Ауа-райының қолайсыздығына байланысты бұл ойынды кеше Көкшетауда өткізу мүмкін болмай, Астанаға ауыстырылған болатын. Үшінші орыннан дәмелі «Оқжетпес» көпшілікті таң қалдырып, «Ақтөбеден» ірі есеппен ұтылып қалды.
Матчтан кейінгі журналистерге арналған баспасөз жиынанда бұл ойынды «Оқжетпестің» бас бапкері Владимир Муханов былай сипаттапты:
– Команданың бүгінгі ойыны үшін мен ұялып отырмын. Сол үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Допты өзімізде көбірек ұстап, басымдық танытқанымызбен, біз таза ұтылдық. Бүгін командадан өткен ойындардағы жігерлікті де, қайсарлықты да, шеберлікті де көре алмадым. Бірталай себеп іздеп тауып алуға болады – ұзақ үзіліс және т.б. Әйтсе де, осындай дәрежеге дейін... мен, әрине, мұндайды күткен жоқпын. Бірінші таймда соншалықты абыржу туындаған да жоқ деуге болады. Ойынымызда қандай да бір үйлесім болды. Бірақ екінші таймда не болғаны... бұл – түгелдей “ералаш”. Ойынға қарап отырудың өзі өте қиын болды.
Иә, бұл ойында «Оқжетпес» өздерінің төртінші орындағы мәртебелеріне сай ойын өрнегін көрсете алмады. Қорғаушылары қателесіп, білгендерінен жаңылды.
Көкше клубының қақпашысы – өте тәжірибелі голкипер. Қақпа сызығына “байлап” қойғандай тұрмайды. Допқа қарсы жүгіріп шығып, шабуылшыларды састырады. Бірақ бүгінгі ойында оның бұл артықшылықтары кері әсерін тигізгендей...
Әрине, «Оқжетпестің» бүгінгі жеңілісіне тек қорғаушылары мен қақпашысын кінәлаудан аулақпыз. Жеңілген – команда. Ендеше, бәрі де – кінәлі. Бүгін жеңіске жетсе, үшінші орынға көтерілер еді. Осындай мүмкіндікті пайдалана алмағандарын түсіну қиын...
Ал «Ақтөбе» таңдандырды. «Тәбет ас үстінде ашылады» демекші, үздік алтылыққа әупіріммен іліккен команда енді «үшінші орынға таласамыз» демесе етті... Қалай десек те, қола жүлдеге таласатын командалар арасындағы бәсекелестік шектен тыс шиеленісті болатын сияқты.
«Оқжетпес» – «Ақтөбе» – 0:3
Голдар: Бочаров, 15. Щеткин, 49. Щеткин, 90+5.
«Оқжетпес»: Стаменкович, Чичулин (Ристович, 69), Чижов, Кислицын, Мангуткин, Еоне, Волков, Юрин (Бөлешев, 54), Хайруллин, Каналес (Нганбе, 54), Молдақараев.
«Ақтөбе»: Отарбаев, Қайыров, Сорокин, Цвейба, Ситдиков, Куаджа (Митошевич, 69), Давлатов, Кәкімов (Жалмұқан, 67), Шестаков, Бочаров (Крюков, 86), Щеткин.
Премьер-лига додасының ХХVІ турдан кейінгі кестесі