Қазақ халқының тарихындағы ащы қасіреттен Құдай сақтасын, бірақ мақалама осындай тақырып қойып отырмын. Оқырман қауым, сол үшін бірінші кезекте сіздерден кешірім сұраймын. Бәлкім, «эмоциялық бояуы басым, кекесін де бар» дерсіз. Жо-оқ! Жас буынға қазақтың сөздерінің еттен өтіп, сүйекке жететіндігін ғана – меңзеу..
Егемендігімізге қол жеткізіп, экономикамыз «тәй-тәй» басып, еңсемізді енді көтере бастағанда Қазақстан футболында «көш-қон» көп еді. Футболшылар бір командадан екіншісіне топ-тобымен ауысатын. Жөңкілген сол қалың нөпірдің арасында бапкерлер де болатын. Қай команда да ақша бар, қай клубтың демеушісі қалталы, жақсы ойыншылардың бәрі – сонда.
Айтпақшы, тоқсаныншы жылдары жүлдегерлер сапы жыл сайын өзгеретін. Оны бәсекелестіктің жоғарылығынан деп айту қиын...
Уақыт өте, жағдайымыз түзеле келе, ел футболына тұрақтылық орнамаса да, оның нышаны сезіле бастаған. Футболшылардың бір командадан екіншісіне лек-легімен ойысулары саябырлаған деуімізге де болады. Әрине, трансферлік кезеңде ойыншылар ауысуы болып тұрды, толастаған жоқ. Бірақ шектен тыс көп емес-тін.
Алайда футбол клубтары негізінен облыс орталықтарына немесе әр аймақтың ірі мегаполистеріне ойысып, қоныс тепті. Тіпті 90-шы жылдары жүлдеді орындарға сына қағып жүрген «Батыр» (Екібастұз), «Горняк» (Хромтау) секілді клубтар көзден таса болды. Әу баста ел чемпионатының ең жоғарғы лигасына қос-қостан бірнеше команда қосып жүрген Алматы мен Шымкент те бар қаржы-қаражаттарын бір клубқа ғана жұмсауға көшті.
Ал соңғы жылдары отандық футбол клубтарының біразы тыныстары тарылып, қайтадан қаржы тапшылығын бастарынна өткере бастады. Мұның аяғы «ұсақ-түйек» бірнеше клубтың жабылып қалуына ұласты. Облыстар орталықтарының бюджеттеріне телмірген қайсыбір клубтар біріктірілді де...
Биылғы маусам аралығындағы жағдай жылдағыдай емес. Күрмеуі күрделі мәселе көп. Алдағы маусымда қай клубта ойнайтындарын білмей, зыр қағып жүрген футболшылар да баршылық. Тағы да топ-тобымен, лек-легімен команда өзгерту байқалады. Мысалы, «Ақтөбе» клубы өткен жылғы ел біріншілігі аяқталысымен бір топ футболшысын трансферге қойды.
Қалай десек те, әйтеуір биыл көп ойыншы әр түрлі жағдайлармен клуб ауыстыруға мүдделі болып отырған сияқты (Бұған алдағы күндері жарық көретін мақаламызда тоқталамыз). Әйтеуір, бір клубтан екіншісіне жөңкілген футболшылар көп. Мұны апта сайын өзгеріп тұратын мына кестеден біліп отыра аласыздар.