан кейін де қақпашымыздың алдыға шығып кеткен бірер әрекеттері сәтсіз аяқталды. Әйтсе де, ол онысын қоймады, қорытынды шығармады. Бас бапкер де “болды енді, қой мұныңды” демегендей.

Ақыры мақтаулы қақпашымыз “ойнақтап жүріп, от басты”. Бірінші таймның аяғында Игита алға шығып кетіп, өзіміздің ойыншылардың біріне пас бере салмай, Аргентина футзалшыларын алдап өтуге тырысты. Алайда оңтүстікамерикалықтар оны үш жағынан қаумалап, допты тартып алды да, қарауылсыз қалған қақпаны дөп көздеді...

Тек осыдан кейін ғана Игита атойлап алға шапқанын қойды. Ал Какау екінші таймда "бес ойыншы" тактиасын басқаша қолданды. Өзгелер сияқты қақпашымыздың орнына бесінші ойыншыны шығарды. Осыла ғана Аргентина құрамасын тықсырып, қауіпті шабуылдар ұйымдастырдық. Бірақ гол соғудың сәті түспеді.   

Испанияны айналып өтуге болушы ма еді? 

ХІІІ әлем чемпионатының 1/8 финалында Испанияны “айналып” өтуге болудың екі жолы бар еді. Біріншісі – өз тобымызда топ жару. Бірақ алғашқы турда-ақ Аргентинадан ұтылып қалдық та, бұл нысай мүмкін болмай қалды.

Екіншісі Коста-Риканы алға жіберіп, «E» тобында үшінші орын алу болатын. Бірақ бапкерлер құрамы бұл “қулықты” жүзеге асыруға тырысқан да жоқ. Ол түсінікті де. Себебі бұл өте қауіпті және тәуекелі басым қадам еді. Сондай-ақ Испаниядан "қашамыз" деп жүріп, Бразилияға тап болуымыз да ықтимал еді...

Әрі Коста-Рика құрамасы да бәрін саралап, есептеп отырды. Олардың соңғы турда Аргентинамен кездесетіндігінің өзі бұл тұрғыда тиімді емес болатын. Осы ретте айта кетейік, Коста-Рика соңғы турда Аргентина құрамасымен кездесіп, 2:2 есебімен тең түсті де, үшінші орынмен 1/8-финалына шықты. 

Ал қарсыласы – азуы алты қарыс Испания емес, деңгейі біздің құрамамен шамалас Португалия. Реті келгенде, Аргентина футзалшыларының Коста-Рика құрамасын жеңіп кете алмағанына “таң қала” отырып, үшінші орындар кестесін назарларыңызға ұсынамыз:

 

Осы кесте бойынша Коста-Рика, Иран, Египет және Вьетнам құрамалары 1/8-финалына шығып, техникалық көрсеткіштері тым төмен Панама мен Австралия үйлеріне қайтты. 

Коррида соншалықты қорқынышты емес сияқты...

Болар іс болды. Енді ішкі есеп-қисаптың қажеті жоқ. Испаниямен кездесеміз. Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлері қалай да айлаларын асыруды ойластырып жатқан шығар. Әрине, Испания жаттықтырушыларының да жеңіске жету жолын қарастырып жатқандары, айдан анық.

Біз тек Испания құрамасының осы әлем чемпионатындағы ойындарына қысқаша тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз. Колумбиядағы бүкіләлемдік додада «Қызыл Фурия» соншалықты “шайпау мінезді” емес сияқты.

Рас, «F» тобында бақ сынап, үш ойында да жеңіске жетті. Десек те, кейбір матчтарда үш ұпайды оңайшылықпен еншілей алмаған сықылды. Мәселен, Ираннан 5:1 есебімен басым түссе, Әзірбайжанды 4:2 есебімен ғана ұтты. Ал үш ойында да ұтылған Марокко құрамасын 4:3 есебімен жеңді. Бірақ бұл соңғы ойын болғандықтан, тізгін тартып, күш-жігерлерін үнемдеуге тырысқан айла-тәсілдері болуы да мүмкін.

Кім біледі, бәлкім, спорттық баптарына әлі келе алмай жүрген де шығар. Десек те, ұмытпауымыз керек, Испания құрамасы – футзалдағы ең айбынды екі команданың бірі. Екі дүркін әлем чемпионы. Үш рет күміс жүлдегер атанып, бір рет қола медальды қанағат тұтқан. Әлем чемпионаттары тарихында бір-ақ рет жүлдесіз қщалған...

Бұған жеті рет Еуропа чемпионы атанып, бір рет күміс, екі мәрте қола жүлдені көңілдеріне медеу тұтқандарын қосуға болады. Құрлық біріншілігінде жүлдесіз қалып көрмеген.

Даңқты Лосано Хавьердің дәуірі өтті десек те, оның ізбасарлары – әлі де айбарлы. Әйтсе де, жанкешті жігіттерімізге сенеміз. Қазақстан – Испания матчынан кейін домбыраның үні күмбірлей ме, жоқ әлде гитаранаың дауысы сыңғырлай ма, оны ойын көрсетеді...



Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика