Вернуться к списку статей

Қазақстан футбол федерациясы "бауыр еті баласы" "Ақтөбені" жазалай ма?

Футбол
2K
Егер Қазақстан футбол федерациясы әлі де ардан арылмаған болса, Васильев пен Уткульбаевтың арсыздығы үшін "Ақтөбені" кемінде 800 мың теңгеге жазалауы тиіс.

Премьер-лиганың 27-туры аясында өткен «Ақтөбе» мен «Астана» кездесуі жанкүйерлердің есінде ел чемпионатының ең даулы ойындарының бірі ретінде мәңгілікке сақталып қалатын болды. Алаң иелерінің басшылығы қонақтарға жаттығатын алаң тауып бермегені былай тұрсын, матч басында бас бапкері Юрий Уткульбаев «астаналық» Станимир Стойловтың қолын алуға бас тартты. Енді Қазақстан футбол федерациясы «Ақтөбе» футбол клубы мен оның жаттықтырушысына жаза қолданар ма екен?

«Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі»

Юрий Уткульбаевтың матч соңындағы баспасөз мәслихатында айтқан сөздеріне қарағанда «Астанадағы» «бір дөкейлер» алаң иелерінің шабуылшысы Алексей Щеткинге алаңға шығуға рұқсат бермегені үшін матч басында Станимир Стойловтың қолын алудан бас тартыпты.

«Щеткин кім? «Ақтөбеде» ойнайтын оның «Астанаға» не қатысы бар?» деген сұрақ тумас үшін аз-мәз түсіндіріп өтейік. Щеткин өткен жылдың басынан осы маусымның ортасына дейін елордалық командада ойнаған. Бірақ клуб басшылығына Марко Трабукки келіп, италиялық маман шабуылшыны «Ақтөбеге» жібере салады.


– Васильев пен Марко оны бізден ұрлап алды. Бұған дейін «Ақтөбе» Щеткинді бізден екі рет сұраған. Екеуінде де біздің басшылық қарсы болды. Бірақ Марко келді де, менен сұрамастан Щеткинді «Ақтөбеге» бере салды. Ол бізбен қоштасуға келгенде бәріміз төбемізден біреу қойып қалғандай тұрып қалдық. Мен оның «Астанаға» қарсы алаңға шығатынын, не шықпайтынын білген жоқпын. Мұны футболшының өзі шешуі тиіс деп айтқанмын, - деген матчтан кейін Станимир Стойлов. 

Бірақ, тұтығып кеткен «Ақтөбенің» бас директоры Дмитрий Васильев бұл күні ешнәрсеге қарамады. Бас бапкерлердің баспасөз мәслихатынан кейін журналистерге өзі де сұхбат беріп, «Астананы» сотқа беретінін тістеніп тұрып айтты.


– Біз міндетті түрде осы ойында «Астанаға» техникалық жеңіліс жазылуын талап етіп, дегенімізге жетеміз. «Астана» басшысы Саян Хамитжановтың өзі Щеткинге телефон шалып, қорқытты. Одан кейін өткен турда «Оқжетпеспен» болатын ойынымыздың алдында екінші жаттықтырушысы Бабаян келіп, Щеткинге «Астанаға» қарсы алаңға шықпауы керектігін айтып кетті. Бір емес, бірнеше рет шабуылшымызға қоңырау шалды. Мұны бізге Щеткин мен оның агенті айтты. Осыдан кейін біз қалай олардың қолдарын алуымыз керек? Біз бұл бассыздыққа төзіп отыра бермейміз. Сотқа береміз. Керек болса, Халықаралық спорттық арбитражға дейін жетеміз. Бәлкім біз Федерация тарапынан қолдау таппайтын шығармыз. Бірақ САS «Астананы» ойсырата жеңуімізге көмектеседі, - деді тұтығып, қолын жан-жаққа лақтыра сөйлеген Дмитрий Пантелеевич.

Айтпақшы, өзіне жала жабылып жатқанына шыдай алмаған Григорий Бабаян да қарап қалмады. Spots.kz сайтына сұхбат беріпті. Онда «Астананың» екінші жаттықтырушысы ойын алдында Щеткинге мүлдем қоңырау шалмағанын, оған тіпті жақындамағын айтты.


– Жеңілгенін мойындағысы келмейтін Васильев бар кінәні бізге жапқысы келеді. Сол арқылы соңғы кездері басынан арылмай қойған даудың бәрін осындай жалалар арқылы жуып-шайғысы бар. Бірақ жанкүйерлер бәрін көріп тұр ғой. Әйтпесе, ойыннан кейін стадиондағы көрермендер оған бөтелкелер лақтырмас еді. Ал Щеткинмен біздің арамызда шынымен де келісім болған. «Астанадан» кетерінде бізге қарсы ойнамайтын болып қол берген. Бұл жайында біз өткенде Астанада өткен «Оқжетпес» – «Ақтөбе» матчы кезінде Васильевке де ескерткенбіз. Сондықтан, ол білмейді емес, бәрін бәледей біледі. Бірақ Щеткиннің өзіне телефон шалып, қорқытып-үркіткен жоқпыз, - деді Григорий Бабаян.

«Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» дейді ғой. Зияны Щеткинге тиіп кетпесе болғаны, әйтеуір. Шыны керек, қайта өзі сұхбат бергені дұрыс болды. Тағы да сол спорттық сайтқа сұхбат берген Алексей Щеткин бас директорының артын жақсылап тұрып ашып беріп, Васильев ұйымдастырған былыққа нүктені өзі қойды.


– «Астанадан» кетерімде шынымен де сөз бергенмін. Уәдемде тұрмау – адамгершілік болмас еді. Ешкім маған телефон шалып, қорқытып-үркіткен жоқ. Васильевтің бұл былыққа мені неге араластырғанын білмеймін. Өзі әйтеуір, түсініксіз соғыс ашып алған. Мені де былыққа батырғысы келеді. Шыны керек, Васильев мені осы әрекеті арқылы сазға отырғызып кетті. Енді ары қарай не боларын білмеймін, - дейді күйіп кеткен Щеткин.

Иә, осылайша «Ақтөбе» бас директорының кезекті спектаклі тағы да циркпен аяқталды. Жасыратыны жоқ, жанкүйерлер бүгінде Васильевтің бассыздық әрекеттерінен әбден шаршады. Бөтелке лақтырғаны былай тұрсын, түнде кездесіп қалса, түтіп жеуге дайын. Бірақ облыс басшылығы әлі де үнсіз. Бердібек Сапарбаевтың төзімі қай жерге дейін барар екен?

Уткульбаевке 300 мың теңге сөз боп па?

Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік-Регламентінің 131 бабына сәйкес, бас бапкер немесе оның міндетін атқарушы матч алдында қарсылас команданың бас жаттықтырушысымен міндетті түрде қол алысуы қажет. Бұл рәсімнен бас тартқан жағдайда жатықтырушыға 300 мың теңге айыппұл салынады. Ал екінші рет қайталаса, екі ойынға шеттетіледі. Бірақ «Ақтөбенің» бас бапкері Юрий Уткульбаевтың Регламентке де, айыппұлға да пысқырып тұрғаны байқалмайды.


– Ең бастысы «фейр-плей» деген сөзді айттыңыз, – деп Юрий Анварович матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында әріптесінің қолын әдейі алғысы келмегенін айтты. – Қол алысу дегеніміз не? Ол дегеніңіз – бір адамға ақжарқын ниетпен келіп, оның қолын алып амандасу, оның саған ешқандай арамза ойы жоқ екендігін біліп, қарым-қатынас жасау. Ондайда еш қиындықсыз қол алысасың. Ал мен ол қолды алғым келмеді. Себебі, «Астана» бар күшін салып, Щеткинді бүгінгі ойынға шығармай тастады. Менің естуімше, тікелей қорқытулар болған. Сондықтан да, осындай істерін мен фейр-плей деп айта алмаймын. Менімен келісесіздер ме? Адам артына қанжар тығып тұрса, мен оның қолын қайтіп алмақпын? Ренжісе, өз білсін! Мен оның қолын ала алмадым. Өйткені мен ондай қитұрқы әрекеттерді дұрыс емес деп есептеймін.

Станимир Стойловтың қаншалықты ренжігенін қайдам, бірақ екі бапкердің әлеуетіне, Қазақстан футболына сіңірген еңбектеріне жанкүйерлердің өздері бағасын бере жатар. Ішкі аренаны айтпай-ақ қоялық, Стойлов «Астананы» Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығарып, талай баланың футболға деген махаббатын оятқан маман. Ал Уткульбаев кім?


– Бұл жаттықтырушының қайдан келгенін білмеймін. Дегенмен, «Астананың» бапкерлері қол алысуға лайық емес деп есептейтін болса, бәлкім ол «Реал Мадридтен» келген шығар. Ол – Васильевтің құлы. Қазақстан футболына еш абырой әкелмейтін адам. Жалпы, мұндай адамдар Қазақстан футболында жүрмеулері керек, - деп Уткульбаевтың кім екенін Станимир Стойлов тамырын баспай-ақ айтып берді.

 «Ақтөбе» басшылығы Регламентке пысқырмай ма?

Матч алдында kazfootball.kz сайтына сұхбат берген елордалықтардың спорт директоры Александр Коночкин «Ақтөбе» басшыларының ойынға дайындық жүргізуіне еш жағдай жасамай, мүмкіндік бермей отырғанын айтып шағымданды.


– Ақтөбеге барсам, алаң иелері біздің командаға жаттығу үшін Орталық стадионнан уақыт бөлмепті. Команда қаладағы «Нефтянник» стадионында жаттығу жасаған. Одан бөлек, ойын болатын күні жаттығу алаңына жетіп алуымыз үшін автобус та бермеді, - дейді Александр Иванович.

Ол ештеңе емес екен. «Ақтөбе» басшылығы бұдан да сорақы әрекеттерге барып, «Астананың» хаттамаға енбей қалған футболшыларына стадионға билет бермей, сорлатқан. Тек соңғы сәтте испектордың және ұлттық құрама ойыншыларының араласуынан кейін ғана қақпаның арт жағынан орын тауып берген.

 

Үнемі әр жиында өзінің ғана емес, Қазақстан футбол федерациясындағы «шатырының» да құқығын қорғап, әр жерде «бес тиындық» пікірлерін тықпалаудан шаршамайтын Дмитрий Васильевті оқымаған надан дей алмайсың. Сөйте тұра Регламенттегі кейбір талаптарды білмейтініне таң қаласың. Ендеше есіне салып қоялық, Қазақстан Премьер-лигасы Регламентінің 5.25 бабында былай деп жазылған:

5.25.1. Клуб қожайын қонақ команданы вокзалдан (әуежай) қонақүйге, жаттығу жүргізетін күндері – қонақүйден стадионға, ойын күні – қонақүйден стадионға және керісінше, стадионнан қонақүйге жету үшін сиымдылығы 50 адамнан кем болмайтын жайлы люкс-автобуспен қамтамасыз етуі тиіс;

5.25.4.1. Қонақ команданың жаттығуы үшін клуб-қожайын барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген, Чемпионаттың матчы өтетін алаңды бір сағатқа ұсынуы тиіс. Ұсынылған жаттығу уақыты ойын уақытымен бірдей уақытқа сәйкес келуі тиіс. Тек қонақ-клуб өзі басқа уақытты таңдаған жағдайда ғана басқа уақыт бөлінуі қажет.

Міне, Қазақстан Премьер-лигасының Регламентінде осылай нақты көрсетілген. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда клубқа 500 мың теңге салынатыны Тәртіптік Регламенттің 114 бабында көрсетілген. Ендеше Қазақстан футбол федерациясы өзінің панасындағы «Ақтөбені» жазалай ма екен? Әліптің артын бағайық. Әлбетте, баласын кез келген әке сабайды, бірақ жұдырығын тигізбеуге тырысатын еді. Қалай болар екен?   

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика