Вернуться к списку статей

“Ордабасы” үшінші орынға шығып, “Ақжайық” тағы жеңді

Футбол
2K
«Ордабасы» – «Оқжетпес» – 1:0. Фото: okzhetpes.kz
Бүгін Қазақстан премьер-лигасында ХХVІІ турдың үш ойыны өтіп, «Ордабасы» басты бәсекелесінің бірін ұтып, үшінші орынға шықты.

Гейнрих тағы гол соғып, “Ордабасы” үшінші орынға көтерілді

Екі команда да осы ойының шектен тыс маңызды екенін түсінді. Бұл матчта жеңіске жеткен команда қола жүлдеге бір табан болса да, жақындай түсетін еді. Футболшылар “тілімен” айтқанда, бұл матчта үш ұпай емес, “алты” ұпай сарапқа салынатын кездесу болатын.

«Ордабасы» бірінші таймның басында-ақ гол соғып, жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Симчевич допты ауттан алысқа лақтыра білетіндігін паш етіп, оң қапталда бар өнерін салды. Абдулин өзгелерден биік секіріп, теңбіл допты айып алаңының ортасына қарай асырды.

Допқа қарсы жүгіріп шыққан Стаменкович ойыншылардың арасында сүрініп-қабынып, жығылып та қалды. Ал Гейнрих әуелеп ұшқан ала допты қайшылап теуіп, қақпа торын бүлк еткізді. Гол!

Әрине, бұдан кейін қонақтар есепті теңестіруге тырысып, бар күш-жігерін салды. «Ордабасы» да қарап қалмай, қарсы шабуылдарымен қонақтарының қорғанысын піспектеумен болды.

Ойынның аяғына қарай «Оқжетпес» қарқынын үдетті-ақ. Алайда, алаң иелері бекінісін күшейтіп, қорғаушыларының санын көбейте түсті. Жеңісті уыстарынан шығармай, үш ұпай еншіледі.           

«Ордабасы» – «Оқжетпес» – 1:0

Гол: Гейнрих, 16.

«Ордабасы»: Бекбаев, Төлебек, Трайкович, Абдулин, Симчевич, Диакате, Смақов, Әшірбеков, (Қожабаев, 63), Тұңғышбаев, Гейнрих (Чатто, 56), Касалица (Адырбеков, 36).

«Оқжетпес»: Стаменкович, Чичулин, Чижов (Куксин, 37), Кислицын, Мангуткин, Еоне (Қожамберді, 75), Волков, Нганбе, Юрин, Хайруллин, Молдақараев (Каналес, 61).

“Ертіс” күзде “тартылып”, төмен сырғып барады...

«Қайрат» Алматыда «Ертісті» қабылдап жеңіске жетті. Дәл қазір көш басындағы «Астанадан» бір-ақ ұпайы кем. Ал «Ертіс» осымен бесінші рет қатарынан ұтылып, төмен сырғып барады.

Әйтсе де, ойын өте қызықты өтті. Соғылған голдардың үшеуі де тартымды болды. Әсіресе, Бауыржан Исламханның шірене тепген добы әдемі болып шықты.

Қаншама рет «Қайраттың» қақпасының алды опыр-топыр болып, «Ертіс гол соғып кете жаздады. Қаншама рет «Қайраттың» ойыншыларының қауіпті соққыларынан соң стадион дүр сілкінді.    

Матчтан соң «Ертістің» бас бапкері Димитар Димитров тағы да төрешілерге наразы екендігін білдірді. Оның айтуынша, бұл ойында қазылар «Қайратқа» емес, басқа командаға «болысқан»...

Осы ретте айта кетейік, осы матчтың алдында «Ертістің» үш-ақ қорғаушысы қатарда қалған. Сондықтан бас бапкер кейбір ойыншыларды (Фонсека мен Фернандесті) өз орындарында емес, басқа шептерде ойнатуға мәжбүр болған.

Сонымен, «Ертіс» ұтылып, ұзақ уақыт “меншіктеп” алған үшінші орнынан айырылып қалды. Енді қола жүлдеден үмітін үзе ме екен?..

«Қайрат» – «Ертіс» – 2:1

Голдар: Гоу, 23 (1:0). Григалашвили, 78 (1:1). Исламхан, 81 (2:1).

«Қайрат»: Покатилов, Қуат, Маркович, Ампоста, Сүйімбаев, Тимощук (Тавамба, 80), Бакаев, Исаэль (Рудосельский, 75), Асеведо (Аршавин, 58), Исламхан, Гоу.

«Ертіс»: Цирин, Ахметов, Фрейдгеймас, Йирсак, Аяғанов (Попов, 83), Сартаков, Фернандес, Гетериев (Григалашвили, 63), Фонсека, Фаль, Мұртазаев.

“Ақжайық” бесінші рет жеңіске жетіп, күзде “тасып” жатыр...  

«Ақжайық» ел чемпионатының екінші кезеңі басталғалы қарсыластарын қоғадай жапырып келеді. Екінші алтылықта бес ойын өткізіп, үй демей, түз демей, бесеуінде де жеңіске жетті. Бүгін түзде «Атырауды» да бұйым құрлы көрмеді...

Бұған дейін, яғни ел чемпионатының бірінші кезеңінде 22 ойын өткізіп, үш-ақ рет жеңіске жеткен Орал командасы, екінші кезеңде бірде-бір ұпай жоғалтқан жоқ.

Бүгінгі матчта есепті алаң иелері ашқанымен, екінші таймда «Ақжайық екі гол соғып, жеңіске жетті. Әрі «Тараздан» асып түсіп, 11-орынға көтерілді. Ал Тараз командасы ертең Қостанайда ойнайды. Қалай болар екен, ә?!

«Атырау» – «Ақжайық» – 1:2

Голдар: Куртеян, 33 (1:0). Дудченко, 61 (1:1). Дудченко, 78 (1:2).

«Атырау»: Нарзикулов, Чуреев, Мулдаров, Ламанж, Дачевски, Сапаров, Шабалин (Федин, 80), Куртеян, Аржанов (Макась, 84), Шарпар, Трытко,

«Ақжайық»: Төлебаев, Әбдірахманов, Одибе, Сапаров, Омаров (Розыбакиев, 39), Говедарица, Ортиз, Сергиенко, Валиуллин, Лечич, Дудченко.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика