Вернуться к списку статей

Лозанна соты Қазақстан федерациясын "Алтайға" тоғыз ұпайын қайтарып беруге мәжбүрлеуі тиіс

Футбол
2K
Қазақстан футбол федерациясы мен
Қазақстан футбол федерациясы мен «Алтай» футбол клубы арасындағы даудың жыры әлі біткен жоқ. Тіпті, арты ушығып кетуі де мүмкін. Бәрі де шығыс қазақстандықтар 9 ұпайын қайтарып алады дегенге бара жатыр.

Лозаннадағы сот не дейді?

Таяуда Лозаннада Спорттық арбитраждық соттың (САS) отырысы өтіп, «Алтай» футбол клубынан алынып тасталған 9 ұпайға байланысты іс қаралды. Аталмыш мәселеде «Алтайдың» құқығын қорғап жүрген ресейлік заңгер Михаил Прокопец Швейцариядан орала сала қазақстандық вести.кз сайтына сұхбат беріпті.


– Біз Спорттық арбитраждық соттан шешімді 30 қазанға дейін шығаруды сұрадық. Өйткені, «Алтай» ұпайларын ел біріншілігі аяқталғанша қайтарып үлгеруі тиіс. Әдетте CAS мәселелерді ұзақ қарастырып, соңғы үкімді кеш шығарады. Дегенмен, «Алтайға» 30 ұпайды қайтара ма, жоқ па, оны 30 қазанға дейін айтады, - деді спорттық заңгер.

Оның айтуынша, бұл соттың «Алтайдың» пайдасына шешілу мүмкіндігі өте жоғары. Дегенмен, Лоззанадағы сот отырысына Қазақстан футбол федерациясының бірде-бір мүшесі келмепті. Тек «Алтайдың» адамдары ғана болған. «Жалпы, сот шешімі «Алтайдың» пайдасына шешілеріне сенімдіміз», - дейді Прокопец. Айтпақшы, Прокопецтің кім екенін де айта кетейік. Ол кезінде Фабио Капеллоның құқығын қорғап, Ресей футбол одағын сан соқтырған заңгер. Оның көмегіне Артем Дзюбадан бастап, Ресейдің бірқатар футболшылары жүгінген.


«Востоктың» қарызы «Алтайдың» мойнына ілінді

Өрттің қайдан шыққанын тағы бір естеріңізге салайық. «Алтайдың» ауа қармап қалған кезі 9 сәуір болатын. Кенет, «Востоктың» 2012 жылы сербиялық екі легионер Джордже Мрджанин мен Саша Добричке қарыз екендігі естеріне түскен ҚФФ бар кінәні «Алтайға» артып, жылатып тұрып 9 ұпайын тартып алған еді.


– «Алтайдың» қызметкеріне бәрін тиянақты ұғындырдық. Қазақстан футбол федерациясына ФИФА тарапынан хат келіп, «Восток» футбол клубының 9 ұпайын шегеру туралы талап қойд, - деп түсіндірген болатын бұл жайын ел футболының басшысы Ерлан Қожағапанов. – Ал «Востоктың» Бірінші лигадағы ізбасары «Алтай» болғандықтан ФИФА регламентіндегі талап соларға қатысты қолданылды. Сондықтан, «Алтай» қысқа мерзімнің ішінде футболшылардың алдындағы берешегін өтеуі тиіс. Әйтпесе, ФИФА команданы Екінші лигаға түсіріп тастау туралы жаза қолдануы мүмкін. Ал егер қарыздарын қайтарса, онда біз ФИФА-ға хат жазып, 9 ұпайды қайтару туралы өтініш береміз. Неге біз мұндайға барып отырмыз? Өйткені, біріншіден біз ФИФА мүшесіміз. Сондықтан олардың талаптарын бұлжытпай орындауымыз қажет. Екіншіден, біздің ұлттық командаларымызды ФИФА және УЕФА аясындағы барлық турнирлерден аластату туралы қауіп болған.  

«Восток» қайда, «Алтай» қайда?

«Алтайды» аяусыз жазалағаннан кейін ҚФФ президенті осылай деп ақталған. Алайда, әлгі қарыздарға «Алтайдың» қандай қатысы барын сол күйі түсіне алар емеспіз. Ерлан Тоқтарханұлының тілімен айтар болсақ, біріншіден, «Восток» пен «Алтай» екеуі екі бөлек клуб. Алғашқысы әлі де МКҚК ретінде тіркеліп тұр. Екіншіден, «Алтай» Бірінші лигаға «Востоктың» ізбасары болғандықтан емес, Атқару комитетінің шешімімен жолдама алған. Сондықтан, Қазақстан футбол федерациясының «Алтайды» кінәлі қылып қоюы да орынсыз. Айтпақшы, тағы бір сұрақ: неге осыдан екі жыл бұрын емес, былтыр емес, «Востоктың» қарызы Қазақстан футбол федерациясының есіне биыл ғана түсе қалды? Егер футболшылардың қамын ойлағыш болса, осыған дейін қайда жүрді?  


Пайда көретін кім, жапа шегетін кім?

«Алтай» футбол клубы бұл мәселеде өздерінің жеңіп шығатындықтарына нық сенімді. Расымен де, Спорттық арбитраж соты ҚФФ мен «Алтай» арасындағы дауды шығыс қазақстандық клубтың пайдасына шешуі мүмкін. Бәрі соған әкеле жатыр. Әлбетте, «Алтайды» жақтап отырған жоқпыз. Керісінше, 9 ұпайды қазір емес, қазанның аяғында қайтарып берсе, онда «Қайсар» мен «Қызыл-Жарға» обал болмақ. Сондықтан, ерте күнді кеш қылмай, Қазақстан футбол федерациясы қателігін мойындап, «Алтайдан» алып қойған ұпайларын қазір қайтарғаны дұрыс еді.

Ал енді 9 ұпайды маусым соңында қайтарып берер болса, арты неге апарып соғуы мүмкін?

1. Қазақстан футбол федерациясы «Қайсар» мен «Қызыл-Жарды» өзіне қарсы қойып алады.

Дәл қазір Бірінші лиганың турнир кестесінде «Алтайды» «Қайсардан» 9 ұпай, ал «Қызыл-Жардан» 3 ұпай бөліп тұр. Лозаннадағы сотты жеңіп шыққан жағдайда шығыс қазақстандықтар қызылордалықтармен теңесіп, петропавлдықтарды басып озады. Әлбетте, мұндай жағдай басты бәсекелестеріне ұнай қоймас. Оның үстіне, тек жеңімпаз команда ғана Премьер-лигаға тікелей жолдама алып, екінші орын алғаны електік ойынға қатысады. Яғни, мүлдем дымсыз қалатын «Қызыл-Жар» Қазақстан футбол федерациясымен ат құйрығын кесісуі әбден мүмкін.

2. Қазақстан футбол федерациясының беделіне қара дақ

ҚФФ беделі, шыны керек, қазірдің өзінде оңып тұрған жоқ. Дәл қазір оларды сынамайтындар кемде-кем. Әлбетте, әрдайым себеп тауып беріп отырған да өздері. Бірде төрешілер дауы, бірде Тәртіптік-бақылу комитетімен итжығыс, бірде Абраевпен айқас, бірде Конференция, бірде келісілген ойындар... Әйтеуір, былығып жатқан бір ұйым. Енді оған тағы бір бас ауру қосылуы мүмкін. Лозаннадағы сотта «Алтай» жеңіп шығар болса, онда Федерацияның беделінен жұрнақ та қалмайды.

3. ҚФФ президенті қызметінен кетуі мүмкін

Негізі Ерлан Қожағапановтың төрт жылдық басшылығының әлі екі жылы бар. Дегенмен, абыройынан айрылған Ерлан Тоқтарханұлы 2018 жылды күтпей-ақ «отставкаға» кетуі мүмкін. Мұндай жағдай көрші елде де болған. Ресей футбол одағының президенті Николай Толстых «Ростовпен» айқасам деп, Лозаннадағы соттан бір-ақ шыққан. Кейін қызметінен кетіп тынды.  



Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика