Колумбияда өтіп жатқан ХІІІ әлем чемпионатының топтық кезеңінде «Е» квартетінде бақ сынап жатқан ұлттық құрамамыз бүгін таңертең екінші ойынын өткізді. Коста-Рика құрамасымен кездесіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Ойын басталған бетте, дәлірек айтқанда, 58-секундта Дуглас допты қақпаның дәл алдында, бірақ айып алаңының сыртынан ырқына көндіріп алып, шиіре теуіп Коста-Рика қақпашысын қапы қалдырды. Гол!
Бірінші таймның аяғына қарай орталықамерикалықтар таразы басын теңестірді. Паньягуа да айып алаңының сыртынан шірене теуіп, Игитаны сан соқтырып кетті. Доп қақпа бағанасына тиіп барып кірді.
Алайда көп ұзамай біздің футзалшылар қайтадан алға шықты. Лео допты ойынға бұрыштан қосып, Таку жанкештілік танытып, өзін итермелеп, ізін басқан қорғаушыдан бұрын қимылдап, қақпа торын бүлк еткізді. Бірінші тайм осылай аяқталды.
Екінші тайм басталған бетте, нақтырақ айтсақ, 21-секундта біздің футзалшылар айып соққысын орындау құқығына ие болды. Дуглас допты ысырып Леоға бере қойды да, алтыншы нөмірлі ойыншымыз қақпаға ту сыртымен қарап тұрса да, өкшесімен қақпашының екі аяғының арасынан зып еткізіп, өткізіп жіберді...
Бұдан кейін екі команданың да гол соғатын бірнеше мүмкіндіктері болды. Бірақ біздің жігіттер де, Коста-Рика футзалшылары да өз мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алып, ойын осылай аяқталды.
Сөйтіп біздің құрама әлем чемпионатының финалдық додасындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бұған дейін Қазақстан футзалшылары 2000 жылғы әлем чемпионатына қатысқан болатын. Бірақ өз тобында Бразилия, Португалия және Гватемала құрамаларынан ұтылып қалған-ды.
Қазақстан – Коста-Рика – 3:1
Голдар: Дуглас, 0:58 (1:0). Паньягуа, 14:16 (1:1). Таку, 15:48 (2:1). Лео, 20:21 (3:1).
Қазақстан: Игита, Лео, Дуглас, Довгань, Першин – Сүлейменов, Есенаманов, Нұрғожин, Таку, Пенгрин, Гуров, Кнауб, Гребонос, Мун.