Вернуться к списку статей

Ертең Қазақстан премьер-лигасында – эль-классико

Футбол
2K
Ертең Қазақстан премьер-лигасындағы ХХVІ турдың ойындары бастылып, соның бірінде «Астана» мен «Қайрат» елордада додаға түседі.

Сонымен 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турниріндегі бірінші турға байланысты біразға созылған үзіліс тәмамдалды. Ертең ел чемпионаты одан әрі жалғасып, ХХVІ турдың төрт ойыны өтеді. Қалған екі матчтың ысқырығы сенбі күні безілдейді.

ХХVІ турдағы негізгі және ең маңызды матч «Астана» мен «Қайрат» арасындағы кездесу болады. Осы ойында тіпті чемпиондық тәждің тағдыры шешіліп қалуы да – кәдік. Олай дейтін себебіміз, егер осы ойында «Астана» жеңіске жетсе, онда «Қайраттың» еліміздің өткен маусымдағы чемпионын қуып жетуі қиямет-қайым болады.

Дәл қазір «Астананың» «Қайраттан» жеті ұпайы артық, әрі бір ойыны кейінге шегерілген. Егер елорда клубы ертең жеңіске жетсе, алматылықтардан 10 (әлгі 26 қазанға ығыстырылған ойында жеңіске жетсе – 13) ұпай ұзап кетеді. Қалған алты ойында қуып жету өте қиын, тіпті мүмкін де емес сияқты.

Ал егер ертең «Қайрат» жеңсе, онда екеуінің арасы төрт ұпайға дейін қысқарады (ойдағы матчпен жеті дейік). Ел біріншілігінің екінші кезеңіндегі Алматыда өтетін қарымта матчта алаң иелері жеңсе, онда бәсеке көрігі одан әрмен қыза түседі.

Әрине, 15 қыркүйектен бастап Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі ойындарын өткізетін «Астанаға» бар мәселені ертең шешіп тастаған – ыңқайлы да, ұтымды. Өйткені Еурокубок аясындағы матчтарын өткізу үшін Батысқа ұшып барып-келу көп уақыт пен күш-жігерді алады.

Батыс пен Астана арасында ұшақпен ұшып жүріп, титықтаулары – әбден мүмкін. Яғни алдағы ойындарда «Астананың» сүрініп, ұпай жоғалтуы – ықтимал. Оған күмән келтірудің де қажеті жоқ сияқты. Ал «Қайрат» бар күш-жігерін тек ел чемпионатына жұмылдырады.

Сонымен ертең – көшбасшылар “шайқасы”. Қайсысы жеңеді, қайсысы айласын асырады, оны тек жасыл алаңдағы матч көрсетеді. «Астана» ма, «Қайрат» па? Стойлов, әлде Цхададзе? Максимович пе, Исламхан ба? Мұжықов, әлде Исаэл? Каньяс па, Қуат па? Твумаси, әлде Тимощук? Логвиненко ма, Маркович пе? Кабананга, әлде Гоу? Шомко ма, Сүйімбаев па? Нөсербаев, әлде Аршавин?..

Негізі, екеуі биыл ел чемпионаты аясында екі рет кездесті. 1 мамыр күні елордада өткен ойында 1:0 есебімен «Астана» жеңді. Ал 23 маусым күні Алматыда ысқырығы безілгене матчта дәл осындай есеппен «Қайрат» есе қайтарды. Енді үшінші – кездесу.

ХХVІ тур

10 қыркүйек, сенбі

«Астана» – «Қайрат»

«Ақжайық» – «Тобыл»

«Тараз» – «Жетісу»

«Шахтер» – «Атырау»

11 қыркүйек, жексенбі

«Оқжетпес» – «Ақтөбе»

«Ертіс» – «Ордабасы»

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика